ЭКСПО аумағындағы үйлер жылдық 3 пайызбен 12 жылға бөліп төлеу арқылы сатылады
ЭКСПО-2017 аумағында орналасқан тұрғын үйлерді сату қайта басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске салсақ, 2018 жылдың 16 қаңтарынан бастап жылжымайтын мүлікті сатып алуға өтінім қабылдау уақытша тоқтатылған еді. ОКҚ-да өткен бүгінгі баспасөз мәслихатында «Бәйтерек девелопмент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асқарбек Өсербаев тұрғын үйлерді өткізу 15 ақпаннан бастап сатудың жаңа механизмі іске қосылғанын хабарлады. Нақтырақ айтқанда, компания ЭКСПО аумағындағы тұрғын үйді халыққа жылдық 3 пайызбен 12 жылға бөліп төлеу арқылы өткізуді көздейді. Жаңа механизм бойынша тұрғын үйді сатып алу үшін сатып алушы келесі шарттарды орындауы керек: 1) Төлем қабілетін растау; 2) Тұрғын үй құнының 20 пайызынан кем болмайтын мөлшерде бастапқы жарна салу; 3) 3 айлық төлем мөлшерінде кепілдік жарнасын салу; 4) Сатып алынған тұрғын үйді бөліп төлеу кезеңіне сақтандыру. «Төлемді бөліп төлеу механизмі бойынша тек 1 пәтер және 2-ден аспайтын көлік тұрағының орындарын сатып алуға болады. Сатып алу-сату шарты бойынша төлемді бөліп төлеу мерзімі өтініш берушінің 70 жасқа толуымен шектеледі.
Бүгінгі таңда «Бәйтерек девелопмент» АҚ жаңа механизмінің негізгі шарттарын пысықтауды аяқтап, қажетті ішкі құжаттар бекітілген. Өтініш беруші процесін автоматтандыру және өтініш берушінің төлем қабілеттілігін тексеру іс-шаралары аяқталу кезеңінде тұр», — дейді Асқарбек Өсербаев. Өтініш берушінің өтінімі бұрынғыша Digital Baiterek порталы арқылы жүзеге асырылады. Өтініш берушінің жаңа механизмді таңдауы үшін «төлем тәсілі» бағанында «бөліп төлеу арқылы өткізу» қызметін көрсетуі және қаржылай мүмкіндігіне қарай бастапқы жарнасының мөлшерін өзі белгілеуі қажет. Өтініші берушінің төлем қабілеттілігін есептеу «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банк» АҚ электрондық платформасы арқылы жүзеге асырылады. Өткізудің жаңа әдісінің енгізілуіне қарамастан тұрғын үйді бұрын қолданылған механизмдері бойынша: жеке қаражаты есебінен немесе ЕДБ қары қаражатын алу жолымен (ипотекалық несиелеу) сатып алуға болады. Сатуға ұсынылатын тұрғын үйлерден 193 пәтер «7-20-25» бағдарламасының шарттарына сәйкес келеді.