Ағаның аппақ жүрегі

Ағаның аппақ жүрегі Білім

Әр жылдары мектеп бітірген түлектердің өз ерекшеліктерімен есте қалатыны бар. Әсіресе, осыдан 61 жыл бұрынғы біздің  мектептің түлектері, бүгінде қария жасына жеткен аға ұрпақ өкілдері жайлы сөз қозғамақпыз.

Ағаның аппақ жүрегі

Біз әңгімеге  арқау  еткелі отырған түлектің бірі – Задош Құсайынов. Ол Жайық бойында 1935 жылы дүниеге келіп, нағашы атасының тәрбиесін көрген. Кішкентайынан ойлағанын жүзеге асыруға талпынған зерек бала болып ер жетті.

Соғыс салған ылаң Задош ағамызды да айналып өтпеді. Мектеп табалдырығын 1945 жылы, өз замандастарынан 2-3 жыл кейін аттаған екен. Бірақ, оның қамқоршысы Пангерей Құсайынов мұнай барлаушы болғандықтан, облыс көлемінде жиі қоныс аударып Мақат, Жылыой, Новобогат аудандарында мұнай барлау жұмыстарында болады. Бала Задош та бір мектептен екінші мектепке ауысып жүріп оқи береді.

Сөйтіп, бесінші класты кезіндегі Новобогат ауданы орталығындағы қазіргі  Ғ.Мәсәлімов, бұрынғы Амангелді атындағы орта мектепте оқиды. Ұлағатты ұстаз, дарынды музыкант, орыс тілі пәнінің мұғалімі Ғибатолла Мәсәлімов оның сынып жетекшісі болған. Бала Задоштың сурет салуға бейімділігі, музыкаға қабілеті ерекше болатын. Қабілетті шәкіртіне ұстазы өз мандолинасын сыйлайды. Оны шәкірті 70 жылдай құрметтеп ұстап, өткен жылы мектеп бітіргендеріне 60 жыл және қадірменді ұстазы Ғибатолла Мәсәлімовтің туғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған шарада тебірене сөйлеп, сол аспапты ұстазының ұрпағы Ғибатоллақызы  Болғанға  қайта  табыстады.

Өмір соқпағының ауыртпалығына түскен Задош ағамыз өзі ойлаған дәрігерлік мамандығына қолы кештеу жетеді. Ауыл баласының орыс тілін жетік білмеуі оны көп кедергілерге тап қылады. Орыс тілін меңгеру үшін әдейі токарьлық мамандықты игеріп, бұрынғы Гурьев қаласындағы №441 мұнай айыру (қазіргі АМӨЗ) зауытында жұмыс жасап, жатақханада орыстармен бірге орыс тілін қажырлылықпен игереді. Содан кейін ақыры Алматы медицина институтынан тіс дәрігері мамандығын алып шығады. Мамандығы бойынша Алматыда, Қарағандыда, Ақтауда қажырлы да абыройлы еңбек еткен. Республикалық стоматологиялық орталықта білікті маман ретінде танылып, оны жиырма жылдай басқарды. Алматыға келген СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Л.И.Брежневтің тіс протезін тез арада ойдағыдай етіп қайта жасап бергені Задоштың мерейін одан әрі өсірген.

Сол бір әсерлі де тебіреніске  толы түлектер кездесуінде Задош аға ұстазы Ғ.Мәсәлімовтің портретін майлы бояумен салып, мектепке тарту етті. Сол жылғы мектеп бітірушілердің күшімен мектеп ауласына Ғибатолла ағамыздың мәрмәр тасқа ойып салынған ескерткішін де орнатып берді. Түлектер ескі мектептің фотосын да тауып, (ол заманда фотограф көп болмайтын) бұрынғы тұрған жеріне ескерткіш етіп орнатты. Шәкірт пен мектеп арасындағы байланыстың ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор.

Задош ағамыз мектеп түлектерінің үш кездесуіне де Алматыдан өз көлігін жүргізіп келіп еді. Жол апатына ұшырап, Қарағандыдан Алматыға дейінгі жолда кездескен үлкен жүк машинасының адамдарының селбеуі арқасында ауылға аман жеткенін білеміз. 80 жасында тәуекелге барып, көлікті өзі жүргізіп туған ауылына келуі – мектебіне, сыныптастарына деген риясыз көңілі ғой. Жора-жолдастары Задош аға туралы кітап та шығарды, біздің оқушыларымыз оның өмір жолдарынан қойылым да қойып жүр. Айықпас дертке шалдыққан Задош ағамыз 81 жасқа толған шағында бақиға аттанды. Аймағымыздың түкпір-түкпірінде жүрген достары жиналып басына топырақ салды, Алматыдағы Ащыбұлақта дұғаларын бағыштады.

Мектебімізді 1955 жылы бітірген түлектердің қай-қайсыда өмірден өз орнын таба білген азаматтар болып қалыптасты. Мектеп бітіргендеріне 40-50-55-60 жылдарын атап өтіп, жылдар өткен сайын қатарлары сиресе де бір-біріне деген сағынышты, қимастық сезімдерін риясыз бөлісушілер ретінде аттары ел ішінде құрметпен аталып жүр. Өткен жылғы мектеп бітіргендеріне 60 жылдық кездесуде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Задоштың сыныптасы Қатимолла Ризуанов ағамыз бастап, сыныптастары қостап, мектебімізге су жаңа автобус сыйлаған еді.

Сондай-ақ, мектептің елуінші жылдардағы оқытушысы, кейін директоры, небәрі 35 жыл өмір сүріп, 1960 жылы дүниеден өткен Ғибатолла Мәсәлімовтің есімі белгісіз болды. Сондықтан, орталықтан қолдау таппады. Одан соң Аманкелді Имановтың есімін жергілікті азаматтың атына алмастыруға да ономастикалық орталық қарсы болды. Алайда, түлектер қолдауымен, мектептің атауы өзгерді.

Мектебіміздің мәртебесін асқақтатқан осындай ел азаматтарын әрдайым мақтаныш етіп, жүрегімізді қуаныш сезімі билейді.

Амантай  ЖАЛЕКЕЕВ,

Ғ.Мәсәлімов атындағы

орта мектептің директоры.

Исатай  ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз