Шымкентте жүзден астам немере, шөбересі бар 112 жастағы әжей тұрады
Жүзден астам немере мен шөбере сүйіп отырған бақытты әжей Шымкентте тұрады. Қазір жасы 112-ге келген әжей Шымкент қаласындағы Абай ауданында тұрып жатыр.
«Гүлчечек Колаеваның отыз немересі мен сексен шөбересі бар. Кейде шөбере санынан әулеттің өзі шатысып жатады» деп хабарлайды NUR.KZ «Замана» басылымына сілтеме жасап.
Сұрапыл соғыс жылдары қазақ жеріне жер аударылып келген Гүлчечек Колаева жұбайы Ахмед Колаевпен бірге төрт бала тәрбиелеп өсірген. Қазір әжейдің ең үлкен қызының өзі 82 жаста. Ұлдары алпысты алқымдаған. Кенже қызы Қаймақ бақилық болыпты.
Ғажабы сол, ғасыр жасаған әжей әлі күнге дейін тың. Есту, көру қабілеті жақсы сақталған. Ешкімнің көмегінсіз өздігінен жүріп-тұра алады. «Анамыз ерекше бір диета сақтамайды. Күнделікті біз әзірлеген асты тұтынады. Десе де, анамыз сүті бар қою шайды ішкенді жақсы көреді. Әдетте қант орнына наватты тұтынады» дейді әжейдің 62 жастағы келіні Хана Ахмедова.
Депортация жылдары Кавказ жерінен қазақ даласына келген әжей қиын кезеңдері колхоз, совхоз құрамында еңбек еткен. Бүгінде ұрпақ қызығына бөленіп, тұтас әулеттің берекесін арттырып отырған әжейге шымкенттіктер бата алу үшін жиі келіп тұрады.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.