
Тегін дәрі үшін – смс хабарлама
Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі пациентке тегін дәрімен қамтамасыз етілгені туралы смс хабарлама жолдайды. Қазақстанда үш миллионға жуық адам осындай қызметтің ақпараттық жүйесіне енді.

Аталған министрліктің мәліметінше, бұрын дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдар ақысы дәрігер жазған рецепт бойынша төленіп келсе, ендігі уақытта дәрі қолма-қол рецептілерге ғана беріледі. Атап айтқанда, пациент дәріні алған кезде тиісті құжаттарға қол қояды. Содан кейін төлем туралы мәлімет «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» жүйесіне енеді.
Хабарлама былтырғы қараша-желтоқсан айларында тегін дәрі-дәрмек алғандар тізіміне енгендерге жіберіледі. Мұнда дәрі-дәрмектің берілген күні мен атауы көрсетіледі. Егер пациент препараттарды алмаған болса, смс хабарламаға жауап ретінде «0» цифрын жолдайды немесе «СК-Фармация» ЖШС-нің 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалуға болады.