Сенатта өткен жиында бала туғаны үшін ипотеканы өтеу ұсынылды
«Қазақстан жастары конгресі» заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Тоқтар Болысов бала туғаны үшін ипотека қарызын өтеуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, көп балалы аналардың жәрдемақысын бірнеше есеге өсіріп, өңірдегі орташа жалақымен теңестіру керек.
«Жас отбасы ипотека алғаннан кейін, бірінші сәбиі дүниеге келгенде, ипотекалық қарызы 25 процентке төмендесін. Екіншісі туғанда тағы 25%-ке, үшінші баласы болғанда тағы 25%-ке. Ал төртінші бала туып, отбасы көп балалы атанғанда, мемлекет қарызды толығымен жапсын», — деген ұсыныс тастады Болысов Сенатта өткен дөңгелек үстелде.
Мемлекет жеңілдік ұсынған жағдайда, тым қымбат пәтерлерді сатып алуға жол бермес үшін бір адамға 18 шаршы метр пайдалы тұрғын үй аумағын бөлу ұсынылды.
«Алғашқы екі пункт жүзеге асқаннан кейін ата-аналардың жауапкершілігіне қатысты заңнаманы қатаңдату керек. Көп балалы отбасыларға жағдай жасалғаннан кейін ғана, балалардың құқығын қорғау саласы қатаң бақылауға алынуы тиіс», — деді ол.
Сонымен қатар, Болысов мектептерде психологтар даярлау мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, бүгінде психологтардың біліктілігі төмен.
«Білім беру мекемелерінде психологтарды оқыту мен олардың мәртебесін қайта қарау қажет. Тек сонда ғана жастар арасындағы қылмысты азайта аламыз. Ал, қазір ол барлық қылмыстың 50 процентін құрап отыр», — деді ол.