Индерде көп қабатты 31 тұрғын үй салынады деп күтілуде

2019 02 06 whatsapp image 2019 02 06 at 15.56.40 1 Жаңалықтар

Индер ауданының әкімі Мейірім Қалауидың өңірдің  2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2019 жылдың міндеттері талқыланған есеп беру жиынына облысы әкімі Нұрлан Ноғаев пен  орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, ардагерлер кеңесі мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері және бұқаралық  ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

2019 02 06 whatsapp image 2019 02 06 at 15.56.40 1

Өнеркәсіп  өнімінің көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда   131 млн. теңгеге немесе 5,8%-ға кеміді. Оған ауданда темір жол арқылы жүк тасымалымен айналысатын «Индер темір жолы» ЖШС жұмысының  уақытша тоқтатылуы себеп болып отыр.

Шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындардан 1410  гектардан 23604 тонна бақша өнімдерін жинады. Оның 390 гектарына тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Өңірдегі  65 шаруашылық құрылымына 55 млн. 982 мың теңге сомасында  субсидия төленді. Сонымен бірге,  343 200 га жайылымның 71,8% жері электронды картаға енгізілді.

Аудандағы 14 елді мекеннің 11-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Қалған үш  елді мекен (Кетебай, Ақтан, Қызылжар) жер асты ауыз суын және тасымалдау арқылы тұтынуда. Бұл елді мекендерді тұрақты су жүйесіне қосу үшін құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

2019 02 06 whatsapp image 2019 02 06 at 15.56.41

Алдағы екі жылда  192 көшені қамтитын 95,2 шақырым автокөлік және  55,5 шақырым  жаяу жүргінші жолдарын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Осыған байланысты 8 нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалыпты.  Аудан орталығы – Индербор кентіндегі 70-ке жуық көп қабатты үйдің алғашқыларының салынғанына алпыс жылдан асса, соңғыларының бой көтергеніне де жиырма жылға таяған. Тозығы жеткендіктен бұлардың дені күрделі жөндеуді және аумағы мен ауласын абаттандыруды қажет етеді. Бұл бағытта белгіленген жұмыстарды қаржыландыру мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен ұйымдастыру көзделген. Осылайша, қазірдің өзінде 31 көп қабатты тұрғын үй мен алаңшаларына қатысты  жобалау-сметалық құжаттамалары жасалып, қажетті қаражатқа сұраныс берілген.

2019 02 06 whatsapp image 2019 02 06 at 15.56.41 1

−  Елбасымыздың беріп отырған тапсырмасы –  халықтың әл-ауқатын көтеру, тұрмыс-жағдайын одан әрі жақсарту. Оған барлық жағдайымыз, қолдан келер мүмкіншілігіміз де бар. Ауқымды мәселелер көтерілді.  Оны біз алдағы уақытта жүйелі түрде іске асыра беретін боламыз.

Әркім де алдымен өз мүлкіне жауапты болуы, өз үйінің айналасын абаттандыруға қатысуы тиіс. Индер – мал мен егін шаруашылығын дамытуға қолайлы  өңірдің бірі. Бірақ, біз оны әлі де  игере алмай отырмыз. Бұл да болашақта ойда болатын басты мәселе, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Сіз не дейсіз?

Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ,

ақын, Индер ауданының Құрметті азаматы:

– Махамбет батыр мазары жанынан үлкен киіз үй үлгісіндегі кешен салу келешекте қолға алынып, іске асса жақсы болар еді. Тауға қарай шыққанда Д.Қонаев төбесі, одан әрі Тұздыбұлақ, Қожа бейіті, Қыз әулие, Махамбет, Малайсары, Мұрат, Жиембет бар. Осы жерлерді аралату үшін туристік соқпақты қаржыландыру жүзеге асырылуы керек-ақ.

Ғайни ҒАБДУЛЛИНА,

білім беру саласының үздігі:

– Біз қолда барды күтіп-ұстауға мән бермейтін болдық. Мәселен, орталық көпірдің жөндейтін тұстарының барлығын байқап жүрміз. Ал, бұл көпір – қатынастың күретамыры. Сондықтан, оның бүлінген, сынған жерлерін дер мезгілінде жөнге келтіргеніміз дұрыс. Елді мекен мен көше тазалығын сақтау, көркейту, көгалдандыру, Индербор кентін абаттандырып, адамдар демалатын орынға айналдыруды ұмытпау керек. Тағы бір айтпағым, ауданның білім беру саласының  бастауында тұрған 12 ағартушы ардагер аға-апаларымыздың есімдерін есте қалдыру мақсатында  ескерткіш-белгі орнатылса деген ойым бар.

Алтыбай ЕРМҰХАНОВ, халықаралық дәрежедегі бокс арбитрі:

– Ауылда бокс, басқа да спорт түрлерін дамытуды тұрақты жолға қою үшін арнайы жаттықтырушы-бапкер штаты ашылғанын қалаймын. Өйткені, бізде спорт үйірмесіне барғысы келетін бала көп. Сондықтан, спорт нысандарының  материалдық-техникалық базасын нығайтса, артық болмас еді. Талай спорт саңлақтары шыққан ауданымыз оның қай түрінен де алда болуы үшін  көмек көрсетуге дайынбыз.

Талғат ҒАБДОЛЛА, жеке кәсіпкер:

– Аудан көлемінде көліктердің қозғалысын ретке келтіру, әсіресе, «Атырау–Индер» тасжолының  күтіп-ұсталуына ұдайы көңіл бөлу қажет. Бұл үшін осы жолмен  жүретін ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылап, жылдамдықты арттыруына, шекті шамадан артық жүк тасымалдауына шектеу қойған жөн. Осы орайда жүк көліктерінің  қозғалысын автоматты түрде қадағалауға мүмкіндік беретін GPS-навигатор құрылғысын орнатуды ұсынамын.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз