Жалақы қарыздарын нотариус арқылы өндіруге болады
— Қазақстандықтар жалақы қарыздарын өндіру мәселесін сот арқылы ғана емес, нотариустың көмегімен де шеше алады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Жоғарғы сот судьясы Ұлболсын Сүлейменованың айтуынша, бүгінде жұмыс берушіден жалақы қарыздарын өндіру бойынша тиісті құжаттарды жылдам алуға болады. Ол үшін сотқа жүгінудің қажеті жоқ. Себебі аталған мәселе нотариустардың құзіретіне де берілген. «Күні кеше Мемлекет басшысы еңбек қатынастары саласындағы дау-даймайларға баса назар аударып, жалақы бойынша қарыздарды өндіру мәселесін көтерді. Осы орайда айта кетер жәйт, бүгінде біз жалақы қарыздарын өндіру шараларын орындау жазбасына ауыстырдық. Оны нотариустар арқылы жасауға болады. Осының арқасында xалық жалақы қарызы бойынша барлық мәселені жылдам шеше алады. Себебі бүгінде кез келген аулада нотариус бар. Ең бастысы, қажетті құжаттар болуы керек. Жалақының жазылғанын, ол адамның нақты жұмыс істегенін және ақшаның берілмегенін дәлелдейтін құжаттар болса, нотариус орындау жазбасын рәсімдеп береді. Сосын нотариустар да осы мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарауға тиіс. Орындау жазбасына қажетті құжаттар жетпей жатса, адамды жай қайтара салмай, ақыл-кеңес беру керек, нақты қандай құжаттарды әкелу керектігін айтқан жөн», — деді Ұ.Сүлейменова Астанада өткен жиында. Судьяның сөзіне қарағанда, сот шешіміне қарағанда орындау жазбасын жылдам жасап алуға болады. Ал осы екі құжаттың заңды күші бірдей, екеуі де сот орындаушылары арқылы іске асыруға жатады. ҚазАқпарат тілшісіне сұxбат берген Ұ.Сүлейменова орындау жазбасын рәсімдеудің тәртібін түсіндіріп берді. «Нотариус алдымен құжаттарды тексереді. Барлығы дұрыс болса, орындау жазбасын рәсімдеп, бір данасын жұмыс берушіге жібереді. Ол өз кезегінде он күн ішінде өз қарсылығын білдіруге құқылы. Қарсылық болса, екі жақ сотта кездеседі. Ал қарсылық болмаса, орындау жазбасы сот орындаушыларға жіберіледі. Негізі, соттың бұйрығы да солай жасалады. Бірақ оған үш күн кетеді. Ал нотариус бірден орындау жазбасын рәсімдеп бере алады. Орындау жазбасы болсын, сот бұйрығы болсын, екеуінің заңды күші бірдей. Сот орындаушылары екеуін де орындауға міндетті», — деп атап көрсетті Ұ.Сүлейменова. Айта кетейік, кеше Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еңбек қатынастары саласындағы дау-дамайларды реттеу мәселесін көтерді. «Прокуратура жұмысшылардың құқықтарын бұзуға қатысты 37 мың фактіні анықтады. Соның ішінде жалақы бойынша қарыздар да бар. Ол үшін жұмыс беруші жауап беруі керек. Ондай заңбұзушылықтарға жол беруге болмайды. Әкімдер қайда қарап отыр? Бұл сіздердің жұмыстарыңыз ғой», — деді Н.Назарбаев. Осы орайда Мемлекет басшысы Бас прокуратура мен Жоғарғы сотқа ондай істерді жіті қадағалап отыруды тапсырды.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/zhalaky-karyzdaryn-notarius-arkyly-ondiruge-bolady-zhogargy-sot_a3493579