Аяқ астында «алтын» жатыр
Биылғы 1 қаңтардан бастап елімізде пластмассаны, қоқыс пен қоқыс қалдықтарының барлық түрін көмуге тыйым салынды. Осыған байланысты облыста шығарындыларды өңдеу, кәдеге жаратуға ерекше маңыз берілуде. Мәселенің мәнісі неде?
Қоқыстың көлемі – 230 мың тонна
Теледидардан Жапониядағы қоқыс өңдеу технологиясын көрсетіп жатыр. Шағын бекеттің іші тап-таза. Тұрғындар тұрмыстық қалдықты әр жәшікке текшелей салып, мұқият тапсыруда. Еденде бір тал қиқым жоқ. «Қайта өңдеудің нәтижесінде біз барлығын қажетке жаратамыз» дейді жапондық маман. …Бұл көрініс біз үшін болашақта таңсық болмайтын секілді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстанның айтуынша, жыл сайын Атырау облысында 230 мың тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарылады.
– Былтыр Атырау қаласында полигонға 81,7 мың тонна қалдық шығарылса, соның 18,3 пайызы немесе 15 мың тоннасы сұрыпталды. Бұрын оның мөлшері төмен еді. Бұдан жыл сайын полигонға шығарылатын қалдық азайып, сұрыптау көлемі өскенін аңғару қиын емес. Аудан орталықтарында да қалдықтарды сұрыптау біртіндеп қолға алынуда, — дейді басқарма жетекшісі.
Аймақта қалдықты кәдеге жаратуға байланысты жобалар бар. Мәселен, 2015 жылдан бері «Первомайский» ЖШС органикалық қалдықтарды (көңді) қайта өңдеудің инновациялық әдісін қолдануда. Өндірістің қуаттылығы тәулігіне 4 тоннаны құрайды. Малдың күбірі таптырмас тыңайтқыш болғандықтан, оған сұраныс та жоғары. Серіктестік 500 келісін сатып, қалғанын өндірістік қажеттілігіне жұмсауда. Ал, «Алмалы құс» фабрикасы «Жасыл энергияны өндіру» инновациялық жобасын қолға алып отыр. Бұл іске қосылған кезде жылына 200 мың тонна органикалық тыңайтқыш, 1 мВт электрэнергиясын және өндіріске пайдалануға қажетті жылу энергиясын шығара алады.
Қалауын тапса, қалдық кәдеге асады
Қалалық қоқыс полигонына тәулігіне 300 тоннаға дейін қоқыс шығарылады. Соның ішіндегі пластик, шыны, қағаз және картон түрлері сығымдалған күйде Алматы, Шымкент қалаларына, сондай-ақ, Ресейге қайта өңдеу үшін жіберіліп жатыр. Қалған бөлігі құрылыс материалдары өндірісінде қолданылуда. Облыс орталығындағы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу жұмысын шыр айналдырып отырған кәсіпкер, мекемелер қатарында «Куркутов Н.К.», «Қайдаров Ә.», «Дармен», «Григорьева Н.» жеке кәсіпкерлігі мен «Элит Оперейшн», «Альтайыр Групп», «Экорециклинг» және «Экопластик» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар.
Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл «мұнайлы астанада» қоқыс полигонында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға арналған цеx іске қосылады. Қазір инвесторға қажетті жабдықты сатып алуға қаражат бөлініпті.
– Жаңа цех тәулігіне 100 тонна қоқыс өңдеуді жоспарлап отыр. Жаңа жобаның арқасында шамамен 70 адам жұмысқа орналасады, — дейді «Арнаулыавтобаза» ЖШС директоры Алмас Ізтілеуов.
Қалада пластикалық қалдықтарды жинауға арналған 300 контейнер орнатылған. Жыл ішінде оларды 500-ге дейін арттыру жоспарлануда. «Бұдан басқа, биылғы жылдың наурыз айында тұрғындарға ыңғайлы болу үшін пластик, қағаз және шыны қабылдау үшін 10 нүкте ашылады. Қоқыс жинауға арналған контейнерлерге қоса барлық жерлерде шыны тастайтын контейнерлер орнатылады. Осылайша, Атырау тұрғындары біртіндеп қоқысты бөлек жинауға көшеді» дейді Алмас Ізтілеуов.
Жаңа полигон қашан салынады?
Шаһардың аумағы ұлғайған сайын қоқыстың көлемі де өсуде. Сондықтан, тұрмыстық қатты қалдықтар үшін жаңа полигон салу қажеттілігі туындады. Осы мақсатта Махамбет ауданының Алмалы ауылдық округі аумағынан 50 гектар жер телімі бөлініп, жобалау-сметалық құжаттары толық жасақталыпты. Қазір бұл жоба сараптамадан өтуде. Оның құны 4,6 млрд. теңгені құрайды. Сонымен қатар, ескі полигонды қалпына келтірудің мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
– Жеті ауданның орталығы мен ірі үш елді мекенде (Сағыз, Котяевка, Сүйіндік) жалпы құны 5,4 млрд. теңгені құрайтын жаңа полигондар нысандарының жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде, — дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан.
Тұрмыстық қалдықтан түрлі бұйым шығаруға болады. Оған өркениетті елдердің тәжірибесі дәлел. Аяқ астында жатқан «алтынды» алуға ұмтылыс осы мақсаттан туса керек.
Азамат БАЗАРБАЕВ.