Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Ауған соғысы ардагерлері оқушылармен кездесті

Ауғанның отты жылдары. Атырау қалалық мектеп-лицейінде ұйымдастырылған Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына байланысты ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші  осылай аталды. Шараға интернационалист жауынгерлер Мұрат Қармышев, Бауыржан Хайруллин, Мұратбек Кенжеахметов, Құндызбай Құсайынов, «Ауған соғысындағы атыраулық жауынгерлер шежіресі» энциклопедиясын құрастырушы Айгүл Ермекова  қатысты.

SAM 1828

             Жас ұландарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатын басты нысана етіп алған кеште жауынгер-интернационалист, ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлдың «Қазақтың «Қара майоры», «Оқ пен Отан» кітаптарынан өлеңдер оқылды. Аманкелді Жантасовтың «Жартасты жастанған жасақ» кітабынан алынған үзіндіден шағын сахналық қойылым көрсетілді. Мектепте әскери-патриоттық тәрбиенің мықты екені оқушылардың осы скетчте шебер ойнауынан, әртістік қабілеттерінен көрінді.

            Шара шымылдығы мектеп директоры Шынар Балғабайқызының алғы сөзімен ашылды. Одан кейін сөз алған ауған соғысының ардагері Мұрат Қармышев балаларды Отанды сүюге, ерлікке тәрбиелеудің бірден бір жолы —  ауыз әдебиетін санаға жастайынан сіңіру екенін айтты. «Батырлар жырынан» жатқа үзінді оқи отырып, отбасындағы тәрбие мен мектептегі білім беруді бір арнаға тоғыстырудың ең басты құралы фольклор екеніне тоқталды. Ауған жеріне аттанғанда небәрі он сегізге енді толған бозбала Отан алдындағы борышына адал болды. «Біз әскери қолбасшылықтың бұйрығын орындадық. Өйткені, әрбір кәмелеттік жасқа толған ер жігіт – Отан сарбазы. Ерлік дегеніміздің өзі от басын, ата-ананы, туған жерді сүюден басталады. Ол өзі қарапайым нәрсе. Күнделікті өмірде байқалмайтын досқа көмек көрсету, ата-ананы қамқорлау, жақсы оқу, үлкенді сыйлаудың өзі де — ерліктің бір түрі»,- деді Мұрат Кәкимұлы жас өрендерге. Ауған ардагері Бауыржан Хайруллин ауған даласындағы қантөгісті айта келіп, ендігі жерде тыныштық болсын деген тілегін айтты.

SAM 1730

          Ал, ауған соғысына қатысушы Құндызбай Құсайынов ауған жеріндегі әр басқан адымның қатерлі болғанын әңгімеледі. Бірде тау шатқалындағы жалғызаяқ сүрлеуден өтуге тура келеді. Жауынгерлер әр қадамын аңдап басу керек еді. Өйткені, шалыс басса, ол жердегі әр тас өлім, ажал хабаршысы іспетті болатын. «Дұшмандар» мина қойып кетуі де ықтимал-тұғын. Әлі есінде сол соқпақпен өтіп жатып жандарындағы эстон жігітінің аяғы жанындағы тасқа тиіп кетеді. Құлақты жарардай жарылыс болып, жаңағы жауынгердің екі аяғын жұлып әкетіпті. Қаруласын зембілге салып, госпитальға әкеле жатып: «Елге аман қайтамыз ба? Әлде бізді де осындай сынақ күтіп күтіп тұр ма?» деген ой жүрегін қарығанын да жасырмады.

         Жауынгер – интернационалист Мұратбек Кенжахметов те мектеп-лицей шәкірттерімен естеліктерін бөлісті. Қазіргі таңда Отан алдындағы борышын өтеуден қашатын да жігіттердің бар екенін айтып, қынжылды. Оның бәрі — тәрбиенің кемшіндігі, патриоттық идеологияның жоқтығының салдары.  «Әрбір бозбала өзінің туған жерін қорғауды ең бірінші орынға қойғаны дұрыс. Өз пікірін ашық айта алмайтын, жалтақ оқушыдан батыр шықпасы кәміл. Өз ойын анық жеткізіп, жүрегінде туған жерге деген махаббатты қастерлеп сақтайтын жастан шын мәнінде батыр шығатыны анық. Шыншыл болу керек. Қара басты ойламай, достың қамын ойлаған адамнан түбінде үлкен үміт бар. Біз де ауған жеріне барғанда бар болғаны он сегізде едік. Ата-ананың аялы алақанынан ажырап, соғыс даласына бір-ақ жеткізілген біз қаншама тозақты бастан өткердік. Жау оғынан жараланған жолдасымызды тастап кетуге болмайтын. Ол – опасыздық. Ми қайнатқан ыстықта, жау оғының астында өзің өлімші күйде тұрып, жолдасыңды құтқару – шын мәніндегі сынақ» деді Мұратбек Кенжахметов.

           «Ауған соғысындағы атыраулық жауынгерлер шежіресі» кітабының құрастырушысы Айгүл Ермекова да аталған энциклопедияны шығарудың оңай болмағанын айтты. Бірнеше жыл бойы әр ауданнан ауған соғысына қатысқан жауынгерлерді іздестіріп, тауып, олар туралы мәліметтер жинақтаудың өзі де жанкешті еңбек. Айгүл Әміржанқызы осынау еңбегін ауған соғысында қаза болған боздақтардың рухы үшін, қазіргі ортамызда жүрген ауған соғысы ардагерлерінің мерейі үшін, жас ұрпаққа осы бір қазақтың өрімдей жас жігіттерінің ерлігін айта отырып, ерлікке, Отанды сүюге тәрбиелеу үшін жазғанын айтты.

          Кездесуде оқушылар өздерін толқытқан сұрақтарды жолдап, ардагерлермен сыр-сұхбат шарасын одан әрі жандандыра түсті. Кеш шәкірттер орындаған патриоттық тақырыптағы концертке ұласты.

SAM 1757

   Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button