Атыраулық шахматшылар қоржынында – үш алтын, екі күміс, бір қола…
Павлодар қаласында шахматтан балалар және жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты болып өтті. Ой жүйріктігін қажет ететін осы бір спорт түрінен өткен додаға қатысқан атыраулық шахматшылар қанжығаларына үш алтын, екі күміс, бір қола медаль байлап қайтты.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 600-ден астам спортшылар шахматтың «Рапид», «Блиц», «Классика» түрлері бойынша өзара бәсекелесіп, жарыс қорытындысында, қарсыластарынан бір қадам озық шыққан жерлестеріміз Аят Абдуллаев («Классика»), Диляра Ғабитова («Рапид»), Зарина Нұрғалиевалар («Рапид») Қазақстан чемпионы атанды. Сонымен қоса, Зарина осы сайыста «Классика» және «Блиц» түрлерінен ақтық сында ғана есе жіберіп, тағы қос күмістің иесі атанды. Ал, қола медальді Зухра Сәрсенбі мойнына тақты. Айта кетерлігі, жүлдегер атанған спортшылардың барлығы да №1 мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің шахматшылары екен. Оларды халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жәнібек Аманов жаттықтырады.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ