Атырауда тарихи тұлғаларға монумент орнатылады
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде облыстық қоғамдық кеңес пен тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі комиссияның бірлескен мәжілісі өтті.
Жиында аймақ көлемінде орнатылуы жоспарланған қазақ халқының атақты үш биінің бірі Әйтеке Байбекұлына, ұлы ақын Абай Құнанбаевқа, «Ана құдіреті» ансамбліне, Құрманғазы Сағырбаев пен Мұрат Мөңкеұлына, Малайсары би және Халел Досмұхамедовке арналған ескерткіштер мен монументтердің ең үздік жобалары талқыланды.
– Көрсетілген жұмыстардың ішінен үздік деген екі-үшеуі іріктелуі қажет. Бұл жобаларды Атырау облысының тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі комиссиясы арнайы қарап, дауысқа салады. Оның ішінде ең үздік деп таңдалғандары республикалық комиссияға жолданады, — деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сабыр.
Жарияланған республикалық конкурс нәтижесінде сегіз ескерткішке барлығы отыз жоба келіп түскен. Оның төртеуі қала орталығына, екеуі Индер ауданына, қалғаны Қызылқоға мен Құрманғазы ауданына қойылады деп жоспарлануда. Жиналыста тарихи тұлғалардың ескерткішінің үлгісін ұсынған авторлар есімі айтылмады. Мүсіндердің төрт жағынан түсірілген суреті көрсетіліп, нұсқалары алты цифрлық санмен таныстырылды. Сондай-ақ, Қасым хан мен батыр ұшқыш Хиуаз Доспанованың ескерткіштері алдағы уақытта салынуы мәселесі де сөз болды.
Жиын соңында Атырау қаласы әкімінің орынбасары Полымбет Хасанов ескерткіштерді орнату үшін шаһарда қарастырылған жерлер туралы айтып өтті.
Гүлдана ЕРЛАНҚЫЗЫ