Атырауда республикалық Махамбет сыйлығы тапсырылды (+ФОТО)
ЮНЕСКО көлемінде 2003 жылы Махамбеттің 200 жылдығында берілгеннен кейін дауылпаз ақын атындағы сыйлық он бес жыл бойы тапсырылмаған екен.
Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен қолға алынған шарада қазақтың біртуар өнер иелері ұлы ақын атындағы сыйлықтың иегері атанды. Шараның шымылдығы облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевтің кіріспе сөзімен ашылды. Ең алғашқылардың бірі болып ақын, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Олжас Сүлейменов сахнаға шақырылды.
– Ұлықбек Есдәулетовтің бір өлеңінде «Мен – екіншімін» дейтіні бар еді. Қазіргі таңда өлең жазып жүрген жастар «Мен — біріншімін» деп жатады ғой. Ұлықбек сол сөзді өте тауып айтқан. Ұлы Абай, өзі ақын, өзі батыр Махамбет тұрғанда біз қайдан бірінші боламыз?! Қазақтың қазіргі ақындарының бәрі – екінші. Мен Махамбет атындағы сыйлықты алғаным үшін өзімді бақыттымын деп санаймын,- деді Олжас Омарұлы.
Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет те Махамбет сыйлығының лауреаты атанғанына қуанышын жасырмады. «Ақиқат аспанының алдаспаны, шындықтың шарболаты – Махамбет. Олай болса, бұл сыйлықты алу – біз үшін үлкен мәртебе» деді ол толқып тұрып.
Марапатталғандар қатарында опера әншісі Ғафиз Есімов, ақын Ақұштап Бақтыгереева, жазушы Қажығали Мұхамбетқалиев, композитор-дирижер Айтқали Жайымов, режиссер Амангелді Тәжібаев және басқалар бар.
Шара соңы «Нарын» ұлт-аспаптар оркестрінің концертіне ұласты.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.
Фото — Ерлан АЛТЫБАЕВ.