Атырауда нан бағасы бұрынғыша қалатын болды
Біз
бұған дейін нан бәсінің қымбаттауы мүмкін екенін жазған едік. Атырау қаласының
баспасөз қызметі қымбатшылықтың тек нанның көтерме бағасына ғана қатысты орын
алатынын хабарлады.
Атырау қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Дәулетовтің айтуынша, осыған дейін нанның көтерме бағасы 55 теңге болып келсе, енді 60 теңгеге көтеріледі. Ал, бөлшек саудада қазіргідей 65 теңге болып қала бермек. «Біз ірі сауда орталықтарының басшыларымен кездесіп, бағаны жоғарылатпауға келістік» дейді ол.
Айта кетейік, бүгінде Атырауда 14 наубайхана бар. Облыс орталығындағы тұрғындар саны – 338 139. Нанның айлық тұтыну нормасы 788 991 килограмды құрайды. Соның 25 пайызын «Дәулет Нан» өндірістік кешені өтейді екен. Мұнда тәулігіне 8 мың нан бөлкесіне дейін пісіріледі. Ал, Орал мен Ақтөбе қалаларында нан бағасы 75 теңге екенін айта кеткен жөн.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ