CАПАҒА САЛҒЫРТ ҚАРАМАЙЫҚ!..

Атырау қалалық тамыз мәслихатының түйіні осы болды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың«100 нақты қадам» Ұлттық  стратегиялық жоспарында атап көрсетілген білім беру жүйесін жетілдіру және педагогтардың біліктілігін арттыру мәселелері дер кезінде жарияланып, үлкен тарихи маңызға ие болып отыр.

 

Кеше Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында облыс орталығының ұстаздар қауымы жаңа оқу жылында ұстанар бағыт-бағдарды анықтады. Ел келешегінің қайнар бастауы — педагог мамандар мен оқушылардың алдағы бағыт-бағдарын зерделеп, бір жыл бойы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, сараптама жасады. Педагогтар түйінделген өзекті мәселелерді шешу үшін дәстүрге айналған білім беру қызметкерлерінің қалалық тамыз кеңесінде бас қосты. 

Кеңестің алғашқы сөзін алған облыс әкімінің орынбарасы Шыңғыс Мұқан осы салада жеткен жетістіктерге емес, кеткен кемшіліктерге көбірек тоқталды.

Бүгінгі күні облыс орталығындағы 71 балабақшаның 33-і – жеке меншікте.  Оның ішінде тек төртеуі ғана мемлекеттік тапсырыс алып отыр.

– Бұл – өте аз. Баланы тәрбиелеу – мемлекеттің абыройлы міндеті, әр бала үшін ай сайын қаржы жұмсалады. Мұны мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қолдау деп түсініп, оны әрі қарай жандандыру керек, – деп, аймақ басшысының орынбасары Шың-ғыс Жұмабекұлы  осы бағытта нақты тапсырмалар берді.

Күні бүгін қала бойынша 1-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту 62 пайызды құрап отыр. Яғни, облыста аудандармен салыстырғанда І орында келеді. Ал, 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту бойынша облыс орталығы ІІ орында.

– Дегенмен, облыста 20 мың бала мектепке дейінгі ұйымдарда кезекте тұр. Ал, оның тең жартысы — Атырау қаласында. Сондықтан, білім саласындағы балабақшамен қамту мәселесі күн тәртібінен түспейді. Сондай-ақ, қала маңындағы алты елді мекенде балабақша ашу қазіргі таңда көкейкесті болып отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары Ш.Мұқан.

Кейін мектептердегі проблемаларға тоқталған аймақ басшысының орынбасары адам демографиясының өсуі білім саласының жоспарына сай келе бермейтінін ерекше атады. Мәселен, соңғы жылдары тұрғындар көп қоныстанып жатқан Нұрсая мөлтек ауданында бірде-бір мектеп жоқ. Тек биыл ғана аталған аумақта бір мектептің құрылысы басталды. Сол сияқты, сол маңдағы Жұлдыз, Самал ықшамаудандарының да балалары мектептің жоқтығына байланысты Авангард ықшамауданындағы мектептерге баруға мәжбүр. Мысалға айта кетсек, жаңа оқу жылында Ж.Қаражігітов атындағы №16 орта мектеп бірінші сыныпқа баратын балаларға арнап 16 сынып ашқалы отыр. Жалпы, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл мектепке баратын балалар саны 2000-ға артып отыр.

– «Өрлеу» орталығы жыл сайын бірнеше педагогтың біліктілігін арттырып отыр. Бірақ, біз бұдан нәтиже көріп отырмыз ба? Мұғалімдердің білік-тілігін арттыру автоматты түрде оқушының білімін көтеруге ұласып кетуі керек. Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен бағаласақ, қала мектептерінде 207 бала «екілік» бағасын алған. Ал, мектептерде бұл балалар екі алды ма? Әрине, алған жоқ. Сондықтан, баланың білімін нақты бағалау — күн тәртібіндегі мәселе. Әр бала өзінің біліміне сай бағасын алуы керек. Қала мектептерінің тестке қатысушы 1430 түлегінің 73-і, яғни, 5,1 пайызы ғана білім грантының иегері болды. Жалпы, Атырау облысы – мемлекеттің білім грантына ие болатын ең төменгі облыстардың бірі. Сондықтан, өз-өзімізге салғырт қарамай, білім саласын дамытуды дұрыстап қолға алатын уақыт баяғыда келді. Қалада бұған барлық мүмкіндік бар, – деп, Шыңғыс Жұмабекұлы ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, облыс әкімінің Алғыс хаты және «Сарыағаш» шипажайына жолдаманы Татьяна Сухамлина, Дина Айтқожина, Салтанат Убдиянова және Әлия Бақтияроваға тапсырды.

Кеңеске қатысқан қала әкімі Нұрлыбек Ожаевтың айтуынша, ел экономикасының тұрақты дамуының нәтижесінде білім саласын қаржыландыру көлемі жылдан-жылға ұлғайып отыр. Білім мекемелері қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілуде. 

– Жергілікті бюджет есебінен бұрынғы «Ақбота» балалар үйінің ғимаратында 170 балаға бейімделген балабақшаның жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталады. Сондай-ақ, Геолог селолық округінде 160 орындық, Бірлік елді мекенінде 280 орындық балабақшалар құрылыстары аяқталып, қолданысқа берілгелі тұр. Облыс орталығындағы №14, Еркінқала, Қ.Смағұлов, Жамбыл, Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектептері күрделі жөндеуден өткізілді және №1, №14, №15, №23, Ғ.Мұратбаев, Ф.Оңғарсынова, №28, Т.Амандосов, Қ.Сәтбаев атындағы мектептеріне жапсаржай асхана құрылыстары басталды. Және Атырау қаласында алғаш рет математика-физика пәндерін тереңдетіп оқытатын лицей-мектебі ашылып, оқушыларды қабылдағалы тұр, – деген шаһар басшысы Нұрлыбек Жұмахметұлы математика және физика пәндерінен сабақ беретін мұғалімдердің жетіспеуі өзекті мәселе болып тұрғанын айтты.

Сонымен қатар, жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудағы ұстаздардың еңбегін бағалау мақсатында білім саласына өз үлесін қосқан №17 мектеп-лицейі «Үздік мектеп-2015» аталымын жеңіп алып, Алғыс хатпен және «Газель» автокөлігімен марапатталды. Келер оқу жылында пилоттық мектептер қатарына еніп отырған аталған лицей биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлерін шығарды. Сондай-ақ, «Үздік балабақша-2015» аталымы бойынша жеңіске жеткен №11 «Таңшолпан» балабақшасының директоры Салтанат Жеңісқызына қала әкімі Алғыс хат пен «Газель» автокөлігінің кілтін тарту етті. Ал, жас натуралистер стансасы шәкірттері өткен оқу жылында оқушылардың шығармашылық танымдарын шыңдау бағытында республикалық байқаулардың жеңімпазы атанып, Корея еліне халықаралық сайысқа қатысу үшін жолдама алған болатын. Осы жетістігі үшін аталмыш ұжым «Дарынды бастау — 2015» аталымы бойынша марапатталды. 

Бұған қоса, қала басшысы Н.Ожаев бірқатар ұстаздар – Сұңғат Фазылов, Валентина Карташова, Мәншүк Ибатова, Райхан Масабаева, Тәнзила Бегееваларға Алғыс хат пен 100 мың теңгенің сертификатын тапсырды.

Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Нұрсәуле Сайлауова мұғалімнің де, оқушының да білімін саралайтын Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі биыл ойдағыдай өтпегендігін сынға алды. Білім сынағында 22 «Алтын белгіге» үміткердің 5-еуі және «Ерекше үлгідегі аттестатқа» үміткер 15 оқушының 3-еуі ғана өз білімдерін дәлелдеген болатын. Және жекелеген пәндерден барлығы 207 екіліктің шығуы — бұл қала мектептеріндегі білім сапасының төмен көрсеткіші болып отырғанына ерекше назар аудару бүгінгі білім беру қызметкерлерінің бірден-бір міндеті екендігін атап өтті.

Кеңес барысында «Өрлеу» Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Маржан Ғалымжанова  мен №17 мектеп-лицей директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Елена Гец баяндама оқыса, облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шәкіржан Мырзағалиев және Қазіргі заманғы Каспий маңы қолледжінің директоры, қалалық мәслихат депутаты Бақытгүл Хаменова саланың бірқатар мамандарын құттықтап, марапаттады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз