Дүбірлі доп додасы

Ronaldo Жаңалықтар

Футбол жанкүйерлері төрт жыл бойы тағатсыздана күткен Әлем чемпионаты өз жалауын көтеріп, біріншіліктің салтанатты ашылуы Мәскеудегі «Лужники» стадионында дәстүрлі театрланған көрініспен басталды. Сахналық қойылымнан соң танымал британдық әнші Робби Уильямс пен ресейлік Аида Гарифуллина өз өнерлерін ортаға салды. Негізгі шара аяқталған соң ХХІ әлем чемпионатының алғашқы соққысын әлемге әйгілі бразилиялық шабуылшы Роналдо мен турнир талисманы Забивка атты қасқыр жасады. Айта кетерлігі, турнирдің ашылу салтанатына шақырылған құрметті қонақтардың қатарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та болды.

Tomas_Miuller._EPA,_Jon_Olav_Nesvold_d_850

Көршілес Ресейде басталған мундиалға әлемнің 32 құрамасы мен 736 футболшы қатысуда. Көпшілік көрермен көз тіккен  ойындар бір ай бойы Ресейдің 11 қаласы мен 12 стадионында өтеді.

Ашылу салтанаты аяқталысымен Ресей мен Сауд Арабиясы арасындағы алғашқы ойын басталды. Алаң иелері кездесуді ширақ бастап, ойын тізгінін бірден өз қолдарына алды. Осының нәтижесінде ойының 12 минутында ресейліктердің бұрыштама соққысынан басталған шабуылы Юрий Газинскийдің чемпионаттағы  алғашқы голды соғуымен аяқталды.  Осыдан соң көршілес елдің құрамасын тоқтату мүмкін болмады. Арабтардың адымын аштырмай, ойын соңына дейін олардың қақпасына жауапсыз тағы төрт гол соқты. Сөйтіп, қасиетті Рамазан айы оразасының соңғы күнін өтеп жүрсе де, ойын алаңына ауыздары берік күйінде шыққан  арабтар орыстардан 5:0 есебімен ойсырай ұтылды. Бұл ойында сондай-ақ, ресейліктерден Денис Черышев дубль жасап, Артем Дзюба мен Александр Головиндер  бір-бір голдың авторы атанды.

Ал, Әлем біріншілігінің екінші ойын күнін бастаған Уругвай мен Египет құрамалары арасындағы матч тартысты болды. Миллиондаған жанкүйерлер Египет құрамындағы атағы жер жарып тұрған Мохаммед Салахтың ойынын тамашалауға асыққан еді. Алайда, Салах чемпиондар лигасының ақтық ойынында алған жарақатынан әлі толық айығып бола алмай, алғашқы матчты қосалқы құрамның арасында отырып тамашалауға мәжбүр болды. Ойын басталысымен-ақ қос команда тартысты бәсеке көрсетуге тырысты. Алайда, негізгі лидерлері жоқ египеттіктер ойын барысында қожырай бастады. Есесіне Луис Суарес пен Эдинсон Кавани бастаған уругвайлық ойыншылардың шабуылы үдей түсті. Дегенмен, перғауын елінен келгендер ойынның 89 минутына дейін өз қақпасын алдыртпады. Айып нүктесінен асырған допқа уругвайлық Хосе Хименес алғашқы болып жетіп, ойындағы жалғыз голды салды.

«В» тобындағы алғашқы ойын Марокко мен Иран арасында өтті. Алма кезек шабуылдарға қарамастан, екі жақ та ойынның негізгі уақытында доп соға алмады. Төреші қосымша 5 минут қосып, ол  мерзім де аяқталар тұста ирандықтар бұрыштама добын соғуға мүмкіндік алды. Әуелетіп қақпаға қарай бағытталған допты баспен алаң шетіне шығарамын деген морокколық қорғаушы Азиз Бухаддуз абайсызда өз қақпасына «әдемі гол» салып алды. Осылайша, ирандықтар аяқ астынан жеңімпаз болып шыға келді.

Осы топтағы тағы бір кездесу Португалия мен Испания арасында өтті. Әлем жұлдыздары шоғырланған осы екі құраманың ойыны шынымен тартысқа әрі қызыққа толы болды. Ойынның 4-ші минутында атақты Криштиану Роналдуды айып алаңында шалып құлатып, ол  «Әп» дегеннен гол соқты. Тәжірибелі испандықтар қарап қалмай, 24 минутта Диего Коста таразы басын теңестірді. Үзіліске шығар алдында «алтын доп иегері» Роналду тағы бір гол соғып, дубль жасады. Екінші кезеңде испандық Диего Коста да қақпаның осал тұсын тауып алып, ол да дубль орнатты.  Соғылған әдемі голдардан мол әсер алып қуанған жанкүйерлер келесі кезекте испандық Начоның алыстан шірене тепкен добының қақпа ішінде тулап жатқанын көрді. Ал, ойын аяқталар тұста Криштиану Роналду айып соққысын әдеттегідей тамаша орындап, таразы басын теңестіріп кетті. Есеп 3:3. Алғашқы ойынында-ақ «хет-трик» жасаған ол біріншіліктің үздік сұрмергендерінің көшін бастады.

Portugal Estonia Soccer

Чемпионаттың үшінші күні төрт кездесу өтті. «С» тобында Франция құрамасы Австралия құрамасын қабылдап, француздар 2:1 есебімен ұтты. Ойынның бірінші таймында есеп ашылмай, екінші таймда француздардың шабуылшысы Гризманн 11 метрлік айып добын мүлтіксіз орындады. Бір қызығы, күмәнді тәртіп бұзушылық алғаш рет видеоқайталау арқылы анықталды. Осы ойын барысында мұхиттың арғы бетінен келген австралиялықтар француздарға лайықты қарсылас бола білді. Кезекті бір шабуылында француз қолмен ойнап, австралиялық «сақалды» Йединак Льористен де пенальтиді қатесіз орындады. Дегенмен, француздар табандылық танытып ойын соңында Поль Погба тамаша гол соқты.

«Д» тобында Аргентина – Исландия құрамаларының ойыны болды. Атақты Месси ойнайтын аргентиналықтар қанша тырысқанмен, Исландиядан басымдықтарын дәлелдей алмады. Ойын екі жақтың бір-бір гол соғуларымен аяқталды. Бұл кездесуде Аргентинаның есепте алға шығуына мүмкіндігі болған. Алайда 62 минутта Лионель Месси пенальтиден мүлт кетті.

«С» тобында Перу мен Дания құрамалары ойнап, даниялықтар бір гол айырмасымен жеңіске жетті. Бұл ойында көп гол соғылмаса да, жанкүйерлерді жалықтырған жоқ. Бірінші таймда даниялықтардың қақпасына пенальти тағайындалды. Алайда, перулік Кристиан Куэва пенальти соға алмады. Оның тепкен добы қақпадан едәуір биік кетті. Ойында даттарға жеңіс сыйлаған голды шабуылшы Юссуф Поульсен соқты.

«Д» тобындағы алғашқы ойында хорваттар Нигерия құрамасын 2:0 есебімен ұтты. Ойынның 32-ші минутында стандартты жағдай кезінде африкалық ойыншы Этебо допты сәтсіз қайтарып, өз қақпасына гол салып алды. Екінші таймда европалықтар Лука Модричтің көмегімен есепті еселей түсті. Ойын соңында ол 11 метрлік айып соққысын сәтті орындап, таблодағы көрсеткішті  2:0-ге өзгертті.

Біріншіліктің төртінші күні «Е» тобындағы Коста-Рика мен Сербия құрамалары арасындағы ойынмен басталды. Ойынның басты фавориттері санал-ған сербиялықтар оңтүстік америкалық құрамадан айласын асырды. Ойынның 56-шы минутында Сербия құрамасының капитаны Александр Коларов айып соққысын сәтті орындап, коста-рикалық қақпашы Кейлор Навастың қақпасынан саңылау таба білді. Қорытынды есеп – 1:0.

Ал,  «F» тобында 2014 жылғы Әлем біріншілігінің чемпиондары Германия құрамасы Мексикадан сенсациялық түрде жеңіліс тапты. Бұл ойында біз немістерді мүлдем танымай қалдық. Ойын басталысымен негізгі тізгін мексикалықтарда болды. Бірнеше жойқын шабуыл жасаған олар ақыры 35 минутта немістер қақпасына гол салып кетті. Голдың авторы – Лосано. Екінші кезеңде немістер есепті теңестіруге қанша тырысқанымен мексикалық қақпашы Гильермо Очоаның осал тұсын таба алмады.

Кешкісін «Е» тобындағы екінші ойын Бразилия мен Швейцария арасында өтті. Бұл ойында да сенсациялық жағдай орын алды. Әлемнің бес дүркін чемпиондары швейцариялықтарға басымдық таныта алмады. Ойынды қарқынды бастаған оңтүстікамерикалық құрама 20-шы минутта Фелипе Коутиньоның әдемі соққысының арқасында есепте алға шықты. Және бірінші таймда есепті еселеу үшін бірнеше мүмкіндіктерге ие болған еді. Бірақ, Неймар бастаған шабуылшыларға дәлдік және сәттілік жетіспеді. Екінші таймның басында Шакиридің бұрыштамадан асырған добына алғашқы болып жеткен Стивен Цубер таблодағы есепті теңестіріп кетті. Матчтың қалған бөлігі бразилиялықтардың иелігінде өткенімен гол соғуға еш мүмкіндік болмады. Сөйтіп, «Е» тобының басты фавориттері саналған бразилиялықтар Әлем біріншілігінің алғашқы турында ұпай жоғалтты.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз