Жарнама
COVID-19: Соңғы поштадан...ЖаңалықтарҚоғам

12 сағат балон тасыдық: Пандемия кезінде «қызыл аймақта» жұмыс істеген атыраулық ерікті Талғат Тұрғанбаев өткен күндер туралы айтты

Ол – бүгінгі күннің батырларының бірі. Коронавирус кеселінің кесірі күллі әлемді шарпып, ауру ушығып, бір жұтым ауаның қадірі артқан кезде, ол аурухана жағалаған жұртқа қолұшын созды.

Вируспен бетпе-бет келіп, үнемі қиналған жанның қасынан табылды. Жүрек қалауымен жақсылық жасаудың үлкен ерлік екенін дәлелдеген қайырымды жанның бірі – Талғат Тұрғанбаев.

Қазіргі тілмен айтқанда, волонтерлікті қалаған жайсаң жігіт сол күндердегі оқиғаларды өткен шақта айтып отырғанына шын қуанышты екен. Өліммен бетпе-бет келген еріктімен еркін әңгіме – назарларыңызда.

– Талғат, ұйқыңыз тынышталып, қалыпты өмірге оралған боларсыз… Сол кездерге тағы бір ойша оралсақ, алдымен есіңізге түсері қандай жағдай?

– Расында да көп уақытқа дейін өң мен түстің ортасында жүргендей болдым. Қазір бәрі артта қалды. Сол қиын шақты шынымды айтсам, есіме түсірмеуге тырысамын.

– Бізбен сұхбаттасуға келісім берген соң, сол күндер туралы сөз болатынын сездіңіз ғой. Жалпы, волонтерлікті не үшін таңдадыңыз?

– Волонтер деген ұғымның соңғы кезде мән-маңызы арта түсті. Жалпы, қайырымдылық шарасына қатысу, қолұшын беру дегенге бұрыннан үйірмін. Осыдан бірнеше жыл бұрын автокөлік жүргізушілердің қай жерде кептелістер, жолдағы жаңалықтар туралы айтып жүрген whatsapp чатында Жанна есімді топ әкімшісі «ДЦП диагнозы бар балаларға ақша жинау, қолдау таныту туралы» ұсыныс білдірді.

Мүмкіндігімізге қарай, 1-2 мың теңгеден аударып жүрдік. Ойыншық, қоларба секілді мұқтаж заттарын алуға, үйлерін жөндеуге көмектесетінбіз. Бірнеше айдан кейін «10-15 мың теңгеден жинайық» деп бастама көтерді. Біз сеніп, ақша аудардық. Алайда, ол адам топтан шығып, ізім-қайым жоғалды.

Бұл менің волонтер болудағы алғашқы қадамым еді. Ол сәтсіз аяқталған соң, ерікті түрде игілікті істер жасап жүрген таныстарым болғанына қарамастан, бойымды аулақ салдым. Одан бері де 4-5 жыл уақыт өтіпті. Жалпы, қолдау білдіріп, көмек көрсетушілер бұған дейін де болды. Мен ата-әжемнің қолында өскендіктен, «біреуге көмектесу, үлкендерге қарайласу» деген ұстанымды бойыма сіңіріп өстім.

img 20201030 wa0021

– Ал, биылғы пандемия кезіне келсек…

– Наурыз айында сыныптасым «волонтермын, біраз жұмыстар атқарып жатырмыз, қазір бірбірімізге қолдау білдіруіміз керек» деген бағыттағы пікірін айтты. «Атырау облысының Су арнасы» кәсіпорнындағы жұмысымыз карантиндік талаптарға байланысты тоқтап, үйде жүрген кезім. Аузым күйгеніне қарамастан, досыммен бірге келіп, Атырау волонтерлер штабының жетекшісі Әмина Жәрдемқызымен таныстым. Сөйтіп, 14 наурыздан бастап, өз көлігіммен айтылған мекен-жайларға азық-түлік тасып жүрдім.

– А л , а у р у х а н а ғ а , провизорлық орталыққа қалай келдіңіз?

– Ә м и н а Ж ә р д е м қ ы з ы волонтерлердің басын біріктірген whatsapp тобы бар. Бұл салада тәжірибесі мол, пандемиядан бұрын да «жедел жәрдемде» волонтер болып жүрген Арман Қасымов «облыстық ауруханаға оттегі балонын тасуға еріктілер керек. Кім бара алады? «+» белгісін қойыңыздар» деп жазба қалдырды. Жаңағы топта 100-ден астам адам бар еді. 6-7 адам белгі қойды, біреуі мен. Таңертең аурухана алдына тек Асхат, Мира, мен және Динара келді. Жұмысымыз содан басталды.

– Қателеспесем, шілде айының басы…

– Иә, 3 шілде. Облыстық аурухананың атын білгенімізбен, бармаған жерім. Сол жазбадан кейін бардық. Кіреберістен бізді қарсы алып, ішке «жед е л ж ә рд е м н е н б а с қ а с ы н кіргізбеңдер» деген тапсырма берді. Екі қызды есік алдына қойып, өзіміз басқа есікке бардық. Аурухана маңы толған адам, «кірмеңіз» дегенді тыңдамай, ішке ұмтылады. Түске дейінгі уақыттың қалай өткенін білмейміз, әйтеуір сыртқы қақпамен ортада шапқылаумен жүрдік. Бізді қарсы алған маман келіп, «оттегі баллонын тасуға медбикелерге көмектесесіңдер» деп, екі жігітті алып кетті. Келсек, аурухана қызметкерлері үлгермей жүгіріп жүр. Арнайы киім киіп, баллонды жоғары қабаттарға жеткізу үшін ішке кірдік.

70 келілік баллонды тек жеткізіп береміз деген ойымыз далада қалды. Медбикелер «жалғап беріңіздер» деді. Сұрастырсақ, редукторды жалғайтын 32-лік кілт біреу ғана, ол төмендегі баллон толтыратын жердегі маманның қолында. Бас дәрігерге жағдайды айтқан соң, 10 мың теңге ақша берді. Бізден кейін келген БерікБалауса есімді ерлі-зайыпты еріктілер сырттағы жұмыстарда жүр еді, солар базарға кетті. Кілт келді. Біз енді баллондарды тасумен қатар, жалғауға кірістік. Сөйтіп жүргенде, ауруханаға түскен пациенттер саны тіптен көбейіп кетті.

– Бұл бірінші күннің естелігі ме?

– Иә. Түннің қалай болғанын да білмей қалдық. Қолымыздағы редуктор бітті, енді соны іздедік. Жан-жақтан еріктілер де іздестіріп, жұмысты жүйелей бастадық. Өйткені, біз әлі ауруханада жүрміз. Ұйқы жоқ, тамақ жоқ, сенсеңіз, ішетін су да жоқ… Таң атты. Ауладан палатка құрылып, желдеткіш, су ішетін құрылғы келді. Ерікті Гүлназ Қосмұрзиеваның бастамасымен редукторлар сатып алынды. Біз демалмастан әлі жүрміз, ауруханадағы адам саны үстіүстіне көбейіп барады. Уақыт пен күннің жадын ұмытуға айналдық.

– Өмір мен өлім айқасқан ауруханадағы ауыр сәт шынында да қиын ғой. Сіздерді де айналып өтпеген болар?..

– Рас айтасыз, алғашқы өлімді де осы күні көрдік. Бір баллон 2 сағаттай уақытқа жетеді. Медбике палата номерін айтқан соң, босаған баллонды ағытып, төмендегі Мира мен Динара алып келген баллондарға ауыстырып, екінші қабатқа көтерілгенімде әлгі адамның демі үзіліпті. Не істерімді білмей, аңтарылып тұрып қалдым. Медбикеге айтып, жыларман күйде тұр едім.

Ол мені жұлқып қалды да, «онда сол баллонды келесі палатадағы науқасқа жалғап беріңізші, тағы бір адамға қажет болып жатыр» деді. Есімді сонда жиып, жүгіре жөнелдім. Келесі палаталарды аралап, баллондардың қысымын тексеріп келсем, жаңағы қайтыс болған адамның орнына жаңадан тағы бір науқас түсіпті. Сөйтіп, ауруханада өмір мен өлімнің қалыпты жағдай ретінде бағаланатынына көз жеткізіп, жұмысымды әрі қарай жалғастыруға мәжбүр болдым.

img 20201030 wa0023

– Б е с б а л а ң ы з б а р . Отбасыңыз бұл шешіміңізді қалай қабылдады?

– Алғашқы кезде жасырып айтпадым. Ұялы телефонымызды төмендегі Мираға тастап кетіп жүрдік. Сыртқа шығып ем, «сені үйден іздеп жатыр» деді. Дереу қайта хабарласып, «бензинді босқа жоймайын деп, үйге бармай, балалардың үйіне қонып жүрмін. Тамақ тасып көмектесіп жатырмыз. Бастаған ісімді аяқтайын, қазір осындай қиын жағдай болып жатыр» дегенде, алдап тұрғанымды аңғармастан: «аман болсаң жарар» деп қала барды. Кейін уақыт үнемдеу үшін телефонды қолымызға алып жүрдік.

– Ау р у х а н а ғ а қ а й т а оралсақ…

– Арада 4 күн өтті. Уақытылы демалыс жоқ, тек көз шырымын аламыз. Шаршап кеттік, уақыттан жаңылдық. «Бұлай болмайды, үйімізге кетейік» дедік де, бірауыздан тарап, кешкісін үйге бардым. Түннің бір уағында ұйықтап жатқан жерімнен телефон дауысы оятты. Үйдегілер аң-таң. Мен жүре сөйлесіп, «иә, иә, қазір» деп жатырмын. Ауруханадағы медбикелер: «Талғат, келіп, көмектесесіз бе, кісі көбейіп кетті» деді жыларман күйде. Дереу Асхатқа хабарлассам, ол «ауруханадамын, мені де шақырды» деді. «Тамақты түсіріп алуға шақырып жатыр, алаңдамаңдар» деп, мен де дереу шығып кеттім. Сол келгеннен тәулік жарым жүрдік. Шаршадық. Кешке бірбірімізді көріп, бас қосқанда: «Бір шешім қабылдайық. Кетеміз бе, қаламыз ба?» дедік. Бірауыздан қалуды ұйғардық. Ауысыммен жұмыс жасау туралы шешімге келіп, 12 сағаттық жұмыс режимін таңдадық. Г ү л н а з Қ о с м ұ р з и е в а н ы ң ұйымдастыруымен, еріктілерден жиналған ақшаға үй жалдап берді. Қасымдағылармен ауысып, осы режиммен жүре бастадық.

– Үйіңіз әлі хабарсыз?..

– Иә, 10 күн дегенде жұбайым ренжіп, «мені алдап жүрсің» деген соң, «сенбесең, кел» деп, жалдап тұрған үйге шақырдым. Аурухана ішіне кіріп жүргенімді айтпай, «сыртта баллон тасып жүрмін» деп тағы алдадым.

– Бұл өтірік қашанға дейін жалғасты?

– Үйге екі аптадан кейін бардым. Үлкен ұлым Мансұр «әке, мен сізбен мақтанамын» дегенде, төбем көкке жеткендей қуандым.

– «Танымалдық» қалай келіп еді?

– 15 күн өткенде, әлеуметтік желідегі бір жазба арқылы танылып кеттік. Содан кейін Мира да арнайы пост жазып, демеушілер табылып, көмек көрсетушілер к ө б е й е б а с т а д ы . Б і р а қ , провизорлық орталыққа Асхат екеумізден басқа ешкім кірген жоқ. Сәуір айының соңында мені жұмысқа шақырып, кетуге мәжбүр болдым. Күндіз жұмыста, кешкісін ауруханаға келіп жүрдім. Бе с күннен кейін Әмина Жәрдемқызының ұсынысымен әкімдік тарапынан хат дайындалып, жұмыстан сұрап алды.

– Сонда ауруханада қанша уақыт жүрдіңіз?

– Толық бір ай.

– Карантин сізге не берді?

– Бұл үлкен өмірлік сабақ болды. Бұрын өлім деген мен үшін жалпы ұғымның бірі болса, бұл жолы бетпе-бет келдім. Аурухананың атын естігенім болмаса, барған жоқ едім. Қазір көзімді жұмып кірсем де, қай палатаның есігі қалай ашылатынына дейін анық айтып бере аламын. Жатқа білемін.

– Дүниедегі ең қымбат нәрсе не екен?

– Денсаулыққа жетер байлық жоқ екен. Соны түсіндім…

– Сіз кім үшін алаңдадыңыз?

– Шынымды айтайын, отбасымды ойлайтын, уайымдайтын уақыт болған жоқ. Күнде көріп жүрген науқастар «бүгін орнында болса екен, «тәуір болып келе жатырмын» дегенін естісем екен» деумен күн кештік.

– Ал, сіз үшін кім алаңдады?

– Анам. Әке-шешем Доссор кентінде тұрады. Олар көпке дейін білген жоқ. Кейін таныстары көріп, айтып барыпты. Анам хабарласып, жылап тұрды. «Бес балаңды неге ойламайсың? Волонтер болу саған не керек? Соларға жұмсаған ақшаңды балашағаңа бер. Азғантай жалақыңды балаларыңнан жырып, не тірлік жасап жүрсің?» деп ренжіді. Райымнан қайтпайтынымды білген соң, амандығымды тілеумен ғана отырды. Р а с ы н д а , қ а р ж ы л ы қ қиындыққа тап болып, алған несиелерім төленбей жатқан еді. Сенесіз бе, дәрі таратуға шығу үшін көлікке жанармай құятын ақшам болған жоқ. Достарымнан қарыз алып жүрген кездерім болды. Бірақ, қол қусырып үйде жата алмадым.

– Сонда сізді осынау қадамға итермелеген қандай күш?

– Жоғарыда айттым ғой, біреуге қолұшын беру – қанымда бар қасиет. Жалпы, волонтер болу – үлкен ерлік. Оған кез келген жан бара бермейді. Қаржы да, көлік те маңызды емес, ең бастысы – жүрек болуы керек.

– Ең ауыр соққы алған кезіңіз болды ма?

– Баллонды ауыстырып алып келгенде, жаңа ғана тірі жатқан науқастың жүріп кеткенін көргенде тілім байланып қалды. Өзімді ішімнен жеп, «мен жәй келдім бе, үлгермей қалғанымның әсерінен болды ма?» деп уайым шектім. Жасы алпысты алқымдаған тағы бір апай бар еді. Ол біздің келетін уақытымызды жаттап алған. «Талғат келдің бе? Маған баллон әкелші, мені қарашы, бітіп қалмасын» деп айта беретін. Сол апайдың күн санап кеміп бара жатқанын байқадым. Алайда, Алланың жазуы, қала берді дәрігерлердің емінің шипасы тиген шығар, апай ауруханадан аяғына тұрып, тәуір болып шықты. Сөйлеп жатқан адамдардың да санаулы сағаттар ішінде бақилық болып кеткенін көрдік. Ауа жетпей тұншығып жатса да, интернеттен жаттығу түрлерін қарап, өзін-өзі емдеген науқасты да көрдік.

– Баллон тасимыз деп, қарапайым жұмысшының жұмысын атқардыңыздар…

– Иә, біз науқастармен етене араласып, тіпті, психолог болып, ақыл-кеңес те айттық. Соңғы демі бітіп, жаны қиналған адамның да жанында болдық. Тіпті, қайтыс болған науқастарды мәйітханаға жеткізуге де жәрдемдестік. Ең алғашқы күні баллонды ауыстырып шығып жатсам, медбике «көмектесіңізші, мүрдені шығару керек» деді. Ештеңе о й л ап ү л ге рм ед і к , Асхат екеуміз бірге жүгіре жөнелдік. Аса ірі салмақты апай жаны қысылғаннан үстіндегі киімін жыртып, қиналып жан тапсырыпты. Оны көргенде, аяқ-қолым қалтырап кетті. Тапжылмай тұрып қалдым… Бірнеше күн өткен соң, есік алдында аурухана терезесіне қарап жүрген бір жігітті көрдім. «Бауырым, көмек керек пе?» деп сұрасам, «анамның хабарын біле алмағанымызға бірнеше күн болды. Ірі денелі кісі, таппай жатсаң, солай деп іздеп көрші» деді. Ішім қылп ете түсті. Бірақ, сездірмей, «сұрайын» деп ішке жүгіре жөнелдім. Расында да, сол адам екен. Қанша қиналсам да, ұлына естіртуге мәжбүр болдым. Ол мені құшақтап «анам жазылсыншы деп жалынып едім» деп жылағанда, көзімнен жас шықты. Алайда, адам қандай жағдайға да бейімделіп, көзі үйренеді екен. Осы күндерден кейін сүйекті шығарып, мүрделер жатқан бөлмеге орналастырып, оның орнына жаңадан келген науқастарды жатқызу күнделікті міндетті жұмысымызға айналды.

– Қазір бәрі артта қалды. Неге қуанасыз?

– Бәрі біткеніне қуанамын. Бұл өмірдің әр күн, әр сәтін бағалай білудің қадірін түсіндім.

– Адамның пендешілігі қалған ба, «ақша беремін, мені арашалашы» дегендер болды ма?

– Иә, ондайлар да кездесті. Бірде аурухана төс егінде жатқан егде жастағы ер адам мені шақырды. Қасына бардым. «Маған көмектес. Менің баллоным бітіп қалмасын, күніне 10000 теңге беріп тұрамын» деді. «Аға, онсыз да бәріне қолымыздан келген көмекті көрсетіп жатырмыз, олай айтуыңыз дұрыс емес, ақша туралы айтпаңыз» деп кетіп қалдым. Қуаныштысы, ол кісі қазақ емес еді. Өкініштісі, көп ұзамай ол қайтыс болды. Тағы бірде жаңадан түскен науқасты жатқызып жатыр едік, «сен кімсің, дәрігерсің бе?» деп сұрады. Волонтер екенімді айттым, жігіт ағасы қатты таңырқады. «Атырауда бар ма еді? Жарайсыңдар! Рахмет сендерге!» деп, маған ұмтылып, бір нәрсе ұсынғандай болды. Ауруханадағы аяққа киетін арнайы қорғаныш киіміміз резеңке етік еді. Кезекшілік аяқталған соң шешініп жатсам, етік ішінен езіліп қалған екі мың теңгенің бөлшектері шықты. Жаңағы науқас маған ақша ұсынып, қалтам жоқ болған соң, етік ішіне салып жібергенін сонда ұқтым. Ертеңіне айтайын деп іздесем, ол жігіт бірер сағат бұрын бақилық болып кетіпті.

– Қазір өзіңіздің қалыпты жұмысыңызда жүрсіз. Таяуда Ақтөбе қаласындағы ауқымды шараға қатысып келдіңіз. Демек, Сіз үшін волонтер болудың басқа да қырлары ашылып жатқан сияқты ғой?..

 – Рас айтасыз. Бұрын тек жұмыс, отбасы деумен ғана жүрдім. Бала күнімнен жүк көлігін жүргізгенді жақсы көретінмін. Бірнеше жыл қатарынан осы қызметте жұмыс жасадым. Кейінгі жұмыстарым да өндірістік бағытта. Волонтер болудың үлкен мүмкіндіктерге бастайтынын, КАМАЗ сияқты үлкен техникалардан өзге де қызықтар бар екенін енді ұғына бастадым. Таяуда Ақтөбе CAMP шарасына барып келдім. Қазір әлеуметтік жобалар, көшбасшылық қабілет, әлеуметтік желіні сауатты жүргізу туралы үйреніп жүрмін.

– Бетін әрі қылсын, дегенмен, коронавирустың екінші толқыны бола қалса, Талғат ауруханаға тағы бара ма?

– Барады. Барамын!.. Иә, болмай-ақ қойсын. Бір қызығы, кейін жағдай тұрақталып, дәрігерлермен кездескенде де бізге осы сұрақ қойылды. Үшеуіміз де бірауыздан «иә» дедік. Асхат, Мира және мен…

– Әрқашан ісіңізге береке тілейміз. Әңгімеңізге рахмет!

Гүлжан ӘМІРОВА

https://atr.kz/bez-rubriki/munaj-dauiri-a%d1%8fqtalyp-keledi-toqaev-endigi-bagyttyn-qandaj-bolatynyn-ajtty/

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button