201102134628540e

COVID-19: Әлем елдері шектеу шараларын күшейтті

COVID-19: Соңғы поштадан... Жаңалықтар СарапTime

Шартарапты шарпыған короновирус инфекциясы алпауыт АҚШ пен Еуропа елдерінде ерекше күшейіп тұр. Қауіпті індетке қарсы тұрар қайран жоқ, қауқар шамалы. Ғылымы дамыған, экономикасы еселенген елдердің өзі ес жия алмай жатыр. Сондықтан, әлемді әурелеген індеттің әлі басылатын түрі байқалмайды. Шолып көрейік.

АҚШ КВИ жұқтырғандар бойынша бірінші орында

Өткен аптаның соңына қарай Америка Құрама Штаттарында коронавирусты жұқтырған 100 мыңнан аса адам анықталды. Бұл – пандемия басталғалы әлем бойынша ең жоғары көрсеткіш. Әсіресе Солтүстік Каролина, Мичиган, Огайо, Пенсильвания және Висконсин штаттарында жағдай өте күрделі. Ауруханаларда орын жетпей жатыр. Жалпы қазан айында науқастар саны екі есе артқан. Айта кетер жайт, АҚШ коронавирус жұқтырған адамдар саны бойынша әлемде бірінші орында тұр. Індет басталғалы бұл ауруға 9 миллионнан астам АҚШ тұрғыны шалдыққан. Бұл – елдегі бүкіл халықтың шашамен 3 проценті. 230 мыңдай адам осы дерттен қайтыс болған.

Бельгияда сауда орындары жабылды

Коронавирус індеті өршіп тұрған Бельгияда карантин шаралары күшейтілді. Елде шаштараздар мен азық-түлік сататын дүкендерден басқа барлық сауда орындары жабылды. Компаниялар мүмкіндігінше көп қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауыстыруға тиіс. Оқушылардың күзгі демалысы қараша айының ортасына дейін ұзартылды. Көшеде төрт адамнан артық жиналуға тыйым салынды. Жаңа шектеулер бүгін, яғни 2 қарашада күшіне еніп, бір жарым айға дейін жалғасады. Соңғы екі аптада Бельгияда күн сайын орташа есеппен 1600 адам коронавирусты жұқтырады екен. Бұл Франциямен салыстырғанда екі есе көп. Жалпы Бельгия дертті жұқтыру және өлім-жітім көрсеткіші бойынша Еуропада алдыңғы орында тұр.

Италияда індет қайта күшейді

Көктемде коронавирустан қасірет тартқан мемлекеттің бірі – Италия екенін жұрт жақсы біледі. Ел іші енді ес жия бастағанда індет қайта күшейді. Сенбі күні мұнда 30 мыңнан аса науқас анықталған. Бұл туралы осы елдің денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Соған орай шектеу шаралары күшейтіліп, барлық кинотеатр, театр, бассейн мен спорт залдар уақытша жабылды. Қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты қысқарды.

Франция мен Германияда локдаун енгізілді

Францияда локдаун басталды. Қатаң шектеу шаралары 1 желтоқсанға дейін жалғасады. Жергілікті билік әр екі апта сайын өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға баға беріп локдаун мерзімін созу не жеңілдету туралы шешім шығарып отырмақ. Алайда мамандар карантин 12 аптаға дейін созылады деп болжап отыр. Осы жолғы шектеу шаралары көктемдегідей қатаң емес. Елдегі өнеркәсіп жұмысы толық тоқтамайды. Ал мейрамхана, театр мен кинотеатр және спорт залдар уақытша жабылады. Бұқаралық іс-шаралардың өткізілуіне де тыйым салынды. Үйлену тойына 6 адамнан, ал жерлеу рәсіміне 30 адамнан артық жиналмау керек. Соңғы бір күнде Францияда 46 мыңға жуық адам індетке шалдығып, 230-дан астам науқас коронавирустан көз жұмған.

Германияда да эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады. Соңғы 10 күнде жансақтау бөліміндегі науқастар саны екі есе артқан. Билік бұған дейін түрлі санитарлық талаптарды күшейтіп, ережелер енгізді, жаңа локдаун болдырмау үшін қолдан келгеннің бәрін істеді. Алайда бұл аса тиімді болмаған сияқты. Сол себепті бүгіннен бастап Германияда бір айға локдаун жарияланады. Бүкіл ел бойынша кинотеатрлар, қызмет көрсету саласының кәсіпорындары, фитнес орталықтар мен бассейндер жабылады. Мейрамханалар мен барларда тамақты өзімен бірге алып кету қызметі ғана жұмыс істейді. 10 адамнан артық жиналуға рұқсат жоқ. Канцлер мен федералдық жерлердің билігі 2 аптадан кейін осы мәселеге қатысты қайтадан бас қоспақ. Сол кезде эпидемиологиялық ахуалға қарап локдаунды сақтау не жеңілдету шешімі қабылданады. Германия канцлері Ангела Меркельдің айтуынша, жағдай өте күрделі. Вирус үлкен жылдамдықпен тарап барады. Мәселен, көрсеткіштер өткен аптадағы сандармен салыстырғанда, екі есе көп.

Болгарияда оқушылар мен студенттер онлайн оқуға көшті

Еуропаның тағы бір елі – Болгарияда коронавирусқа қарсы шектеу шаралары күшейтілді. Енді екі апта бойы барлар мен түнгі клубтар жұмыс істемейді. Ал мейрамханаларда әр үстел басында тек алты адамның отыруына рұқсат етілген. Оқушылар мен студенттер онлайн оқуға көшті. Болгарияда маска тағу режимі өткен аптада енгізілген болатын.

Балқан елдерінде ауруханада орын жоқ

Коронавирус індеті Балқан түбегіндегі елдерге қиын тиіп жатыр. Инфекцияға шалдыққан науқастардың көптігі сонша ауруханаларда оларды қабылдайтын орын жоқ. Осыған байланысты Сербия билігі Белградтағы әскери кешенде мың орындық емхана тұрғызбақ. Солтүстік Македонияда да жағдай мүшкіл. Соңғы 3 аптада тәуліктік көрсеткіш 4 есеге артқан. Осыған байланысты ел билігі тұрғындарға қоғамдық орындарда маска тағуды міндетті. Небәрі 4 миллион халқы бар Хорватияда вирус жұқтырудың тәуліктік көрсеткіші 3 мыңға таяған. Соңғы 24 сағатта елде 2 мың 700-ден астам адам инфекцияға шалдығып, 20-сы көз жұмыпты. Мамандардың айтуынша, алдағы апталарда жағдай одан бетер ушығып, вирус жұқтырғандар саны күніне 4 мыңнан тіркелуі мүмкін. Ал Словенияда коронавирустың кеңінен етек жаюына байланысты елде қайтадан карантин жарияланды.

Испанияда коронавирустың жаңа түрі анықталды

Ғалымдар Испанияда коронавирустың мутацияланған жаңа түрін анықтапты. Бұл туралы Базель университетінің профессоры, зерттеу авторы Эмма Ходкрофт мәлім етті. Базель университеті, Цюрих политехникалық университеті мен SeqCOVID-Spain консорциумының зерттеушілері Еуропада соңғы төрт айда тіркелген коронавирус штамдарын тексерген. Зерттеуге алынған алғашқы үлгі – шілде айында Еуропа елдерінде шектеу шаралары енгізілген кездегі вирус. Алынған мәліметтердің нәтижесінде SARS-CoV-2-нің Испанияда мутацияланған түрі анықталды. 20A.EU1 деген атау берілген мутация жаз мезгілінде Испанияның солтүстік шығысындағы ауыл шаруашылығы жұмысшыларының арасында тарай бастаған. Ходкрофттың айтуынша, бүгінде вирустың тарауы мутацияға байланысты екені дәлелденген жоқ. Сондықтан 20A.EU1 коронавирусқа қарсы вакцинаны әзірлеуге кедергі келтірмейді. Айтпақшы, Испанияда төтенше жағдай режимі 9 мамырға дейін ұзартылды. Парламенттің төменгі палатасының отырысында құжатты 194 депутат қолдап, 53-і қарсы шықса, 99 шенеунік дауыс беруден қалыс қалған. Премьер-министр Педро Санчес елдегі эпидемиологиялық ахуал оңалса, төтенше жағдай режимі алты айға дейін созылмауы да мүмкін екенін алға тартады. Айта кетейік, Испания бүгінде коронавирусқа шалдыққан науқастардың саны бойынша әлем елдерінің арасында алтыншы орында тұр.

Әлімхан Қанатұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған