Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

Цитрусты жемісті жерсіндірген Салтанат

«Атырау жерінде кәсіпкерлікті дамыту, соның ішінде егінмен шұғылдану қиынның қиыны» деген сыңаржақ пікір бұқараның көкейіне әбден сіңіп қалғаны рас. Алайда, жері сортаң, топырағы тұзды, Әрі құнарсыз Атырау өңірінде тропикалық жемістің бірі – лимонды, соның ішінде будандастырылған түрін де өсіруге болады екен. Бір қызығы, бұл өнімнің түсі апельсинге ұқсас, бірақ сыртқы пішіні лимон секілді, көрген көзге алыстан «менмұндалап» тұрады. Теңіз тамағына жақын Еркінқала ауылындағы жылыжайда жергілікті топыраққа әбден жерсіндірілген бұл цитрусты жемісті өсірудің өзіндік қыры мен сыры бар.

Бүгінде осы кәсіпті дөңгелентіп отырған «Раяна» жеке кəсіпкерлігінің басшысы Салтанат Жұбаевамен оның жылыжайында кездестік. Жылыжай атына заты зай, сырттағы ызғарлы күн райынан келгенде шынында да жып-жылы, жайлы орын екен. Ішінде 15 лимон мен мандарин ағашы Атыраудың қара топырағында жайқалып өсіп тұр. Арасында екі жемістің будандастырылған түрлері де бар. Ызғырық жел болса да әлі өңін бермей, шыршадай жап-жасыл болып тұрған ағаштарда сап-сары лимон мен қызғылт сары мандарин ерекше көз тартады.

3

– Шынында, бұл мамандығы бойынша агроном, марқұм анам Марияш Құрбаниязованың еңбегі. Біз əуелі қаладағы көп қабатты үйде тұрдық. Анам бөлме гүлдерін өсіргенді жаны сүйетін. Бірде кəдімгі лимонның дəнін гүлдің ыдысына егіп, оны баптады. Биіктеген сайын ыдыстарын кеңітіп ауыстырып отырды. Күндердің күнінде оның үлкейгені соншалық, пəтерде өсіру қиындай түсті. Анам қалай болғанда да бұл жеміс ағашын жандандыруға бел буды. Сол үшін жер телімін алып, жылыжай салуды жоспарлады. «Даму» кəсіпкерлікті дамыту қорының өңірдегі филиалы арқылы несие ресімдеді. 40 сотық жер алып, жоспарын іске асырды. Сөйтіп, пəтерде өскен тропикалық жеміс ағашы 2018 жылы жылыжайға отырғызылды. Анам бұдан өскіндер алып, бір емес, бірнеше ағаш өсірді. Жылыжайда күні-түні жанын салып еңбек етіп, жеміс ағаштарын балаша мәпеледі, — дейді Салтанат.

Өмір заңы ғой, осыдан үш жыл бұрын анасы дүние салған соң оның ісін Салтанаттың өзіне жалғастыруға тура келді. Бүгінде лимон мен апельсинді будандастырып, жаңа жеміс түрі өсіп шығыпты. Бұл өнім 2020 жылдан бері қолжетімді бағамен азық-түлік дүкендерінде сатылып жатыр. Цитрусты жеміс ағаштарының өскінін де сатылымға шығарған. Кәсіп иесі қазір бау-бақшаға бет бұрған жерлестері арасында танымалдыққа ие.

4

– Біздегі жел мен жазғы қапырық ыстықта тропикалық жемісті өсіру, əрине, қиын. Жылыжайда өссе де, бұлар ерекше күтімді қажет етеді. Күн тікелей түспеуі тиіс, қатты салқын мен ыстықты да ұнатпайды. Дымқылды жақсы көреді. Жас өскін əуелі кішкентай ыдысқа егіледі. Ыдысын ауыстыра отырып, бес жылдан кейін ғана жерге отырғызуға болады. Үш жылдан кейін жеміс береді. Онда да күтімге байланысты. Цитрусты топырақты Мəскеудің агродүкендерінен алдырамыз. Оны Атыраудың құнарлы жерлерінен алынған топырақпен араластырып егеміз. Табиғи өнім болғандықтан, тыңайтқыш көп берілмейді. Ерекшелігі сол, ағаш гүлдеп тұрған кезде де жеміс бере береді. Тек құбырдан аққан суды бөлме температурасында тұндырып, қажетті дəрілерін араластырып суарады. Бүгінде кішкентай өскіндерден басқа жылыжайда өнім беріп үлгерген үлкен 20 ағаш бар. Ал, қазір 6-7 метр биіктіктегі бір ағаш 20 келіге дейін жеміс беріп тұр. Бір жылдағы бір ағаштың жеміс беру көрсеткіші бір тоннаға жуықтайды, — деді кəсіп иесі.

Негізгі мамандығы есепші Салтанат Жұбаева бүгінде тропикалық жеміс ағаштарын өсіруде нағыз маманға айналған. Дəнді қалай егуді, күтім тəртібі мен көшет отырғызудан бастап алғашқы өнім алғанға дейін қандай шараларды атқару керектігін тəжірибе жүзінде жетік меңгерген ол аграрлық оқу орталығын ашып, өз білімін басқаларға үйретуді де жоспарлапты.

Қазір ол лимон мен мандаринді біріктіруді қолға алған. Келешекте бұл өнімдерді патенттеп, «Атырауда жасалған» брендін қалыптастырғысы келеді. Басқа қалалар мен шетелге шығару да ойында бар. Бүгінде оның 5 жылыжайында лимоннан басқа, өрік, шабдалы, нектарин, алма, шие ағаштары өсіп тұр. Тіпті анар ағашы да маусым кезінде жеміс беріп үлгерген.

Жер-Ананың жылуын жүрекпен сезіп, егілген әрбір дән мен көшетті бар ынта-жігерімен балаша баптай білетін Салтанат ауласындағы жылыжай қабырғаларының жартысын кірпіштен қалап, төбесін қажетті материалдармен жауып, жаңартып жатыр. Оған көмектесетін екі жұмысшысы да бар. Осыншама алқапта сан алуан жеміс ағашының бабын таба білген ол нәзікжанды болса, мұндағы жұмыстарды еш қиынсынбайды.

«Еңбек етсең ернің асқа тиеді», «Еңбек түбі – береке» деген қағидалар оның өмірлік ұстанымына айналған. Бір таңқаларлығы, жас кәсіпкер мемлекет тарапынан берілетін қолдау, көмекке еш жүгінбейді екен. Барлық жұмысты өздерінің ғана күшімен игеріп, дөңгелентіп отыр. Бүгінде ауладағы, жылыжайдағы әрбір ағашты анасының көзі деп айрықша күтіммен қарайтын Салтанаттың еңбекқорлығы талай жанға үлгі, өнеге десек еш қателеспейміз.

Алтыншаш Құрмашева

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button