
Цифрлық дәуірге жаңа қадам
Бүгінде республика Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен қолға алынған AI-Sana бағдарламасы өңірлік еңбек нарығына қажет мамандарды даярлауға бағытталған. Жоба аясында IT, өндіріс, экология және энергетика сияқты маңызды салаларға бейімделген білім беру бағдарламалары іске асырылып жатыр.
Бағдарламаның жүзеге асу барысы туралы «С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректоры Гүлзада Шакуликова айтып берді.
«Университет жасанды интеллектке бағытталған білім беруді стратегиялық басымдық ретінде белгілеп отыр. Осы мақсатта барлық білім беру бағдарламасына «Жасанды интеллект негіздері» пәні енгізілді. Сонымен қатар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағыты бойынша «Жасанды интеллект жүйелерін жасау және енгізу» атты тереңдетілген курс оқытылады», – деді Г.Шакуликова.
Бұл курстар математикалық модельдеуден бастап, машиналық оқыту мен нейрожелілерге дейінгі тақырыптарды қамтиды. Сонымен бірге, оқу жоспарына «Цифрлық этика», «Ақпараттық қауіпсіздік негіздері» сынды модульдер де енгізілген.
Ректордың айтуынша, бұл өзгерістер студенттерге технологияны меңгеріп қана қоймай, оның қоғамға әсерін түсінуге де жол ашады.
«Біздің міндетіміз – болашақ маман қандай салада еңбек етсе де, жасанды интеллект негіздерін меңгеріп, оны кәсіби қызметінде тиімді қолдана алуына мүмкіндік жасау», – деді университет басшысы.
AI-Sana бағдарламасы арқылы жоғары оқу орындары тек білім беріп қана қоймай, жаңа буынның цифрлық құзыреттілігін арттыруға, еңбек нарығындағы сұранысқа сай маман даярлауға бағыт алып отыр.
Алмас ҚАБДОЛ
Сурет: gov.kz