ЧЕМПИОНДАР АЛТЫННАН АЙРЫЛА МА?
Қазақстан құрамасының сапында 2012 жылы Лондонда алтын алған атлеттер қанынан допинг табылды деп жазады Vesti.kz.
Халықаралық ауыр атлетика федерациясының мәліметінше, Лондон олимпиадасының сынамаларын қайта тексерген кезде Илья Ильин, Зульфия Чиншанло, Мая Манеза және Светлана Подобедовалар рұқсат етілмеген препараттар қолданған. Сонымен қатар, бұл «қара» тізімде Ресей, Әзербайжан, Украина мен Белоруссияның спортшылары да бар. Және олар алда болатын жарыстардан уақытша шеттетілді. Айта кетелік, аталмыш олимпиадада Қазақстан жеті алтын медальға қол жеткізген болатын. Ал оның, төртеуі Илья Ильин, Зульфия Чиншанло, Мая Манеза және Светлана Подобедоваларға тиесілі. Жақын күндері Халықаралық Олимпиада комитетінің тәртіптік комиссиясының отырысы өтеді. Онда спортшылардың олимпиадалық наградаларының тағдыры қаралады және атлеттерді Рио- де — Жанеройда өтетін олимпиада ойындарына жіберу-жібермеу мәселесі қаралады.
Рита Өтеуғали.