Чех тілін білсең, тегін оқисың
Атырау мұнай және газ университетінің бір топ ғалымдары академиялық сұрақтар жөніндегі проректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Майдырованың басшылығымен өткен жылдың желтоқсан айында Прага қаласында болып қайтты. Онда олар «ЕВРАSS» академиялық ұтқырлық және Халықаралық ынтымақтастығы еуропалық одағының қолдауымен «Мұнай-газ саласындағы экологиялық қатерлерді басқаруда халықаралық стандарттарды ендіру мәселелері» тақырыбында біліктілікті арттыру курсынан өтті.
Бұл сапар Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, үдемелі-индустриялы инновациялық дамуы аясында жүзеге асты. Еуропа төрінде орналасқан Чехия мемлекеті – Еуро Одақтың белді мүшесі, дамыған ел. Экономикасында машина жасау, химия өнеркәсібі, жүйелі өндірістер, ауыл шаруашылығы салалары мықты дамыған мемлекет. Әлемнің көптеген елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Соның ішінде Қазақ елі мен Чехия мемлекеті арасындағы сауда-саттық бір миллиард доллардан асады. Қазақстаннан жылына бір миллион тонна мұнай тасымалданады.
2004 жылдан мемлекет Еуро Одақтың мүшесі болғандықтан жоғары әлемдік стандарт ұстану – маман даярлаудағы басты мақсат. Республикада 70 жоғары оқу орны бар. Олардың санатына 26 ашық университет, 42 жекеменшік және екі мемлекеттік әскери, полицейлік академия жатады. Чехия мемлекетінде 326 мыңнан аса студент оқиды. Оқыту процесінде Болон конвенциясына сай бакалавриат–магистратура–докторантура сатылары енгізілгені баршаға белгілі. Бірақ, медицина, педагогика, құқық, психология мамандықтары үшін дәстүрлі бес-алты жылдық негіз қалған.
Чехияның жоғары оқу орындарында студенттер үшін оқу тегін, ол үшін чех тілін меңгеріп, жалпыға бірдей емтихандар тапсырса болғаны. Алайда, тіл меңгеру үшін бір жылдық дайындық курсы ақылы. Чех тілін меңгермесе, белгіленген талаптарға сай болмаса, онда жекеменшік оқу орындарында ақылы негізде оқиды. Жоғары оқу орындарын тексеретін Ұлттық аккредитациялық мекеме – тәуелсіз ұйым. Бұл мекеменің негізгі бағыты оқу бағдарламаларын уақыт талабына сай өндірістің сұраныстарына сәйкестендіріп, өндірістік және оқу орындарының мүдделерін қанағаттандыру – басты қағидаты. Себебі, жоғары оқу орындарын бітірген мамандардың жұмысқа орналасуы – университеттердің басты көрсеткіші. Бұл – болашақта қандай мамандықтарға сұраныс барын, соған сәйкес оқу бағдарламаларын жүйелеп, жетілдіріп отыруын назарда ұстайтын тәуелсіз қауымдастық. Жоғары оқу орындарында ең жоғары лауазым – профессор, оны тек Президент тағайындайды.
Химия технология жоғары мектебінің стратегиялық даму жөніндегі проректоры Милан Поспешиль: «Елде химия саласы жоғары деңгейге жетіп, ғылыми зерттеулер әлемдік стандарттарға жауап беретіндігінің дәлелі Еуропада алтылыққа еніп отырмыз, Әзірбайжан елімен, Ресей Федерациясы, Қазақстанның университеттерімен ғылым мен білім бағытында тығыз қарым-қатынас орнатудамыз» деп атап өтті. Расында да, енді бұл жүйеге Атырау мұнай және газ университетінің студенттері де академиялық ұтқырлықпен Чехия мемлекетінде оқуға мүмкіндік алды. Алғашқы үш студент 2016-2017 оқу жылының екінші жартысында оқуларын Прага қаласында жалғастырады.
Жоғары оқу орындарының техникалық кітапханасында 130 мың томдық ғылыми әдебиет, 200 қағаз түріндегі журнал, 3100 электронды журнал мен газет бар. Әлемдік химиялық, техникалық және биологиялық мәліметтерді бірінші қолдана алады. Міне, мұның өзі ғылым мен білім іздеген студенттердің барлық талаптарын қанағаттандырады дегенді білдіреді.
Қазақ елінің дамыған отыз елдің санатына енуі үшін халықаралық стандарттарға жауап беретін оқу бағдарламалары жүйесін жүйелеп, отандық білім саласының тәжірибесін пайдаланып, өзіндік модель жасап, уақыт талабына жауап беретін жоғары оқу орындарында білім берудің тың идеологиясын жасақтау керек. Білімді, кәсіби мамандар дайындау, үштілділік тұғырнамасын ұстана отыра, латын алфавитін енгізіп, еуропалық білім кеңістігіне ену басты мүддеміз болуы тиіс. Сонда ғана өскелең ұрпақтың жаңа технологиялар, тың идеялар, озық модельдерді үйреніп, еліміздің алдында тұрған межелерді орындауда үлкен жетістіктерге жететіндігі сөсіз.
Болат Нығметов,
Атырау мұнай және газ университетінің
кафедра меңгерушісі,
тарих ғылымдарының кандидаты.