«Чечевица»
Осындай операциямен жер аударылған шешен-ингуштар қазақ жерін құтты мекеніне балайды.
Атыраулықтар саяси қуғын-сүргінге ұшыраған шешен-ингуштарды еске алды. Бұдан 73 жыл бұрын КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «фашистер жағына шығып кетеді» деген жалған айыптаумен шешен-ингуш халқы Қазақстан мен Орта Азияға жер аударылды. Шешен-ингуш АКСР-і таратылды.
Аталмыш операция «Чечевица» деген атпен 1944 жылы 23 ақпанда басталған болатын. НКВД жасақтары бейбіт халықтың жиналуына жарты сағат қана уақыт беріп, қарсыласқандарды аяусыз қырды. Кеңес дәуіріндегі ресми деректерге қарағанда, 650 мыңнан астам адам жер ауды. Алғашқы күндері аштықтан, аяздан, аурудан 70 мыңдай адам көз жұмды. Жер аудару кезінде барлығы 200 мыңдай шешен, 30 мыңдай ингуш қаза тапты.
Шешен-ингуш АКСР-і 1957 жылы ғана қайта құрылды. Бұл туралы жақында «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының ұйымдастыруымен өткен шарада Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері кеңінен әңгімеледі. Олар 1944-1957 жылдардағы трагедиялық жағдайды еске алды. Алдымен, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров депортация құрбандарының рухына құран бағыштады.
Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық басшысы Гүлмира Шәкірова аяз қарып, аш-жалаңаш қалған шетелдіктерді жергілікті халықтың жатсынбай, рұқсат етілмесе де қолындағы құрт-тарысын қағазға орап, шешен-ингуштарға жасырын тасығанын айтты.
— Тарихта қалған қиын кезеңдерде менің халқым қазақ даласына келіп, бауыр басты. Пана іздеп келген көпшілік қазақ халқының мейірімін сезінді. Қасиетті мекенімізге айналған қарашаңырақ – Қазақстанда жүріп, қайырымдылық қасиетінің шексіз екеніне куә болдық. Бүгінде біз өзіміздің ана тілімізде сөйлеп, ұлттық дәстүрімізді насихаттай аламыз. Мұндай мүм-кіндік Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында туып отыр. Этносаралық достық пен қоғамдық келісім салтанат құрған мемлекетімізді «Менің Отаным» деп мақтанышпен айтамын. Біз бірліктің арқасында әлемге үлгілі мемлекетті құрдық. Бір-бірімізге деген сенімнің арқасында қиын кезеңдерді артқа қалдырдық, — деді «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлес-тігінің төрағасы Зелимхан Зубариев.
Бізбен әңгімесінде анасының өкпесіне қатты суық тиіп, қиналғанын еске алды. Өзі туып-өскен Алматы облысының Панфилов ауданына қарасты Алтын Емел ауылындағы қазақ көршісі күн сайын қымыз әкеліп беріп, содан шешесі құлан-таза айығыпты. «Тарихи Отаныма жолым түскенде міндетті түрде қазақтың ұлттық сусыны – қымызды өзіммен бірге алып жүремін» деген ойымен бөлісті.
Ал, шараға жиналғандар ұлтаралық мәселенің өте нәзік екендігін, осы орайда тәрбиені өзінің отбасынан, ошақ қасынан бастауы керектігі турасында ой өрбітті. «Әр адам өз ұрпағына жауапты болуы керек. Өзіңнің сөзің, ісің арқылы ұл-қызыңа өнеге болсаң, ол елдің тыныштығы мен азаматтарды жат ағымдардан сақтандырып, ұлтаралық араздықтың алдын алуға қосқан үлесің болар еді» деп түйіндеді көпшілік.
Айта кетелік, 2004 жылы Еуропарламент шешендер мен ингуштардың 1944 жылғы жер аударылуын геноцид ретінде бағалады.
Рита Жайғалиқызы