Cанитарлық талаптар сақталады: Биыл Атырауда мектеп бітіруші 4211 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады
Аtr.kz/27 мамыр, 2020 жыл. Сонымен бірге, колледж бітіруші 834 түлек тест тапсыруға ниет білдіріп отыр.
«Бұл туралы бүгін аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен селекторлық жиында Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақкенже Исанбергенова мәлімдеді» деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазіргі уақытта тестілеуге дайындық online платформаларда өтіп жатыр. Сонымен бірге, шәкірттер арнайы бірнеше ақпараттық порталдар арқылы өз бетімен де дайындала алады.
Әлемде тарап жатқан пандемияға байланысты, биыл ҰБТ күшейтілген санитарлық режим жағдайында өтеді.
«Тест өткізу үшін бүгінде облыста сегіз орталық жасақталып отыр. Қазіргі уақытта ҰБТ өткізу сызбасы аймақтың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігеріне келісімге жіберілді. Тест ғимарат ішінде өтеді. Қазіргі жағдайда байланысты 86 аудитория дайындалуда. Лек саны артуда. Тест тапсырушылар 29 лекпен кіретін болады» деп атап өтті спикер.
Қазіргі уақытта тест өткізу пункттерінде аудиториялар жасақталып, бақылау камераларымен, телефон тұншықтыру құралдарымен, салқындату жүйелерімен жабдықталды.
Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов өз кезегінде тиісті сала мамандарына ҰБТ-ны санитарлық талаптарды сақтай отырып, жоғары деңгейде өткізуді тапсырды.
Еске сала кетелік, биыл Атырауда 5286 түлек мектеп бітіреді. Бүгінде оның 76 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдіріп отыр.