Былтыр облыстағы Атырау мешіттері 12 отбасына баспана сыйлады
Бұл туралы Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Пәтерлердің төртеуі қызметтік болса, сегізі әлеуметтік осал топтарға беріліп отыр. Оның ішінде біреуі Атырау қаласынан, алтауы Құрманғазы, екеуі Жылыой, үшеуі Махамбет ауданынан берілген.
— Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ел үлесі – пәтерге» атты қайырымдылық жобасы аясында былтыр облыста 12 мұқтаж отбасы баспаналы болды. Мұқтаж шаңырақтардың қатарында асыраушысынан айрылған шаңырақтар мен көп балалы аналар бар,- деді А.Ұтысханұлы.
Сондай-ақ оның айтуынша, өткен жылы Атырауда 22 сауда нүктесі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының халал стандарт сертификатын алған. Олардың қатарында «Тәп-тәтті», «Зәуреш тәттілері» кондитерлік өнімдер цехы, «Шоқ донер» жылдам тамақтану желісі, «Халил ұста» ет өнімдері дүкені бар.
Айта кетейік, былтыр қайырымдылық бағытында облыс мешіттерінде 1167 іс-шара өткізілді. Өңірдің 91 853 адамын қамтыған қайырымдылық шаралары арасында «Көшпелі керуен», «Жылулық сыйла», «Мектепке жол», «Алтын құрсақты батыр анаға тосын сый» атты акциялар ұйымдастырылған.