
«Былина» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Андрей кораблев: «Жастардың қазақ тіліне қызығушылығы артты»
– Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт өкілі бар. Олардың ана тілін үйренуіне, салт-дәстүрлерін жаңғыртуларына барлық жағдай жасалған. Әдет-ғұрпын сақтай отырып, ұлттық мерекелерін де еркін тойлай алады. Ал мемлекетіміздің нығаюына олар қандай үлес қосып жатыр?
– Қазақстан халқының тарихын, дәстүрін, қолөнерін, тілі мен мәдениетін таныстыру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы бастау алып, аталған жоба бойынша облыстық этномәдени бірлестіктердің қатысуымен «Бірлік-Единство» этнофестивальдары өткізілуде. «Иверия» грузин, «Светоч» славян, «Татулык» татар-башқұрт, «Довира» украин, «Тхониль» кәріс, «Былина» орыс, «Видергебурт» неміс, «Каспий» дағыстан, «Новруз» әзербайжан, «Ынтымақ» өзбек, «Пәрвәз» ұйғыр және «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестіктерінің, орыс, славян және казактар бірлестігі қауымдастығының филиалы өкілдерінің қатысуымен қазақтың ұлттық мәдениетін таныстырумен қатар, қазіргі жаһанданған әлем жағдайында ұмыт болған қазақтың ұлттық дәстүрлерін көрсету шаралары өткізілді.
Мемлекет басшысы тіл мәселесін жиі көтереді. Осыған орай «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің бастамасымен өңірдегі 6-67 жас аралығындағы этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді тегін оқыту курсын ұйымдастырдық.

Облысымыздың дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген, мемлекеттік тілді еркін меңгерген әзербайжан, өзбек, неміс, грузин, орыс, украин этнос өкілдері қазақ тілін жеңіл үйрену жолдарымен бөліседі. Мақал-мәтелдер, ұлағатты сөздерден құралған бейнероликтер де дайындалды. Облыстық этномәдени бірлестіктері төрағаларының, қоғамдық келісім, аналар кеңестері, қоғамдық пікір көшбасшыларынан құралған ақпараттық-түсіндіру топтары қала және аудандық, ауылдық деңгейлерде этносаралық қатынастарды нығайтудың тетіктерін түсіндіру, этносаралық қатынастар саласындағы қоғамдық пікір, жақсы көңіл-күй қалыптастыру, қазақстандық қоғамда азаматтардың толерантты санасын, бейбітшілік пен келісім мәдениетін қалыптастыру мақсатында кездесулер өткізді.
– Өзіңіз айтқандай, «Былина» этномәдени бірлестігінің халық кітапханасы шығармашылық орталығы мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тілі ретінде ілгерілету бойынша атқарған жұмыстарын ерекше атап өтуге болады… Қазақ тілінің мәртебесін көтеруде этномәдени бірлестіктердің рөлі қандай болуы керек?
– «Былина» орыс этномәдени бірлестігі жанындағы халық кітапханасы мен халық театры жұмысын бастағалы қазақ тілін үйрету курсының жұмысына ерекше маңыз беріп отыр. Оның қызметі мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге, мемлекеттік тілді оқыту курстарын ұйымдастыруға және қазақ тілін үйренуге шақыруға бағытталған. Мысалы өткен жылы «Былина» халық кітапханасы мемлекеттік тілді оқыту курсын ұйымдастырды. Сонымен қатар, кітапхана халық театрының жұмысын да қолдайды.
Біздің ұжым бірнеше жыл бойы мәдени іс-шараларға қатысып, өнер көрсетіп келеді. Бұл курстың мақсаты – қазақ тілін үйрену. Күнделікті өмірде қажетті сөздерді сөйлеуіне, ойларын еркін жеткізулеріне көмектесу. Әр сенбіде жиырма шақты адам сабаққа келеді. Барлығының ниеті – қазақ тілін үйрену. Күнделікті тақырыпты өздері таңдап, сұраныс білдіреді. Олар жас ерекшеліктеріне қарамастан жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Осылайша, «Былина» халық кітапханасы мәдениет пен білім саласында маңызды рөл атқарып, қоғамның рухани дамуына үлес қосуда.
Соңғы кездері сабақтарымызды қазақ тіліндегі танымал әндерді «караоке» режимінде орындау бағытында өткізіп жүрміз. Депортациялаудың қиын жылдарында Қазақстанға келген халық қазақша сөйлеуді үйренді. Қазақ халқының арқасында олар аман қалып, ұлттың мәдениетін бойларына сіңіріп, қазақ тілінде еркін сөйлей бастады. Бұл қандай да бір курстар ұйымдастыруды қажет етпеді. Оларға депортацияланған адамдарды өз отбасыларына алып, олармен азық-түлік, баспанасымен бөліскен қазақ халқының өмірі мен жақсы қарым-қатынасын үйретті. Бірде балаларды демалыс күндері қазақ отбасыларына жіберуді ұйғарып, ол жобамыз іске асты. Тіпті жоспар сәтті болды және біздің балаларымыз қазақ тілінде еркін сөйлесе бастады. Өйткені кішкентай бала тілді тек тыңдау және одан не қалайтынын түсіну арқылы үйренеді. Енді біз бұл жобаны жалғастырғымыз келеді, сондықтан оны ең перспективалы деп санаймыз.
Байқасаңыз, соңғы жылдары жастар арасында қазақ тілін үйренуге деген қызығушылық артты. Қазіргі заманғы технологиялар мен әлеуметтік желілер қазақ тілін үйренудің ыңғайлы әрі қызықты жолдарын ұсынып отыр. Жастар өз тілінде сөйлеп, мәдениетті тереңірек түсіну үшін қазақ тілін меңгеруге дайын. Бұл үрдісті қолдап, насихаттау өте маңызды.
Этномәдени бірлестіктер қазақ тілінің мәртебесін көтеруге сүбелі үлестерін қосулары керек. Біз түрлі ұлт өкілдерін қазақ тілін үйренуге, қолдануға шақырып, тілдің маңыздылығын түсіндіруіміз қажет. Тілдік оқыту курстары, мәдени шаралар мен форумдар арқылы адамдарды қазақ тілінің байлығы мен әсемдігін сезінуге бағыттай аламыз. Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктер өз тілдерінен бөлек, қазақ тілін де кеңінен қолдануға мүмкіндік алуы тиіс.

– Қазақ тілін ұлтаралық қарым-қатынастың тіліне айналдыру үшін қандай шаралар қабылдау қажет?
– Қазақ тілін ұлтаралық қарым-қатынастың тіліне айналдыру үшін көпжақты жұмыс жүргізу керек. Біріншіден, қазақ тілін үйрену бағдарламаларын дамыту қажет. Сонда әртүрлі этникалық топтар өз тілін меңгеру мүмкіндігіне ие болады. Екіншіден, қазақ тілінде ақпараттық ағынды арттыру қажет, яғни кино, музыка, кітаптар мен БАҚ-тағы контентті көбейту керек. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен ірі компанияларда қазақ тілін қолдану мәдениетін қалыптастыру маңызды.
– Жасыратыны жоқ, Ассамблея түрлі ұлт өкілдерінің мерекелерін ұйымдастыратын ұйым деп те қарайды. Сіздің ойыңызша, біздегі бірлік туралы ұғым бір күндік шарамен шектеліп жүрген жоқ па?
– Егер сізден шетелде қазақтар кім, олардың ерекшелігі неде деп сұраса, сіз бірінші кезекте домбыраны қолыңызға алып, шаңырағы бар киіз үйді тігіп, киіз төсеп, қазанды ортасына қойып, дастарханға бешбармағы бар табақты тартып, алдарына «бұл – қазақтың еті» деп қоясыз. Солай ма?
Бұл қасиетті дүние – және ол кез-келген халықта бар! Сондықтан дәстүрлі мәдениетті сақтау және дамыту – Қазақстан этностарымен жұмыстағы маңызды бағыттарының бірі. Дегенмен ҚХА барлық этносты Қазақстанның біртұтас халқына біріктірумен айналысады – қазақстандық бірегейлікті, қазақстандық патриотизмді, жалпыазаматтық құндылықтарды қалыптастырады және мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде ілгерілетеді. Бүгінде Қазақстан этностарының арасында этникалық негізде партиялар құру туралы сөз мүлдем айтылмайды. Мемлекет басшысы атап айтқандай, Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!».
– Этномәдени бірлестіктердің еліміздің дамуына қосатын үлесі туралы не айтар едіңіз?
– Этномәдени бірлестіктер Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосады. Олар мәдениетаралық диалогты нығайтып, азаматтық қоғамды дамытуға ықпал етеді. Ұлттық тілдер мен дәстүрлерді сақтау арқылы еліміздің мәдени мұрасын байытады. Сондай-ақ олар әлеуметтік жағдайды жақсарту, жастарды тәрбиелеу және бірлік идеясын ұстану жолында маңызды қызмет атқарады.
– Қазіргі жастарды мәдениетті сақтау мен дамытуға қалай тарта аласыз?
– Жастарды мәдениетке тартудың ең тиімді жолы – заманауи әдістер мен құралдарды қолдану. Біз жастарды түрлі цифрлық платформалар мен әлеуметтік медиа арқылы ұлттық мәдениетке қызықтыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, олар үшін қызықты және интерактивті іс-шаралар ұйымдастырып, ұлттық өнер мен дәстүрлерді жаңа форматта көрсетуге ұмтыламыз. Жастардың өз мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру арқылы оларды осы салаға тартуға болады.
– Сізге қандай мәдени құндылықтар жақын?
– Маған әр халықтың мәдениетіне деген құрмет, оның тарихы мен дәстүрлеріне деген қызығушылық өте жақын. Менің ойымша, әрбір халықтың өзіндік бай мұрасы бар. Ол сол халыққа ғана емес, барлық адамзатқа ортақ құндылық болып табылады. Сондықтан, әртүрлі мәдениеттерді, әсіресе өзіміз өмір сүріп отырған елдің мәдениетін терең зерттеп, құрмет көрсету мен үшін өте маңызды.
– Соңғы сұрақ: қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлері туралы не айтасыз?
– Қазақ мәдениеті мен дәстүрлері – терең және бай тарихтың нәтижесі. Оның ішінде ұлттық өнер, музыка, би, тіл, қолөнер және салт-дәстүрлер үлкен орын алады. Қазақ халқының қонақжайлығы, табиғатпен үйлесімділігі, сондай-ақ салт-дәстүрлерін жоғары бағалайтындығы мені әрдайым таңғалдырады. Бұл дәстүрлерді сақтап, насихаттап, жаңа ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз. Қазақ мәдениетінің әлемге үлес қосар жолы көп, сол үшін біз бар күшімізді салып жұмыс істеп жатырмыз.
Сұхбаттасқан Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ