«НОҒАЙ» ҚОРЫМЫ КҮТІМГЕ АЛЫНДЫ

Атырау қаласы әкімі Нұрлыбек Ожаевтың бастамасымен қала аумағындағы қараусыз қалған қауымдар заңдастырылып, олардың аумағы белгіленіп, мемлекеттік тіркеуге алына бастады.

 

Қаламыздағы «Ноғай» мұсылман зираттары қорымы мемлекеттік конкурс арқылы сенімгерлік басқаруға берілді. Осыған орай Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Арман Әділғалиев жергілікті бұқаралық ақпарат өкілдерін аталған қорым маңында атқарылған жұмыстармен таныстырды. Оның айтуынша, сенімгерлік басқаруға алған азамат бейіттердің әр жерде шашырамай ретпен орналасуына, тазалығын, аумағының қоршауға алынып, көгалдандыру, әктеу-сырлау секілді жұмыстарға жауапты. «Бақилық болған жанға жерленіп бейіт тұрғызуға берілетін жер тегін. Біздің басты мақсатымыз, ең алдымен, бұл жерді күтімге алу болып табылады.

Ендігі жерде бес жыл мерзімге дейін «Ноғай» қауымының қауіпсіздігі мен тазалығына жауапты жеке кәсіпкер Сырым Құлшиев басқаруға алған бір ай уақыт көлемінде жолдар тегістеліп, қоқыстардан тазарту жұмыстарының жүргізілгенін айтты.

– Мұсылмандық дәстүрмен өмірден өткен адамды жерлеуге арнайы орын белгілеп береміз. Алдағы уақытта туыстары қажетті бейітті еш қиындықсыз табу үшін біз берілген орынды арнайы журналда тіркейтін боламыз. Қаланың әр тұрғыны қорымдарға құрметпен қараса деймін. Себебі, бұған дейін кешкі мезгілдерде бейіт басына бұзақылар (тәрбиесіз жастар деуге де болады) емін-еркін кіріп шығып, мұсылман азаматтардың санасына сыймайтын әрекеттерге дейін барған. Енді мұндайға жол бермейміз. Күзетшілеріміз кезекке тұрып қауіпсіздікке жауаппен қарайды, – дейді ол. Бұрын жерлеу рәсіміне қажетті құрылыс материалдарын тұрғындар әр жерден іздеп әуреге түсетін болса, енді мұның бәрі осы жерден табылмақ. Атап айтсақ, қабір қазу, бейіт көтеру секілді құрылыс материалдарымен қоса, ақылы қызмет түрлері де ұсынылмақшы.

Бұл қауым секілді қаладағы барлық зираттарды да алдағы уақытта сенімді қолға беру жоспарлануда.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз