Бүлдіршіннің өмірін құтқарып қалған 11 жасар жас батыр Мейрамбек Бекназар марапатталды
Аtr.kz/27 мамыр, 2019 жыл. «Жетісай қаласында бүлдіршіннің өмірін құтқарып қалған 11 жасар жас батыр Мейрамбек Бекназар генерал-майор Владимир Беккердің Алғыс хатымен марапатталды» деп жазады «Қаз Ақпарат».
Оқиға 2 сәуір күні кешкі сағат 19.40 шамасында болған еді. А.Қалыбеков көшесіндегі кәріз құдығына құлаған 2 жасар баланы жас батыр Мейрамбек құтқарып қалған. Осы ерлігі үшін Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы, генерал-майор Владимир Беккердің алғыс хатын соңғы қоңырау жиынында салтанатты түрде табыстады.
Жиын барысында Нұрғали Жүнісов ата-анасына, мектеп директоры мен сынып жетекшісіне батыр бала тәрбиелегендері үшін өз атынан алғыс білдіріп, Мейрамбекті бағалы сыйлықпен марапаттады.
Достарымен ойнап жүрген Мейрамбек оқиға болған күні кішкентай бүлдіршіннің кәріз құдығына құлап түскенін байқап қалған. Дереу оқиға орнына жеткен балалар лай су басқан құдық ішінен бүлдіршіннің көрінбегенін айтады. Осы мезетте Мейрамбек еш ойланбастан, дереу құдықтың ішіне түсіп, су ішінен кішкентай бүлдіршінді қолымен іздеп тауып, алып шығады. Осылайша 11 жасар Мейрамбек бүлдіршіннің өмірін сақтап қалды.
Жас батыр 2008 жылы Жетісай қаласында дүниеге келген. Отбасында 7 бала бар, ата-анасының екінші перзенті. №2 Шоқан Уәлиханов атындағы мектебінің 5 а сынып оқушысы.
Молодец! Батыр бала! Елімізде осындай жас батыр Мейрамбек секілді батырлар дүниеге келе берсін, тола берсін