БҰЛ – КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫМЫЗ

screenshot 5 9 Жаңалықтар

Атырау қаласындағы №6 сайлау учаскесі қаланың ескі бөлігі саналатын, Досмұхамедов көшесіндегі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ кеңсесінің бірінші қабатында орналасқан. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Құрманбек Өмірзақовтың айтуынша, бұл аумақта сайлау құқығы бар 1880 адам тіркелген.

– Бұл сайлаушыларға қоса, Ә.Молдағұлова көшесі, 245-үйдің бойында орналасқан Атырау қалалық ІІБ-нің әкімшілік қамауға алынғандардың арнайы бөлмесіндегі 30-ға жуық адам дауыс береді. Нысанға түстен кейін барамыз, – дейді ол. Сондай-ақ осы учаскеге қарасты мүгедектігі бар алты адам да түстен кейін үйінен дауыс бермек.

Аталған сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келген – Атырау облыстық мәслихатының хатшысы Әлібек Нәутиев.

– Мен өз дауысымды Қазақстанның болашағы үшін, мемлекетіміздің дамуы, елдің ілгерілеуі үшін беремін. Біздің алдымызда талай міндеттер тұр, әлі де атқарылатын істер көп, - деді Ә.Нәутиев.
№6 сайлау учаскесіне келген Сатымханым Сауалина – немерелерінің қызығын көріп отырған әже, зейнеткер. «Мені ұрпағымыздың болашағы, даму мүмкіндіктері мен жағдайлары алаңдатады. Қолжетімді медицина, сапалы білім, бейбітшілік пен тыныштық үшін дауыс беремін. Бұл өте маңызды», – дейді Сәтімханым апа.
 Марина ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз