Бүгіннен бастап коронавирусқа тегін экспресс-тестен өтуге болады
Аtr.kz/13 сәуір, 2020 жыл. Тест тапсыру үшін пациент www.cdl.kz сайтында сауалнама толтыру керек.
13 сәуірден бастап коронавирусты анықтайтын тегін экспресс-тестілеуден Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында өтуге болады, деп хабарлайды zakon.kz.
Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы таратқан хабарландыруға сай:
1. Тест тапсыру үшін пациент www.cdl.kz сайтында сауалнама толтыруы керек;
2. Денсаулық сақтау министрлігінің эпидемиологтары адамдардың эпидемиологиялық көрсеткіштері негізінде іріктейді;
3. Бекітілген тізімдер «Олимп» КДЗ-ға жіберіледі;
4. Бекітілген тізімдегі пациентке байланыс орталығының операторы хабарласып, қай жерге, қай уақытта келуі керектігін айтып, келушілерге қойылатын талаптар мен анализ тапсыру ережелерін түсіндіреді;
5. Оператор нұсқаған процедуралық кабинетке маска киіп, жеке куәлікті алып, кешікпей келу керек;
6. Кезекте тұрған адамдар бір-бірінен 1,5-2 метр қашықтықта болуы тиіс;
7. Процедуралық кабинетте тіркеледі, кейін коронавирусқа экспресс-тест алынады;
8. Анализ қорытындысы сауалнамада көрсетілген поштаға жолданады;
Білгеніңіз маңызды!
Пациенттің температурасы байланыссыз өлшеу құралымен жүргізіледі. Дене қызуы көтеріліп тұрған адамнан анализ алынбайды.
Оператордың қоңырауынсыз, өздігімен процедуралық кабинетке келуге болмайды.
Экспресс-тестілеу арнайы процедуралық кабинеттерде өткізіледі, ол жерде басқа анализдер алынбайды.
⠀
Бұл шаралар келушілердің де, қызметкерлердің де денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданған.