
Бүгінгі сақтық – ертеңгі қауіпсіздік
Атырау облысының аумағында Каспий теңізіне құятын Жайық өзені – трансшекаралық өзен болғандықтан, өңірге келетін судың мөлшерін және Ресейдегі Иректі су қоймасынан жіберілетін су көлемін анықтап отырған жөн. Осы мақсатта өткен аптада облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев бастаған Атырау облысының арнайы делегациясы Ресей мен Қазақстан шекарасындағы Орынбор облысына іссапармен барып, ортақ келісімдерге қол жеткізді. Делегация құрамында болған облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов Орынборда көтерілген негізгі мәселелер мен екі ел арасындағы келіссөздер нәтижесі туралы бізге нақты айтып берді.
– Басты мәселе – Иректі су қоймасындағы жиналған су мөлшері. Қазір онда 2,2 миллиард текше метр су жинақталған, қабылдау көлемі – 35,6 текше метр, ал жіберу мөлшері – секундына 201 текше метр. Ресейлік гидрологтардың айтуынша, биыл өр суы былтырғы деңгеймен салыстырғанда аз мөлшерде тасуы мүмкін. Көршілес жатқан қос мемлекет Үкімет деңгейінде арнайы жұмысшы комиссиясын құрып, су мәселесінде ынтымақтастық орнатып келеді. Бұрын комиссия мүшелері Астана қаласында кездесіп, Қазақстанға су жіберу мәселесін талқылаған еді. Биыл Ресейге сапар барысында былтырғы жағдай қайталанбауы үшін Иректі су қоймасынан секундына 400-450 текше метр су жіберу және көктемде қоймадағы су көлемін 1,2 миллиард текше метр деңгейінде ұстап тұру қажеттігі айтылды. Ресей тарапы бұл ұсынысты қолдап, судың келуіне байланысты екіжақты талқылау жүргізіп, бірлесіп жұмыс істеуге келісті, — деді Нұрлан Қойланұлы.
Алдағы уақытта жедел шешім қабылдау мақсатында екі елдің мамандары өзара байланыс құралдары мен электрондық пошталар арқылы тұрақты ақпарат алмасып отыруға келісіпті. Былтыр Ресейге барып, ондағы жағдайды зерделеу жоспарда болғанымен, өр суының өте көп мөлшерде келуі оған мұрсат бермеген және судың нақты көлемін анықтауға қиындық келтірген.
Басқарма басшысы Нұрлан Жантоқов биыл Ойыл мен Жем өзендерінде су тасқыны қаупінің жоғары екенін де жасырып қалған жоқ. Сол себепті Қызылқоға және Жылыой аудандары бұған қатты мән бергені жөн.
– Жылыой ауданында тасқынға қарсы дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, аяқталуы жақын. Бөгеттердің 85-90%-ы қайта нығайтылып, Жем өзенінің арнасы қоқыс-қалдықтардан тазартылып, шамамен 110 метрге дейін кеңейтілді. Қазір келген су еш кедергісіз өтіп жатыр. Қызылқоға ауданында да тасқынға қарсы жұмыс жүруде. Барлық бөгеттер бекітіліп, өзен бойын тазарту жұмыстары басталды, — деді басқарма басшысы.
Нұрлан Қойланұлы бұл бағытта басты қиындық бар екенін де жасырып қалмады. Ақтөбе облысында күннің күрт жылынуына байланысты келетін қазір судың нақты көлемін анықтау мүмкін емес көрінеді. Осыған орай, облыс әкімінің тапсырмасымен су деңгейін автоматты түрде бақылайтын гидроқондырғылар орнатылып жатыр. Ондай құрылғы Ақтөбе облысымен шекаралас аумаққа, Жылыой ауданына, басқа да облыс бойынша бес жерге орнатылуы тиіс.
– Бұрын орнатылған құрылғылар да жұмыс істеп тұр, алайда олардың көрсеткішін қолмен есептеу қажет. Қазіргі басты мәселелердің бірі – гидробекет қондырылатын аймақтарда интернет желісінің жоқтығы, — деді Н.Жантоқов.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Сурет: egemen.kz