Бүгін түнде Атыраудың орталық көпірі ашылады
22 қаңтар, 2020 жыл. Қаңтардың 22 нен 23 не қараған түні, сағат 00:00 де орталық көпір ашылады деп хабарлайды Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Р. Джанглишов жауапты бөлім басшыларымен бас қосқан жиында мәлімдеді.
— «23 қаңтар күні сағат 00:00 де орталық көпір үстіндегі көлік қозғалысы қайта қалпына келтіріледі. Қалалық ТКШ бөлімі, коммуналдық салаға жауапты мекеме мен полиция департаменті жол көлік қозғалысының қауіпсіздігін қадағалап әрқайсыңызға тиісті шараларды қабылдауды тапсырамын» деді.
Өз кезегінде Р. Джанглишов орталық көпірге зерделеу жұмыстарын жүргізген мамандардың қорытындысына сәйкес: 3.4, 3.11, 3.24 жол белгілерін көпір ашылғанға дейін орнатуды және көпір үстімен ауыр жүк көліктері жүруіне болмайтынын және көпірде көлік тығыны орын алмауы сонымен қатар автокөліктердің жылдамдығы 40 км/сағ. ережесі қатаң сақталуы тиіс екендігін атап өтті.
Қала тұрғындарын тасымалдайтын қоғамдық көліктер бұрынғы өз сызба-маршрутына сәйкес жүретін болады.
Естеріңізге сала кетсек 1965 жылы пайдалануға берілген қаламыздың орталық көпіріне жиырма жыл бұрын жөндеу жұмыстары жүргізілген.
2016 жылы көпір конструкциясының жай-күйі бойынша техникалық тексеріс тағайындалып, нәтижесінде орталық көпірдің кейбір тіректерінің ескіргендігін, нысанға күрделі жөндеу жұмыстары қажет екендігін көрсетті. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүзеге асыруға жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталынып мемлекеттік сараптамаға жолданған.