Жауапкершілік жүгі жеңілдемейді

Облыстық әкімдіктің кіші мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Атырау облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы болып өтті.

 Бұл жолы қаралған өзекті мәселенің бірі «Тіл туралы» Заң талаптарының сақталмауына қатысты еді. Атап айтқанда, Исатай ауданындағы Тұщықұдық ауылдық округінің әкіміне селодағы асхана, шайхана, шаштараз және дүкендер атауларын жазуда орын алған олқылықтарға қатысты сөгіс беруге ұсыныс жасалды. Сондай-ақ, жер телімін бөлуге байланысты Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан бірқатар заң талаптары бұзылып, қағазбастылыққа жол бе-рілгендігі анықталған. Қала әкімінің орынбасары Ә.Зайдуллиннің түсіндіруінше, қазір шаhар бойынша жеке кәсіп ашу үшін жер телімін сұраған арыздар өте көп. Тұрғындардың жерге қатысты арыздары арнайы комиссияда қаралып, шешім алынады. Десек те, арыз-шағымдарды қарауда заңнамалық актілердің орындалуы қатаң сақтала бермейді. Осыған байланысты қала әкіміне жер бөлу жөніндегі шешім жобаларын заңды және уақытылы шығаруды қамтамасыз ету жөнінде ұсыныс берілді.

 Басқосуда көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша жүргізілген талдау және сараптама қорытындылары да назардан тыс қалмады. Департаменттің басқарма басшысы Ш.Әлекешовтің айтуынша, биыл бірінші тоқсанда мерзімдері сақталмаған мемлекеттік қызмет көрсетудің 13 фактісі орын ал-ған. Департаментке қызмет сапасының төмендігі туралы 4 арыз түскен. Оның үшеуі – жер, біреуі азаматтық хал актілерін тіркеу салаларына қатысты екен. Осыған орай кеңес мүшелері бұған жауапты лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарау жөнінде ұсыныс жолдады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз