Жарнама
ЖаңалықтарҚоғамҚұқық

Бүгін абыройы асқақ Ата Заңға – ширек ғасыр толады!

Atr.kz/30 тамыз, 2020 жыл. Қымбатты қазақстандықтар, қадірлі Қазақ елі, баршаңызды 30 тамыз – Ата Заңымыздың алғаш қабылданған күнімен қызу құттықтаймын. Алдағы жылы мемлекетіміз тұғырлы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осынау маңызды мерекенің қарсаңында айбынды да айбарлы Ата-Заңымыздың қадір-қасиетін астын сызып көрсеткім келеді.

Расымен де, тәу етер Тәуелсіздік, әуезді Әнұран, еңселі Елтаңба, тұғырлы Ту, бұлардың бәрі де әр қазақстандық үшін ұлық ұғымдар. Осы қатарға киелі Конституцияны да қосуға болады. Өйткені, онда әр азаматтың құқығы қалай қорғалатыны егжей-тегжейлі жазылған. Ендеше, Ата Заңнан асқақ құнды құжат жоқ. Демек, бұдан артық айтудың да қажеті жоқ.

Олай болса, бәріміздің ендігі міндетіміз – аталған құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа дін-аман аманаттауымыз керек. Бұл үшін Конституцияның әр бабын, әр бөлігін, әр тармағын есте ұстап жүру де артық етпейді. Егер сіз өз құқығыңызды білмейтін болсаңыз, ел үшін еңбек ете аласыз ба? Міне, осы жағын ескеру керек сияқты. Сондықтан, баршаңызды Ата Заңның ақ жолымен жүріп, оны қастерлеп-қадірлеуге шақырамын.

«Адам сыйлағанның құлы» деген сөз бар қазақта. Онсыз да қамшының сабындай қысқа ғұмырда бір-бірімізді ренжітпей жүргенге не жетсін?! Ендеше, Конституцияда осының бәрі қамтылған. Біздің елдегідей адамзаттың ары мен абыройына негізделген заңдар жинағы басқа ешбір елде жоқ. Жылдар жылнамасына көз жүгіртсек, «Қасым ханның қасқа жолы» мен Есім ханның ескі жолына» тап боламыз. Міне, Қазақ елі о бастан-ақ темірдей тәртіп пен адам құқығына айрықша маңыз, зор мән берген. Ата-баба жолын кейін «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» басты. Биыл сексендей мерейлі жасқа жетіп жатқан Елбасының ерен еңбегін айтпай кетуге болмас. Оның шын мәніндегі Тәуелсіз Қазақстанды құрудағы қолтаңбасы әр қазақстандықтың жүрегінде жатталып, мәңгілік сақталмақ.

Ал, бүгінгі атаулы күнде Ата заңның түп тамыры сонау ғасырлар қойнауындағы «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», Әз-Тәукенің «Жеті жарғысынан», яғни дәстүрлі құқық бастаулары ретінде танылатын осы негізгі үш дала «конституциясынан» бастау алатынын еске алған жөн.

Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігін алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда өзінің алғашқы Конституциясын қабылдағаны баршамызға мәлім. Бірақ, 1993 жылы Конституция ескі әкімшілік, әміршілдік қоғам ережелеріне, көбіне кеңестік демократия принциптеріне негізделгендіктен, жаңа қоғам өмірінің талабына сәйкес келмеді.

Осы Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары, оларды жүзеге асыру принциптері, мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асыру нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметтері, 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстан Республикасының Егемендігі туралы Декларацияда айтылған биліктің үш саласы: басқару, сот билігі, заң шығару биліктерінің әрқайсысының атқаратын рөлі көрсетілмей қалды. Осылайша, 1993 жылы қабылданған Конституция өмір талабына сай келмегендіктен, Қазақстан Республикасының Тұнғыш Президенті Н.Назарбаев қайтадан жаңа Конституция қабылдау керектігі туралы ұсыныс жасады.

Осылайша, Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Референдумға сайлаушылардың тоқсан пайызы қатысып, олардың 81 пайызы Конституцияны жақтап дауыс берді. Өйткені, жаңа Конституция халық пікірінің, ойының, олардың мүддесінің заңдылық көрінісі болды. Жаңа конституцияның авторы деп біз бүкіл Қазақстанның сайлауға қатысуға құқығы бар халқын айтуымызға болады.

Бұл Конституцияның Қазақстан аумағында қолданылған бұрынғы (1924, 1936, 1978, 1993 ж.ж.) Конституциялардан артықшылықтары мен ерекшеліктеріне заң саласының өкілі ретінде тоқталып кетейін:

Біріншіден, заң шығарушы, атқарушы, сот билігін белгілеп, олардың құзіретін, жұмыс істеу тетігін, өзара іс-қимыл бірлігін заң тұрғысынан айқындап берді;

екіншіден, өкімет билігінің аталған тармақтарға бөлінуі мемлекеттің лауазымды адамдардың, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жол бермеуін;

үшіншіден, бұл Конституцияда құқық пен жауапкершілік ұғымдары пара-пар көрсетілген. Осы Конституцияда бұрынғы Конституцияларда шешімін таппаған мемлекеттердің мәні, жер, тіл, азаматтық, Парламенттің қос палаталы жүйесі, Президенттің құзыры, сот төрелігінің қызметі сияқты күрделі мәселелер заңдылық тұрғысынан өз шешімін тапты.

Сонымен қатар, әлеуметтік салаға бағытталған нарықтық экономиканы, соның ішінде зейнетақымен қамтамасыз етуді, тұрғын үй қатынастарын, білім беру мен денсаулық сақтауды және өзге де маңызды әлеуметтік салаларды іргелі түрде реформалауға тың серпін берілді. Әлемді шарпыған қаржы-экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстан бюджет қызметкерлеріне төленетін әлеуметтік төлемдер мен еңбекақыны көбейту жөніндегі барлық міндеттемелері орындалуда. Конституция қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді негіздей отырып, оның мықты іргетасына айналды.

Конституцияның маңызы мен рөлін күшейту мемлекеттегі құқықтық саланың дамуының заңды тенденциясы болып табылады. Республикада Жоғарғы Сот бас болып, бірегей соттық жүйе құрылып, біркелкі соттық тәжірибе орнатылып, бірегей кадрлық саясат жүргізуге себепші болды.

Ең бастысы, адам өмірінің құндылығы мойындалды. Әркімнің өмір сүруге құқығы ескеріліп, Конституцияға тиісті өзгерістер 1998 жылы 7 қазанда, 2007 жылы 21 мамырда, 2011 жылы 2 ақпанда енгізілді. Соған сәйкес, елімізде адамды аса қатал жазаға тарту қысқартылды. Өлім жазасы тек соғыс уақытындағы немесе террористік әрекеттерге жататын қылмыстарға, немесе көптеген адамдардың қазасына соқтырған аса ауыр қылмыстарға қатысты ақтық шара ретінде қарастырылды.

Конституциядағы өзгеріске сәйкес, күзетпен ұстау соттың санкциялауы арқылы жасалатын болды. Бұл жаңашылдықты мемлекеттің адам құқығын қорғау төңірегіндегі жалпыға танымал стандарттарға жақындауының аса маңызды бөлігі деп білу керек. Бұл соттық бақылауды кеңейтудің және алдын ала зерттеу жүргізу кепілдігін енгізудің алғашқы қадамы. Бүгінгі күні елдегі сот жүйесі Конституцияға сәйкес, әрі қарай дамуға бағытталған шараларды жүзеге асырып жатыр.

Мәдениеттілік, отансүйгіштік, ұлтжандылық әрбір отбасындағы тәрбие шеңберінен бастау алса, әділдік пен заңдылықтың күретамыры – Ата заңымыздың қайнарынан қуат алады.

Конституция бойынша өмір сүру – ең жоғары демократиялық мектеп болып табылады және бұл мектепті біз бәріміз де ұғуымыз қажет.

Сөз соңында, мүмкіндікті пайдалана отырып, егемен еліміздің әр азаматын Ата Заң күнімен құттықтап, әр отбасыға жанұя жарастығы мен шаңырақ шаттығын тілеймін. Шуақты шақтарымыз бен сәулелі сәттеріміз көп болғай, ардақты ағайын!

Мейірбек БАҚЫТЖАНҰЛЫ,

Қазақстан Республикасы Заңгерлер одағының мүшесі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button