Бруцеллездің алдын алуға бола ма?
Atr.kz/14 ақпан, 2020 жыл. Атырау облысы бойынша 2019 жылы тұрғындар арасында жедел бруцеллезбен 24 науқас тіркеліп, 2018 жылмен салыстырғанда бруцеллезбен аурушылық 2,7 есеге азайған.
Бруцеллез – адамдарға жануарлардан берілетін зоонозды ауру. Адам үшін қой-ешкі бруцеллезі ең қауіпті.
Ауру қалай жұғады?
Адамдар ауру жануарларды бағып-күтуде жеке бастың алдын алу шараларын сақтамағанда, олардан алынатын шикізаттарды өңдеуде және тамаққа шикі сүтті және одан дайындалған өнімдерді, жеткіліксіз қайнаған етті пайдаланғанда жұқтырады.
Аурудың негізгі белгілері қандай?
Бруцеллез қоздырғыштары ағзаға өткеннен кейін адам бірден бруцеллезбен ауырмайды. Жасырын кезеңнің ұзақтығы шамамен 1-3 аптаға, ал кейбір жағдайларда бірнеше айға дейін созылуы мүмкін.
Ауру әдетте біртіндеп басталып, көңіл-күйі нашарлайды, бұлшықеттері ауырады, асқа тәбеті жоғалады, терлейді, жұмысқа қабілеттілігі төмендейді. Көп ұзамай бұл белгілер күшейіп, дене ыстығы 39-40оС-қа дейін жоғарылайды, басы, буындары ауырады, әлсіздік, ұйқысыздық пайда болады.
Алдын-алу шаралары:
Бруцеллезді жұқтыруды болдырмау үшін, әрбір адам келесі ережелерді қатаң сақтауы қажет:
— жыл сайын малдарды бруцеллезге тексеруден өткізу;
— малда түсік тастау жағдайын тез арада малдәрігеріне хабарлау;
— балаларды бруцеллезге тексерілмеген малдарға күтім жасауына, олардың төлдерімен ойнауына жол бермеу;
— мал күтіміне кіріспес бұрын, арнайы киім кию;
— бұл киімдермен тұрғын үйге кірмеу;
— жұмысты аяқтағаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу;
— ауру мал тұрған қораларда тамақ ішпеу, темекі шекпеу;
— малдәрігерінің алдын-ала қарауынсыз малды союға жол бермеу;
— малды союды аулада емес, мал сою пункттерінде жүргізу;
— жеке адамдардан мал сатып алғанда малдәрігерінің рұқсат қағазын талап ету;
— ет және сүт өнімдерін қатаң белгіленген орындардан алу (базарлар, дүкендер, үлкен сауда нүктелері).
Бруцеллез емделетін ауру. Дер кезіндегі диагностика мен емдеу жедел бруцеллездің созылмалы сатыға өтуін ескертеді. Адам тез жазылып, асқынуларды болдырмау үшін емді алғашқы ауырғаннан күннен бастап алу қажет. Әдетте, дер кезінде емін алып, дәрігер тағайындаған емдеу курсынан толық өткен науқастар тез жазылып кетеді.
Дереккөз: Атырау облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті