Бруцеллезден сақтаныңыз!
Облыс бойынша өткен жылы жедел бруцеллездің 55 жағдайы тіркеліп, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 9,3 пайызды құрады (Қызылқоға ауданында – 31, Индер ауданында – 21, Атырау қаласында – 2, Құрманғазы ауданында – 1 жағдай). 2015 жылмен салыстырғанда аурушаңдық 2,2 есеге көбейіп отыр (2015 ж. – 25 жағдай, көрсеткіш – 4,3, оның ішінде Қызылқоға ауданында – 13, Индер ауданында – 12 науқас), республикалық көрсеткіш – 5,9. Жедел бруцеллезбен ауырғандардан 6 бала, 4 жасөспірім тіркелді.
«Ұлттық сараптама орталығы» Атырау облысы филиалының аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасы 52 науқастан «мелитензис» типті бруцеллез қоздырғышын бөліп шығарды. Бұл індеттің қой-ешкілер арасында кең таралып отырғанын көрсетеді.
Мал қожайындарымен малдарды бағып-күтуде мал дәрігерлік-санитарлық ережелерді бұзуы халық арасында сырқаттанушылықтың өсуінің негізгі факторлары болды.
Ең бастысы, адамдар жануарларға күтім жасағанда, төлдеу кезінде көмек көрсеткенде, түсікпен жанасқанда, ауру жануарлардан алынған шикізаттарды өңдегенде, тамаққа шикі сүт және одан дайындалған өнімдерді пайдаланғанда жұқтырады. Сондықтан, малдарды күтудің барлық жұмыстарын арнайы киім киіп жүргізу қажет. Бұл киімдермен тұрғын үйге кіруге мүлдем болмайды. Жұмысты аяқтағаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу керек.
Көптеген жағдайда адамдар бруцеллезді мал төлдегенде және түсік барысында жұқтырады. Әсіресе, жануарларға балаларды, жүкті және бала емізетін әйелдерді жақындату – қауіпті. Осы жануарлардан алынған шикі сүтті және дайындалған өнімдерді тамаққа пайдалану аса қауіпті болып келеді.
Kөктемгі мал төлдеу кезінде адамдардың бруцеллезді жұқтыру қауіптілігінің жоғары болатынын есте ұстау қажет. Бруцеллез қоздырғыштары ағзаға өткеннен кейін адам бірден бруцеллезбен ауырмайды.
Ауру әдетте біртіндеп басталып, көңіл-күйі нашарлайды, бұлшық еттері ауырады, асқа тәбеті жоғалады, терлейді, жұмысқа қабілеттілігі төмендейді. Көп ұзамай бұл белгілер күшейіп, дене ыстығы 39-40оС-қа дейін жоғарылайды, басы, буындары ауырады, әлсіздік, ұйқысыздық пайда болады.
Бруцеллез – емделетін ауру. Дер кезіндегі диагностика мен емдеу жедел бруцеллездің созылмалы сатыға өтуін ескертеді.
Зульфия ҚАЙРЕДЕНОВА,
облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау
департаментінің бас маманы.