Жарнама
Жаңалықтар

Браконьерлік қашан бұғауланады?

«Браконьерлікті тоқтатуға бізде мүмкіндік те, күш те бар. Оған ерік-жігеріміз де жетеді. Міндеттің ауыр екенін жауапты әрбір құрылымның басшысы жете сезінуі тиіс. Ал, заңсыз балық аулауға тосқауыл жасағандар, балық барымташыларына қолдау көрсеткендер жауапкерші-лікке тартылатын болады».

көкейкесті

Дүйсенбі күні облыстық прокуратурада өткен үйлестіру кеңесінде аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев осылай деді. Алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, жергілікті барлық құқық қорғау органдарының жетекшілері, балық шаруашылығына қатысты құрылымдардың өкілдері, қала және селолық округтің әкімдері қатынасты.

көкейкесті2

Заңсыз «өнімге» сұраныс кеміді

Бұрын бағалы балық аулағандар жазаланғанымен, оны тасымалдағандар, саудалағандар «жаңбыр астынан құрғақ» шығатын. Заңның олқы тұсына бүгінде шектеу қойылды. Енді олар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Браконьерлік тауарға сұранысты кеміту үшін де шара алынды. Балық пен оның өнімдерін заңды түрде арзан бағаға саудалаудың нәтижесінде халықтың жеңсік асқа қолы жетті.

– Өкінішке орай, балық шаруашылығына байланысты біраз проблема шешімін таппауда. Соның алғашқысы – айлақ салу, браконьерлерден тәркіленген жүзу құралдарын сақтау орнын белгілеу мәселесі. Исатай ауданының Жанбай, Зинеден, Аманкелді елді мекендері аумағындағы қылмыстық ахуал да ерекше алаңдатады. Өткен жылдары біз әкімдікпен бірлесіп, «тә-уекел аймақтары» деп аталатын аудандарда балық аулайтын кооперативтерді құру мәселесін қозғағанбыз. Соның нәтижесінде балық аулайтын шаруашылықтарға («Аманкелді», «Жамбыл» өндірістік кооперативтері, «Тілекші» ЖШС, «Хазар» жеке кәсіп-шілігі өндірістік кооперативі) 336 адам жұмысқа орналастырылды, – деді облыс прокурорының орынбасары Серік Шалабаев.

Қаптаған қызметкер қайда қарайды?

Бағалы бекіренің қоры жыл санап азайып бара жатыр. Мұның себебін мамандар Жайық өзенінің тайыздануымен, балық қорегі көлемінің кемуімен байланыстырады. Өсіп жетілмеген шабақтың ауға түсуі бекірені көзден бұл-бұл ұшыруы мүмкін. Осы қауіпті прокурорлар ашына айтты. «Бекіре» акциясының ұйымдастырылуы да сынға ұшырады. Мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қаптап жүрсе де (балық қорғау инспекциясында – 84, ІІД-інде 154 адам) браконьерлер айылын жия қоймаған. Сонда олардың заңды белден басуына не себеп?

Құқық қорғау, арнайы органдардың бұл бағыттағы қызметінде кемшілік көп.  Жауапты құрылымдар құлқынын ойлағандармен күресуде әлі белсенді емес. Ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтай алмауына да осы енжарлық кедергі келтіретінге ұқсайды. Күштің бірікпеуінен, жұмылып жұдырық болмауынан бүгінде қолдағы бар байлық көрінгеннің уысында кетіп жатыр.

– Мәселенің мәнісіне маңыз бермей, браконьерліктің жолы кесілмейтіні белгілі. Осы тұрғыдан келгенде, жалпы балық аулау, оны өткізу бақылаудан тыс қалғанын айтуға тиіспіз. Заңсыз ауланған, немесе браконьерлерден сатып алынған «су маржанына» заңсыз құжат жасақталады. Оны бөлінген лимит ауқымында заңдастырып алады. Қалыптасқан проблемаға сондықтан мемлекеттік кірістер департаменті араласуы жөн деп санаймын, – деді Серік Шалабаев.

«Балық басынан шіриді»

Дәл осы мақалды балық қорғау органдарының атына айтқан жөн секілді. Мұның нақты себебін Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Владимир Малахов бүкпесіз жария етті.

–  Біз өткен жылдың қыркүйек айында облыстық ІІД балық қорына қылмыстық қолсұғушылыққа қарсы күрес бөлімі мен орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының жұмысын саралаған болатынбыз. Оның барысында көптеген кемшілікке көз жеткіздік. Мәселен, су полициясында 36 қызметкер еңбек етеді. Олар былтыр 79 қылмыстық істі   сотқа жолдап, 251 әкімшілік істі анықтаған. Яғни, бөлімнің әрбір қызметкері жыл бойында екі – қылмыстық, жеті әкімшілік істі ғана ашқан болып тұр,-деді табиғат қорғау прокуроры.

Сотқа жолданған 51 қылмыс-тық істің 36-ы 300 келіге дейінгі балықты тәркілеуге байланысты қозғалған болып шықты. Он іс – 1000 келі, төрт іс – 1,5 тонна және біреуі 3,8 тонна салмақты құрайтын балық үшін сотқа жолданған.

Прокурордың пікірінше, мемлекет пайдасына браконьерлерден тәркіленген балықтың салмағы 21 тоннаны құрайды. Салыстырмалы түрде – бір ауыр жүк көлігінің салмағымен бірдей. Су полициясына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалғанымен, оның қайтарымы аз болып тұр. Балық барымташыларынан мемлекетке қайтарылған шығынның көлемі – 700 мың теңге. Ал, олардың суда жүзетін техникаларының жанармайы үшін 10 млн. теңге жұмсалады. Кіріс пен шығыстың қиыспайтынын мектеп жасындағы бала да білсе керек. Қара уылдырық туралы да осыны айтуға болады. Өткен жылы 4 келі бағалы дүние тәркіленген. Ал, кірістер департаменті биылғы екі айда ғана 11 келі қара уылдырықты айналымнан алыпты.

Шығын көп. Кіріс неге аз?

Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының ауыз толтырып айтар жетістігі бар. Алайда, оның қызметінде кемшілік те аз емес. Соның бірі –құрылымның еңбек заңдылықтарына мән бермеуі. Мұнда соңғы екі жылда 50 қызметкер жұмыс-қа алынған. Дегенмен, олар бос жұмыс орны туралы жұмыспен қамту орындарын хабардар етуді басы артық шаруа санапты. Республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың көлемі 300 млн. теңгеден 387 млн. теңгеге өскенімен, қазынаға қайта-рылғаны – 200 млн. теңге. Соған қарамастан «үлгілі қызметімен көрінгендер» сыйақы алған көрінеді.

Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының басшысы Мұрат Ермекқалиев сыннан қорытынды шығарып жатқанын баяндады. Дегенмен, оның өзін қиын жағдайға қалдырған мәселе бар екен.

– Мен өзімнің жауапкершілігімді жақсы сезінемін, қарамағымдағылардан да соны талап етемін. Осы себепті заңсыздыққа жол берген қызметкерлерге қатысты мәселе қойғаныммен, ақыр соңы олардың сотқа апелляциялық шағым келтіруінің нәтижесінде жеңілдім. Ал, менің заңды талабымды еңбек қорғау департаменті қолдап отыр,-деді ол.

Инспекция басшысының Каспий теңізінен балық ау-лауды тоқтату туралы ұсынысы үйлестіру кеңесінде кеңінен талқыланды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мәселенің маңыздылығына тоқталып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті ұсыныс жолданатынын айтты.

«Қамқорлықты» кім көрсетеді?

Аймақ жетекшісі Нұрлан Асқарұлы бағалы балық қорын сақтау, оның талан-таражға түсуіне жол бермеу бағытындағы шараларға кеңінен тоқталды. Жасалған жұмыс аз болмағанымен, ол-қылықтар да кездеседі.

– Жергілікті жерде 19 табиғат пайдаланушы жұмыс жүргізуде. Олар өздерінің қызметтерінде көптеген кемшіліктерге ұшырасады. Алайда, балықшылар өздерін тол-ғандырған проблемаларды ашып айтуға құлықты емес. Сыни пікірі өзіне кесірін тигізеді деп үрейленеді. Біз мұндай жағдайдың орын алуына жол бермеуге тиістіміз. Басты мақсат – балық қорын сақтай отырып, табиғат пайдаланушылардың жұмыс жасауына жағдай жасау,-деді облыс әкімі.

Басшы қоғамда кеңінен    талқыланған мәселелердің шешімін таба бастағанына тоқталды. Соның бастысы – Жайық, Қиғаш өзендерінің «тамағын» аршу жұмысы. Осы мақсатта жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталып жатыр. Ол мамыр айында бітіп, нақты қарекет шілдеден басталатын болады. Соның нәтижесінде Жайық өзені бойындағы 65 шақырым аралық терең қазылмақ. Мұндай шара Қиғашта да атқарылады.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев халықтың ырыздығы, Атыраудың «су алтынын» қорғауда тегеурінді шаралар алынатынын көпшілікке ескертті. Ортақ мақсат жолында кедергі келтіретіндер де жауапкершіліктен шет қалмайды.

– Маған жұртшылықтан хат көп келеді. Мұнда ашық немесе анонимді түрде кейбір құқық қорғау органдары басшыларының тарапынан браконьерлерге «қамқорлық»  көрсетілетіні туралы жазылады, нақты деректер келтіріледі. Үш-төрт қайығын алғаннан соң, оларға тиіспейтіндігі туралы да хабарламалар бар. Соған байланысты барлық құрылым басшысының жеке жауапкершілігі туралы ескерткім келеді,-деді Нұрлан Асқарұлы.

Әкім табиғаттың ырыздығын қызғыштай қорғап жүргендерді ешкімнен қорықпай, алаңдамай жұмыс жасауға шақырды. Соған қатысты айтқан мына пікірі де елең етерлік.

– Браконьерлікке қарсы күресті күшейткеннен соң Фейсбуктегі мына бір жазбаны менің назарыма ұсынды. Мұнда былай деп жазылған екен: «Иә, әкімият дұрыс жолмен келе жатыр. Бастысы, Ноғаевты Жайыққа батырып кетпесе болды». Осының өзі адамды өзінше қорқыту. Мұндай үркіту, қауіп келтіру секілді пікірлер болмас үшін арнайы және құқық қорғау органдарының бұл мәселемен тереңірек айналысуын тапсырамын,-деп сөзін қорытындылады облыс әкімі.

Өңір жетекшісі, сонымен қатар, көтерілген мәселелер бойынша жауапты құрылым басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Related Articles

3 Comments

  1. Былайғы жұрт өзен мен теңіз жойылмай, браконьерлер де жойылмайды деп жиі айтады. Бірақ, бұл жерлерде жемқорлыққа жол бермеу керек деп ойлаймын. Құзырлы органдар қызметкерлерінің сыртынан да бақылау күшеюі керек. Бекіре азайып барады. Келесі ұрпаққа да табиғат байлығын қалдыруымыз керек қой. Мүмкін, қорғалған арнайы жерлерге көп функциялы камераларды орнату керек болар

  2. Жасанды жолмен балық өсіру шараларын көбейту керек. Және суға жіберілген шабақтар да бақылауда болуы керек.

  3. Жақында ғана халық алдында есеп берген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, Жайық өзенінің Махамбет, Индер аудандарының тұсында өзен тасығанда көлшіктер пайда болады. Қазіргі таңда осындай 30-дың үстінде көлшік бар. Балық ғылыми зерттеу институты мамандарының айтуы бойынша, осы көлшіктердің 15-де тоғанды әдіспен балық өсіру мүмкіндігі бар екен деп мәлімдеген еді. Осы жұмыстарға Ауылшаруашылығы министрлігі назар аударса, жергілікті ғалымдар, зиялы қауым өкілдері атсалысса, балық қоры молаяр еді. Ал, браконьерлермен заң орындары айналысуы керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button