Жарнама
Жаңалықтар

БОЗДАҚТАР ЕСІМІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

 

Аймақ басшысы мейманды Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай өңірде қолға алынған шаралардан хабардар етті. Елбасы биылғы 2 қыркүйекте Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысында осы айтулы күнді өз дәрежесінде өткізуді, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерін барынша қамқорлауды, оларды медициналық қызметпен қамтуды, мүмкіндігінше жорық жолдарына сапар ұйымдастыруды, т.б. тапсырған-ды. Бұл ретте жергілікті атқарушы билікке де біраз міндет жүктелген.

Осыған орай облыста майдан даласынан оралмағандардың есімдері жазылған үлкен мемориалдық тақта тұрғызылады. Соғыс жылдары Қорғаныс комитетінің бұйрығымен Гурьев-Астрахан темір жолы салынды. Оның құрылысына жүздеген қарт пен әйелдер, жас балалар тартылды. Тылдағы осынау үлкен еңбек ерлігін мәңгі есте қалдыру үшін арнайы ескерткіш орнатылмақ. Майдангерлерді ұлықтайтын өзге шаралар да жоспарланды. Олар кезегімен қазір де жүзеге асырылып жатыр.

Сонымен қатар, облыстық әкімдік Атырау қалалық және жеті аудандық ардагерлер кеңестеріне қызмет көлігін берді. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінен құралған «Фронтовичка» хорына да «темір тұлпар» берілді. Сөз ретінде айтар болсақ, Атырау – күллі елімізде барлық аудандық ардагерлер кеңестерінің жеке қызмет көліктерімен қамтылып отырған екінші облыс.

Бұл бағытта елімізде де қыруар іс тындырылуда. Республикалық ардагерлер кеңесі Орталық комитетінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаевтың Мәскеуден оралған беті екен. Сондағы ТМД мемлекеттері, Балтық жағалауы, Қап тауы баурайы және Орта Азия елдері ардагерлерінің Халықаралық одағында осы бағытта Қазақстанда жасалған жұмыстарды баяндапты. Еліміздегі ардагерлерді қолдау шараларына ол жақтардағы азаматтар таң қалыпты. Қазақстан тәжірибесін кеңінен таратуға шешім қабылдапты. Астаналық мейман осы қуанышты хабарымен бөлісті.

М.СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button