Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Бота көңілім боз мая іздейді енді, Балалығым бұлдырап қалған жерден…

«…Алпысыншы жылдары қазақ даласын тұтас қаулай бастаған рухани тың серпілістің Атыраудағы прорабы Меңдекеш Сатыбалдиевтың қадірін бірте-бірте күллі қазақ әдеби қауымы бағалай бастады…»

Әбіш Кекілбаев

73741f858a767af43a01fa1fe1565509

Ағаш шебері Сатыбалдының үйінде отыз жетінің қоңырқай күзінде бір ұл бала дүниеге келді. Әжесінің, әке-шешесінің де ортақ баласы – жалғыз ұл сол зұлмат жылдардың өзінде де қаққы көрмей өскені хақ. Жал-ғыз ешкінің сүті де, шаңырақтың бір күндік азығы жарты таба нанның қомақты үзімін де жас баланың аузына ұстаған. «Екі шалдың ортасындағы бала дана болады» дегендей, олардың баласы да, данасы да – осы Меңдекеш. Күлгені, сөйлегені, жүргені – бәрі де оларға бір мереке.

Жас балаға мынау табиғат, анау аспан мен күн, жымыңдаған жұлдыздар, тіпті шегірткенің шырылы, күшіктің үргені, мысықтың мияулағаны да бір жұмбақ әлем болатын. Ол кезде шыған-тоғымда бір кездесетін бота мен құлынның мұңды даусы, сазды үні жас баланың қиялын қозғап, өзі де бота болып боздап, құлынша құлдырап кететін.

1941 жылдың жазы. Сұрапыл соғыс кезі. Осындағы отыз үйден отыз азамат майданға кетті. Кейін бұл көріністі ақын былайша жырлады:

Отыз боздақ атқа қондық,

Отызға жетпейтіндер.

Отызға жете қалсақ,

Орман боп көктейтіндер.

Отыз боздақ атқа қонды,

Отыз ошақ қалды артта.

Отан-Ана, ақсар болсаң,

Отызымыз айналамыз балдаққа.

Отыз боздақ атқа қондық,

Отыз үйдің еркесі.

Отан жүгін көтереді

Отыз нардың өркеші.

Атан жіліктей азаматтардың орнын шал-кемпір, бала-шаға басты. Таңның атысы мен батысына дейін егіндікте қауырт жұмыс тоқтамайтын.

Бұндайда Меңдекеш Қараш төбедегі жарлы лашықта жалғыз қалатын. Сол жазда ол төрт жасқа шыққан еді. Ай туа әке-шешесі үйге келсе, баласы жоқ. Сатыбалды күрегін босағаға сүйей сала, зәре-құты қалмай, айналаны, қуыс-қуысты қарайды. Ойнап жүріп бұта түбіне ұйықтап қалды ма деп те ойлайды. Ескі нанымдағы ата-ана пері көтеріп кеткен жоқ па екен деп те аласұрады. Апыл-ғұпыл жүгіріп, селеудей селдіреп қалған киіз үйлерге жүгіреді.

– Ойбай, әлгі бала жоқ!

– Көргендерің бар ма?

– Қой, байғұс не дейді?!

– Япырым-ай, жазым болмаса жарар еді?!

Содан үміт, күдік аралас іздеу басталды. Қаршадай баланы қарамаған жер жоқ. Нағашысы Шәдір ақсақал да, үйінде байыз тауып отыра алмай, Жем жағалап іздеуге шықты. Шыңдауыл тұсындағы су жағасынан ағараңдаған бірдеме көрінді. Жақындаған сайын жан иесі екендігі, қимылдағаны байқалады. Біссімілләға тіл келтіріп, жедел басып жанына келсе, Сатыбалдының жүгермек жас баласы екен. Шошытып алмайын деген оймен жақындап келіп:

– Айналайын, жай отырмысың? — деді.

– Қызық! Қызық! Тамаша! — дейді бала.

– Ата, көрмеймісің? Керемет қой!

– Нені?.. — Ақсақал секем ала бастады.

– Ана балықтарды, шабуылшы балықтарды, — дейді бала.

Аузын арандай ашқан ақ серкелер, шоршып-шоршып жүйткіген шортандар шабақтарды тарыдай шашыратып, қуып жетіп, қылғытып жүр екен. Бауырлары жарқылдап, толқынды жарып өтіп, жай оғындай ойнақ салады. Тышқан аулаған мысықтай епті де, еркін көсіледі. Осы көрініс бала түгілі, ақсақалға да қызық көрініп кетті.

– Ата, мен су астынан бәрін көріп отырдым. Жансауғалап қашқан шабақтар фашистер де, азулы шортандар біздің сарбаз ағалар емес пе?! Асықпашы, жауын талқандап шықсын, осында отыра тұрайықшы, — дейді бала өз қиялына өзі сеніп.

Ақсақал бармақтай баланы жар басынан, мынау су астындағы күрес әлемінен, өз қиялының шындық сенімінен оңай ажыратып алмасын сезді.

– Жарайды, сенің тереңдегі теңсіздікті жауға, ерен ерлік қимылды батырларға теңеуің әбден орын-ақ екен. Дұрысында солай, біздің елдің майданда жеңіске жететіні анық. Ертең бұл суретті көрсетуге суға өзім-ақ ертіп келейін, әке-шешең іздеп, әлек-шәлегі шығып жатыр, жүр, — деп қолынан ұстап, ауылға беттеді. Сатыбалды баласын өліп-өшіп бауырына басты.

– Ана жақта біздікілер фашистерді қырып жатыр, — деп Жемге қарай қолын шошайтады, әке жазған бірдеменің шалығы тиген бе деп, одан сайын үрейлене түседі. Баласының оқшау, оқыс сөздерінен, бір затты екінші затқа балап ұқсату машығынан әкесі жалғыз ешкінің жалғыз лағын садақа қылды. Енді еркесінің әрбір қылығын қалт жібермей қадағалауға айналды. Меңдекеш беймаза, еліктегіш елгезек болып өсіп келе жатты. Үй сыртына өскен шидің басы желмен ызыңдаса да, жас бала содан әуен іздеп, әдемі күйге түсті. Шидің де күй тартатын не кереметі бар деп ойлады. Шынында, шидің қобызша құбылып үн шығаратынын кім көрген?! Ал, сезімтал Меңдекешке солай байқалғаны анық жай еді. Бірде әкесі қарағай шауып, кішкене домбыра жасап беріп еді, ол соған сан дыбыстарын түсіруге тырысып бақты. Тапқан әуеніне өзі ат қойып, шерте жөнелгенде үй іші кәдімгідей арқаланып:

– Өркенің өссін, қарағым!

– Өнерпаз боларсың-ақ бір күні, — деп мәз болатын.

Бес жасында қара домбыраны қаз дауысынша қаңқылдатқан Меңдекеш аз ауылдың көңіл аулар домбырашысы болды. Кешкісін оның үзіп-жұлып тартқан күйіне «бәрекелді» айтысатын. Жұрт «ал, баста» дегенде, бұл екі иығын ұшар құстай қомдап, балғын саусақтары домбыра пернесінде жедел қозғалатын. Оған десе, саз домбырадан шығып жатқан жоқ, өз көкірегінен, тынымсыз соққан жүрегінен шығып жатқандай көрінетін. Ол алты жасқа келгенде ата-анасының айтулы қолқанаты болып алды. Әкесі мен шешесі жұмысқа кеткенде алдарынан шай демдеп қояды. Қолы қай іске де икемді. Шығыр айдаған шымыр бала да атанды. Колхоз басқармасының атын өріске жіберіп, таңертең алып келу де оның мойнында болды. Мұны ол атқұмарлығынан істеді, оған бұл жұмысты тапқан ешкім де жоқ еді. Кейде қысқа қашықтықты атпен шауып өтуді армандайтын. Оның бұл талабын ат иесі орындай салатын.

– Өкпесін қыспай, баппен айда,  — дейтін.

– Жарайды, аға, — деп елпілдейтін бала.

* * *

Меңдекеш Жеңіс жылы алғаш мектепке барып, шәкірттік кезеңін бастаған. Сол шақты ақын ұстазы, белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Қабиболла Сыдиықов естелігінде былай деп жазған еді: Меңдекешке алтыншы сыныпта сабақ бердім. Қыс кезі. Ауыл ол кезде әр жерде, бытыраңқы. Бірқатары алысырақ. Бір күні төрт-бес бала сабаққа кешігіп келді. Ортасында Меңдекеш, көк тонды, бойшаңдау, арықтау, ақсары бала. Соңғы жылдары әке-шешеден түгел айрылып, сырқаулы қарт әже қолында екенін білетінмін. Ол кезде кем-кетік адамдардың да күйі  мәз емес.

– Тапсырма қандай еді, —  дедім жай ғана. Басын тік ұстап, жанары жалт ете түсіп, алғы бір нүктеге тіке қарады да, Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмайын» ағыта жөнелді.

– Отырыңдар.

Қасындағылардың бірқатары Меңдекешке ырза көңілмен жымия қарап, біреулері солай айта алмаймын-ау деп қорынып, тұнжыраңқырап барып, партаға отыра бастады. Меңдекештің алғашқы балауса жырлары мектеп қабырға газетінде жарық көрген еді. Меңдекеш жүзі де, жаны да нұрлы адам еді, сөйлескен, пікірлескен, сырласқан тіпті алғаш кездескен кісінің өзін де баурап, ықыласты әңгімелесетін. Бауырмал, сезімтал, рухы биік, кісілігі мол жан еді».

Ал, Меңдекешті аға тұтқан заманымыздың заңғар жазушысы  Әбіш ағамыздың естелігінен өткен күндерге сағынышы мен риясыз көңілі, ақ жүрегі мен шынайы ниет-ықыласы аңғарылады.

«Шәмші Қалдаяқов пен Төлеген Айбергеновтің Атырау, Маңғыстау барған сапарлары қазақ мәдениеті төңірегіндегілердің ұрпақтан ұрпаққа айтып жүретін тарихи оқиғасы болды. Екі жайсаңның сол сапарда бірігіп туғызған тамаша шығармалары әліге дейін жұртшылық ауызында. Дәл сол жемісті кездесулер мен айта қаларлық оқиғалардың қақ ортасында жүріп, негізгі ұйтқысы болған да Меңдекеш Сатыбалдиев  еді.

Оған дейін облыстық радио мен газет арқылы аймақ  жұртшылығына танылып, оқта-текте ғана республика оқырмандарына көрініп жүрген талантты журналист енді біржолата өлеңге ойыса бастады. Бұрын көкірегінде сыймай жүрген мөлдір қайнардың көзін Алматыдан келген сұрапыл ақын Төлеген Айбергенов ашып бергендей болды. Оның тебіренген теңіздей жойқын буырқанысы, ыңыранып алыстан жеткен сарындай сағынышты сазы, соған лайық мың оралып, мың бүктеліп жататын білем-білем ырғақтары мен арқардың мүйізіндей мың бұралған бунақ-бунақ күрделі ұйқастары атыраулық жас ақынға көптен ауаланып жүрген таңсық кеңістігіне жол сілтегендей болды. «Көбіміз кейде көтере алмаған өлеңнің жүгін үстеген; сең күркірегенде найзағайлардан да үстем-ең! Тебіренген сені көргендей болам мен әлі, теңізді көрсем деңгейден төмен түспеген. Маңғыстау жаққа омырауыңды ашып келмесең, маған да арман бітер ме еді – арындылығыңды көрмесем?! Қайқы қылыштай қайқиып шыға келдің-ау, мінажат қылып Махамбет жатқан жерге сен!» — деп толғанды кейін бұл жайында Меңдекеш .

Төлеген барып кеткеннен кейін қалың қарлы қыстан соң қатпарлы жоннан шапшып атқан бұлақтай ақтарылып қоя берген Меңдекештің ақ бұрқақ жырлары Жайық бойындағы талақтарында биті бар қалған жастарды да жабыла дүрліктіргендей. Бір барсам, Меңдекештің аядай екі бөлмесінің біреуі баяғысынша келген-кеткен меймандардың жүк қоймасына, ал, екіншісі салиқалы әдебиет салонына айналыпты. Оған Алматыдан ат құрғатпайтын жолаушы ақын-жазушылармен қоса, жергілікті талапкерлер де ертелі кеш ағылады да жатады екен. Нұралы, Аманқос, Күзетбай, Қаржаубай, Нариман, Қадыр, Жүсіп, Қырықбай сынды қаулап өсіп келе жатқан жас қаламгерлермен сол Меңдекештің дастарханындағы Рузия құйған күрең шайдың үстінде танысқанмын. Ол төрде Берік Қорқытов, Қабиболла Сыдиықов, Теңдік Жауыров, Берқайыр Аманшиндей ардақты  ағаларымыз бен Хисмет Табылдиев, Фариза Оңғарсынова сынды қатарларымыз да сан-санат мәжіліс құрған-ды.

Түннің бір уағына дейін өлеңдер оқылып, не қилы айтыс-тартыс қызатын. Түн ауғаннан кейін де тек бірқатарымыз ғана үйді-үйге қайтып, көпшілігіміз еденге қатар-қатар төсек салдырып, сол үйге қонып қалатынбыз. Күні бойғы мәжілісіміз аз болғандай, көрпенің астынан да бастарымызды суырып алып, қауқылдасып әңгіме соғатынбыз. Неткен таусылмайтын таластар десеңізші! Бәрі де ауыздан шыққысы келіп, тісті жарып барады. Бұл, шамасы, сол кездегі әлеуметтің көкейін тесіп бара жатқан көл-көсір толғау болса керек. Енді қызғалы тұрған рухани майданның нөсер алдындағы дауылдай буырқанысы секілді. Меңдекеш  сол сұрапыл дауыл алдындағы теңіз төріне шаңқылдай көтерілген көп шағаланың біреуі емес, оларды төңірегіне иіріп, шырқ айналдыра алға бастап жүрген дауылпазы тәрізді еді.

Оны Алматыға шақырушылар көбейді. Өзі де өнер шалқарының бір пұшпағындағы ықтасында қалып қойғысы келмей, шайқасы мол, шарпуы жиі, толқынды айдынның қан майдан төріне қарай талпынды.

Сөйтіп, Алматыға келді. Бірақ, мұндағы үй ішінен үй тігіп, бірінің сыртынан бірі сыпсыңдасып жүрмесе, бастары ауыратын көп сығырдың үйреншікті желіктеріне түсіп кетпеді. Әдебиетке құмартқанмен, әдебиет төңірегіндегі із аңдысқан ішмерез тоғышарлыққа құмартпады. Атырау айдынының ақжарма самалындай ақкөңілділігі мен аңқылдаған ақпейілділігін мұнда да сақтай алды. Соның арқасында әдеби ортаға тез сіңісті. Саяси баспаның бастан асып жататын тау-тау шарасынан тайсалмай, белсене араласып, еңбекқорлығымен көзге түсті.

Көп ұзамай оны басқа қызметтерге де шақыра бастады. Қаршадайынан репортерлік магнитофонын асынып, халық арасында жүріп қалған тілшілік машығы ағымдағы баспасөзге қайта оралтып, «Мәдениет және тұрмыс» журналына жауапты хатшылыққа қызметке барды. Азғантай уақыт ішінде бұл беделді басылымның бетінде де ол өз бедерін байқатып үлгерді.

Ол жылдар Меңдекеш үшін ең бір шабытты шырқау кезең болды. Зиялы қауымның үлкен-кішісімен тегіс араласып, бәрінің де көргісі келетін, көрмей қалса: «Меңдекеш қайда?» деп, іздеп отыратын қалаулы адамына айналды. Қай жиын, қай думанда да маңдайы жарқырап, бірден көзге түсті. Талантты шығармашылығымен қоса асқар таудай биік  адамгершілігімен танылды».  Нағыз әдебиет пен адамгершілік ажырамайтын егіз ұғымдар десек, «суреткердің өз басының идеялық, адамгершілік, профессионалдық кемелдігін шыңдай алмай тұрып, оның шығармасының идеялық кемелдігіне қол жеткізу еш мүмкін емес» деген Әбіш Кекілбаевтың пікірі М.Сатыбалдиев шығармашылығына берілген әділ  баға сияқты.

* * *

«Атамекен, өзіңнен алған деммен, алыстарға ұзауды арман көргем» деп биік арманға қол созған Меңдекештің туған жерге деген перзенттік сағынышы әрдайым қаламынан сәулелі жыр болып төгілді.

Өмірден мықтап

Қайтса деп жүрмін бір есем,

Мен соны қалқам, қалқам

Тілеймін күнде

Тіле сен…

Арман не шіркін!

Ақкиізтоғайға алшыдан түскен асықтай

Тезірек табан тіресем.

Туған ауыл, ақындардың ауылы атанған Ақкиізтоғайына деген құрметі мен сағыныш-көңілі де аласармайтын, суымайтын ақ арманына айналды. Сол ақ арманмен ақыретке де аттанған болар…

Әкем маған бала кезімде үнемі Меңдекеш аға туралы естеліктер айтып отыратын. Жақсылығы мен жан тазалығы өн бойында есіп тұратын дейтін. Өзегі өрт өлеңге толып, тым ерте көз жұмған ақсұңқар ақынды ақырғы сапарға аттандыру кезінде болған жағдайларды тебірене әңгімелегені бар-ды. Меңдекешті ақырғы сапарға аттандырар жаназасына әзірлік кезінде ыдыс-аяқ, орындықтарды Әбіш Кекілбаевтың үйінен әкелу керек болды. Екі ара үш-төрт аялдама, біраз жер, машинамен тасуға ақын інісі Дүйсенбек Қанатбаев қарсы болды. Көшеде жаяу-жалпылап жүргеніміз ұят емес пе десті біреулер. Оған да орынды тоқтау  айтты. Қарымызға қаралы белгі тағамыз да, қолдасып әкелеміз. Мекеңнің інісінің көптігін адам түгілі, Алланың өзі көрсін деді. Ақыры жүзге таяу жас қаламгерлер шеруі қажет нәрсенің бәрін еш қиындықсыз жеткізді. «Біздің әрқайсысымыз орындық емес, ақынның өзін арқалап келе жатқандай сезіндік деген еді».

* * *

Менің жазу үстелімнің үстінде қаз-қатар тізілген кітаптар жатыр. «Ақ моншақ», «Шулайды толқын», «Күн шуағы», «Қызғыш құс», «Қоңыр қозы», «Жартастағы жазулар», «Мөлдір аспан». Бұлар:

«Жем де жырлатып шулы ағынын,

Тапты ұйқасын жоғалған шумағының.

Бірақ, қымбат секілді бәрінен де

Осы ауылға тап менің тумалығым.

Атамекен, өзіңнен алған деммен,

Алыстарға ұзауды арман көргем.

Кім білген асау өлең, дүлдүл өлең,

Аударып кетеріңді қай күні ерден» деп жырлаған Меңдекеш ақынның кітаптары. Ол жыр тұлпарында мығым отырған, шығармашылық шалқар шабытқа толы шағында еді. Сұм ажал биікке қанат қаққан ақсұңқар ақынды қыршынынан қиып кетті. Әдебиетші-шежіреші ұстаз Жанаш Нұрмаханов кезінде «Кең Жылой» газетіне былайша толғанысын білдірген еді: «Аяулы Меңдекеш! Бар өмірі көз алдымызда. Оның кіндік қаны Жем суына жуылды. Сол кезде талдырмаш денелі, аққұба өңді баладан осындай дүлдүл ақын шығады деп ешкім де ойламағаны анық. Ол ата-анасынан ерте көз жазып, өмірдің тауқыметін көп көрді, тағдырдың таяғын аяусыз жеді. Осы сәт өлеңінде былай өрнектелді:

Қарашта қалған,

Қапсағай ұста шалдың да.

Ойсырап тұрған киелі орны бар мұнда.

Қара шаңырақты қара дауылға ұшыратпай

Көтеріп келген мен сірә… қара нармын ба?

О, нарлық қайда, жүдеген кезім көп менің,

Қаршадай шақтан арамшөп емес еккенім.

Соғыста кеше қанды су тасып жатқанда

Шырқырап кештім шырғалаң өмір өткелін.

Бір ғажабы, Меңдекеш өмірге іңкәр, қиындықтан қорықпайтын батыл жан еді. Ал, жазушы-драматург Берік Қорқытов өзінің «Бірегей болған інім еді» атты естелігінде Меңдекештің талабы мен таланты туралы жазған еді: «Меңдекеш бақи дүниеге жастай кетті, бірақ, әдебиетте халқына рухани азық боларлық мол мұра қалдырып кетті. Бұл отыз алты жасар азаматқа аз дүние емес. 1955 жылы облыстық  газетіне (15 сәуірде сол кездегі «Социалистік құрылысқа») мектеп қабырғасынан жаңа шыққан балаң жігіт жұмысқа алынды. Бұл Меңдекеш Сатыбалдиев болатын. Бұрын ешқандай мекеменің есігін ашып көрмеген, ысылмаған Меңдекешті бірден жұмысқа алған себебіміз мектеп қабырғасында жүргенде жазған екі-үш балдырған өлеңі газетте жарияланған болатын. Содан қолының желі бар, аузының ебі бар талантты жас екенін біліп, үміт күткенбіз. Бүгінгі көзбен қарасақ, бұл сол күнде редакция үшін де, Меңдекеш үшін де ерлік болатын. Бұл үміт екі жақтан да ақталды. Ол 1967 жылы облыстық комсомол комитеті жанынан «Жасдәурен» атты қоғамдық бірлестік құрды. Бұл бірлестіктің жұмысы республика, одаққа танымал болды. Меңдекеш өз қатарларына үлгі-өнеге болған жігіт еді. Ол қаламдас та, қадірлі інілерімнің бірі емес, бірегейі. 1966 жылы «Правда» газетінің 50 жылдық мерекесіне орай очерктерге бәйге жарияланды. Меңдекеш осы бәйгеге қатысып, «Мөлдір аспан» очеркі үшін бірінші орын алған еді».

* * *

Дүниеде қанша адам болса, сонша мінез, талғам бар. Ал,  шын ақын сол мінез-талғамдарды, алуан көзқарастарды сөз сиқырымен арбап алады. Оған дәлел керек пе?! Керек десеңіз, алыстан алмай, әкемнің (А.Ершуов) естелігіне жүгінейін:

«1984 жылдың қансонары. Ол кезде совхоз басшыларының «қоғам малын құртады» деген саясатпен қасқыр аулау салты. Арланды арғымақ қанжығасына бөктеріп келген, совхоз партия ұйымының хатшысы Құлмұхан Төремұратовтың үйінде оның көкжал туралы көшелі хикаясын тыңдап отырдық.

– Қасқыр туралы хас шығарма жазып, оны көркемдік деңгейге көтерген Меңдекештен артық кім бар,-деді Сәттіғұл Жаңбырбаев деген ауыл азаматы.

– Меңдекеш шығармаларынан хабардармын. Ол өзі ауылдың жігіті ме? — дейді Құлмұхан.

Мен оның Ақкиізтоғайда туып-өскенін, Алматыда жерленгенін, ағалық, ақындық байланысымды, ағайындық негізімізді, біз әңгіме етіп отырған өлең «Қызғыш құс» атты таңдамалы жинағында екендігін және оған алғысөзді анау-мынау емес, Қадыр ақын жазғандығын айтамын. Осыдан кейін совхоз партия ұйымының хатшысы: «Ертең жұмыстан соң үйге сол кітапты алып келсеңдерші» деп ұсыныс жасады. Біз айтылған уақытта бардық. Олар тыңдады. Мен оқыдым.

…Қойлы ауылға шапқан мың,

Атан жыққан күш бөлек.

Жатыр көкжал қақпанның

Серіппесін тістелеп.

Тынышталды қатал жақ,

Көзінде от тұтаған.

Қалды, міне, шұқаңдап

Қорлық көріп бұтадан.

Алты қарыс азу да,

Шарт үзе алмай шынжырды.

Айналғандай қажуға

Алғаш рет қынжылды.

Жетіп еді жыраға,

Қақпан тағы қыстады.

Енді азапқа шыдамай

Көкжалдығы ұстады.

Міне, төбет қыңсылап,

Түсті арланның астына.

Қарайды арлан аңшыға

Көздерінен жас тұна.

Мен осыдан сыр ұқтым,

Неге керек басқа өлшем.

Кешем–Көкжал жігіттің

Көздерінен жас көрсем…

Бұл өлең ешкімді де енжар қалдырмады. Жан-жүректі  жұлқылап өтті. Бір сәтке ақын суреттеген қасқыр екеш қасқырды аядық та. Үй ішін көңілсіздік басты.

– Шай суып қалды, — деді бір кезде оның ақылды бәйбішесі Роза. Үй иесі өз байламын айтты. «Осы ақынның 50 жылдық мерекесін жасайық». Сөйтіп, 1987 жылы Меңдекештің жыр-тойын өз туған ауылы өткізді. Оған аудан, облыстан қонақтар, Алматыдан ақынның жұбайы Рузия, балалары шақырылды. 1990 жылы халықтың сан қол жинауымен, қолдауымен Құлсарыдағы жаңадан ашылған мектепке Меңдекеш Сатыбалдиевтың аты берілді».

Меңдекеш  кезінде облыстық газетте ғана емес, облыстық радиода да бөлім меңгерушісі болып қызмет еткен. Сол кезде Төкен Жұмағұлов оның жүргізушісі болыпты. Төкен Танайұлы Жылыой ауданына әкім болып қызмет еткен тұста, 1997 жылы Меңдекештің 60 жылдығын аудан көлемінде дүбірлі той қылып өткізгені ел есінде. Тойға Алматыдан Рузия апай мен балалары, Меңдекеш ақынның жақын араласқан достары, көркем сөздің ұстасы Қадыр Мырза Әли, Дүйсенбай Қанатбаев арнайы шақырылды. Сол мереке кезінде Қадыр ағамыз: «Ел мен ер бірдей сөз. Ер елмен өседі. Текті ақынын қадірлеп той қылған ақын ауылының ерлігіне тәнтімін. Меңдекеш мектебі өмір-өзен жалғасуын көрсетеді. Меңдекештанумен осымен тоқталмаймыз. Ақын–елдің бақыты. Ешқашан да бақытты ақын болмайды. Ақынның көретіні – жан дерті, өлең дерті. Қызығын елі  көреді. Ақын ауылының абыройы биік болғай» деп тебіренсе, белгілі ақын Дүйсенбек Қанатбаев: «Ақынды білгіңіз келсе, оның туған жеріне барыңыз. Туған топырағының демімен, халық жүрегімен сезініңіз. Меңдекештей ақын ағамның еліне шексіз ризамын» деп ақжарма тілектерін ағытты.

Ауданда басталған Меңдекеш ақын тойын Х.Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университеттің сол кездегі ректоры  Хисмет Табылдиев жалғастырып әкетті. Алғаш рет университетте М.Сатыбалдиев шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. Ол кезде мен университеттің қазақ әдебиеті  кафедрасында оқытушылық қызметте жүрген кезім еді. Меңдекеш шығармашылығына арнап үш баяндама оқылды. Қадыр Жүсіп, Мұқан Көптілеуов ағайлар және мен баяндама жасадым. Бұл баяндама менің жолымды ашты. Жиналыс біткен соң, Қадыр Мырза Әли әкеме: «Аманқос, Маржанды оқыт, Алматыға, аспирантурға жіберу керек. Қызыңның болашағы бар» деді. Бұл сөзге әкем де, мен де аң-таң болып тұрып қалдық. Әкем маған үнемі «жазба, қағазды қор қылма, ақындық рахат емес, сор-бейнет, жазуды да қолынан келген адам ғана жазады, ән салғанның бәрі әнші емес, өлең жазғанның бәрі ақын емес, босқа күлкі болып қалмай, өміріңді сүр, күніңді көр» деп ұрсып қоятын. Менің ішімде үнемі: «жаза алам, не жаза алмаймын» деген екіұдай соғыс жүріп жататын. Арбасқан үміт пен күдік сияқты. «Сол екіұдай соғыс енді аяқталды-ау» деп қуанғанмын сонда ішімнен. Үміт жеңді. Содан кейін мені ректор Хисмет Табылдиев аға жолдамамен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-не аспирантураға жіберген еді. Осылайша, Меңдекештануға аяқ бастым. 1994 жылы «М.Сатыбалдиевтың поэтикасы» деп қорғаған дипломдық жұмысымды жалғастырып, 2000 жылы  академик Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен «Меңдекеш Сатыбалдиевтың әдеби мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым.

2007 жылы Алматы қаласы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қолдауымен  Меңдекеш Сатыбалдиевтың 70 жылдық мерейтойы  Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрында өтті. Театрда өткен жиында Меңдекештің шығармашылығы туралы сөз сөйледім. Сол жылы «Ембімұнайгаз» АҚ басшысы Мақсым Ізбасовтың қолдауымен шыққан Меңдекештің кітабы да оқырман назарына ұсынылды.

Биыл – Меңдекеш ақынның 80 жылдығы. Қадыр ақын айтқандай, «ер елмен өседі», ақынын іздейтін елі болса, Меңдекештей ақынның мәртебесі кемімес, халықтың ықыласы суымас деген ниет-көңіл жан жылытады. Лайым солай болғай!

Маржан ЕРШУ,

ақын,

филология ғылымдарының кандидаты.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button