Жарнама
Жаңалықтар

«Бостандыққа шықсам… Бәрін басынан бастаймын»

Темір тордың ар жағындағы тіршілік

Сырт келбеті суық көрінгенімен, бұл жерде де өмір қайнап жатыр: арнайы білім беру, кәсіптік дайындық, еңбекпен қамту – бәрі бар. Бізді мекеме бастығының міндетін уақытша атқарып жүрген әділет подполковнигі Вячеслав Жұмыров қарсы алды. Ол өзінің қызметтік жолы, мекеменің тыныс-тіршілігі туралы әңгімелеп берді.

Вячеслав Вячеславович ішкі істер органдарындағы жұмысын 2008 жылы бастаған. Әуелі жедел уәкіл ретінде қызмет атқарса, кейін әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеген. 2022 жылы ол Атырау облыстық ҚАЖ департаментінің өзіндік қауіпсіздік тобына ауысып, екі жылдан соң №79 мекеме бастығының орынбасары болып тағайындалады. Биылдан бастап мекеме басшысының міндетін атқарып жүр екен.

– Әйел адамдармен жұмыс істеу – оңай шаруа емес. Алайда ішкі істер саласындағы тәжірибем бұл мекемеде де өз септігін тигізіп жатыр. Қиындығы болса да, бұл бағытты таңдағаныма өкінбеймін,-дейді ол.

Аталған түзету мекемесі 2009 жылы іске қосылып, келесі жылы алғашқы сотталған әйелдерді қабылдаған. Атырау облысындағы түзеу мекемесінің жалпы аумағы 2316 шаршы метрді құрайды. Мұнда 300-ден аса әйел жазасын өтеуде, ал мекеме сыйымдылығы да шамамен 300 адамға шақталған.

Өндірістік аймақ қарастырылмағанына қарамастан,  мекеме бос тұрған үй-жайларды тиімді пайдалану жолдарын тапқан. Атырау мемлекеттік жекешелендіру департаментімен бірлесе отырып, жеке кәсіпкерлермен келісімшарт жасалып, сотталған әйелдер еңбекке тартылған. Бұл – бос уақытты тиімді пайдалану ғана емес, қайта әлеуметтенудің бір жолы.

Білім беру де назардан тыс қалмаған. Мекеме аумағында жалпы білім беретін мектеп пен кәсіптік колледж жұмыс істейді. Қазіргі таңда мектепте 18 оқушы білім алуда. Ал колледжде 128 сотталған әйел аспаз, шаштараз-дизайнер және тігінші мамандықтары бойынша оқып жатыр.

– 2025 жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланған соң, біз де бұл бастамадан тыс қалмадық. Жеке кәсіпкерлермен меморандум жасасып, колледж түлектерін еңбекпен қамтуға жағдай жасаудамыз. Бұл – сотталған адамдардың босап шыққан соң қоғамға бейімделуіне үлкен көмек,-дейді В.Жұмыров.

Түзеу мекемесіндегі үміт пен еңбек

Аталған түзеу мекемесіне жасаған сапарымыз кезінде бізге терең ой саларлық бір дүние анық болды – бұл жер тек жазасын өтеуші әйелдердің уақытша мекені ғана емес, сонымен қатар өмірге екінші мүмкіндік беретін әлеуетті орталық.

Мекеме бастығының міндетін атқарушы Вячеслав Жумуров бізді ішкі құрылыммен таныстыра жүріп, түзеу мекемесінің басты бағыты – еңбекпен тәрбиелеу мен білім беру екенін атап өтті. Оның айтуынша, мекемедегі кәсіптік колледжде оқытылатын мамандықтар мен кәсіптер жергілікті еңбек нарығындағы сұранысқа сай бекітіледі. Бұл үдеріс жергілікті атқарушы органдармен тығыз келісім арқылы жүзеге асады. Колледждегі оқуын аяқтаған әрбір сотталушыға мемлекеттік үлгідегі диплом табысталады. Бұл құжат олардың бостандыққа шыққаннан кейін де кәсіби тұрғыда өмір жолын жалғастыруға мүмкіндік береді

– Жұмысымыз тек оқыту емес. Біз кешенді тәрбиелік бағдарламалар арқылы адам бойындағы өзгерісті ішкі дүниесінен бастаймыз,-дейді Вячеслав Вячеславұлы.

Тәрбиелік жұмыс арнайы сегіз бағыт бойынша жоспарланады екен. Бұл жоспардың орындалуына педагогтар мен мекеме қызметкерлері ғана емес, колледж студенттері де белсенді қатысады. Басты мақсат – сотталған азаматшалардың бойында оң өзгерістер тудыру, өзін-өзі тәрбиелеуіне, дамытуына мүмкіндік беру. Көптеген іс-шарада студенттердің белсенділігі ерекше байқалады. Психологиялық тұрғыдан да оң нәтижелер көрініп отыр. Вячеслав Жұмыров мұны «басты жетістік» деп бағалайды. Тәрбие процесін жетілдіру мақсатында әр курс деңгейінде студенттердің жеке ерекшеліктеріне сәйкес дифференциалды тапсырмалар қолданылады. Сонымен қатар барлық мамандықтар бойынша тәжірибе жұмыстары ұйымдастырылады.

Практикалық сабақтар да барынша шынайы ортаға жақындатылған. Колледжде оқитын сотталған студенттер үшін тәжірибе кезінде қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мекеме әкімшілігі тарапынан қатаң бақыланады. Атап айтсақ, тағам пісіруге арналған пештер, тігін машиналары мен қажетті материалдар жеткізілген. Сабақ өтетін бөлмелер де эстетикалық жағынан жабдықталып, оқу мен тәжірибені жағымды әрі ыңғайлы ортада жүргізуге барлық жағдай жасалған. «Бүгінгі таңда өндірістік тәжірибені сапалы меңгеру үшін барлық мүмкіндік бар» дейді мекеме басшысы.

Білім берумен қатар, психологиялық қолдау да бұл мекемеде жоғары деңгейде жолға қойылғанын байқадық. Мекеме жанындағы колледжде педагог-психологтың жеке кабинеті жұмыс істейді. Бұл кабинет сотталған студенттердің психологиялық саулығын сақтап қана қоймай, әлеуметтендіру, қақтығыстардың алдын алу, эмоциялық тұрақтылықты сақтау мақсатында да қызмет етеді. Жұмсақ жиһаздармен, ойыншықтармен, теледидар, музыка орталығы және қабырға стендтерімен жабдықталған бұл кабинет шынайы сенім мен қолдаудың символындай.

Вячеслав Жумуров бізді мекемедегі кәсіптік бағытта жұмыспен қамтылған сотталғандарға арнап құрылған өндірістік аймаққа бастап апарды. Қазіргі таңда мұнда 11 жеке кәсіпкермен әріптестік байланыс орнатылған.

– Мекемеде жазасын өтеуші 165 әйел адам нақты жұмыспен қамтылған. Олардың қатарында «АСМА», «Амангалиева», «КӘУСАР», «Белый квадрат», «ЭРТРИ», «АЛМАЗ», «ҚАМҚОР-2030», «Суйесинова», «Адай», «AYAS SAFETY» сияқты жеке кәсіпкерліктер бар. Бұдан бөлек РМК «Батыс» филиалында 13 тігінші, наубайханада 2 адам және асханада 1 адам еңбек етеді,-дейді ол.

РМК «Батыс»-тың базасында төсек жабдықтары мен сотталған әйелдердің нысанды киім үлгілері тігіледі. Бұл – бір жағынан ішкі сұранысты қамтамасыз етсе, екінші жағынан еңбекпен қайта әлеуметтенудің нақты үлгісі.

Мекеме басшылығы жеке кәсіпкерлермен өзара тығыз байланыста жұмыс істеуде. Ең бастысы – әйелдерге өз қателігін түзеп, қоғамға пайда келтірер тұлға ретінде қайта оралуына мүмкіндік беру.

Түзелуге бастар тағдыр алаңы

Мұнда тіршілік тоқтап қалған емес. Бұл жер – қоғамнан оқшауланған жандардың өз қателігін түзеп, өмірге қайта бет бұруына мүмкіндік беретін рухани және кәсіби даму алаңы.

Әрі қарай бізді мекеме бастығының міндетін атқарушы сотталған әйелдер айналысып жатқан нақты еңбек түрлерімен таныстырды. Оның айтуынша, бұл жерде жазасын өтеушілер түрлі өнімдер дайындаумен айналысады. Қолдарынан шыққан дүниелердің сапасы мен маңыздылығы кез-келген өндіріс орнынан кем емес.

Мұнда қысқы және жазғы арнайы киімдер, сүлгілер, құрақ көрпелер, қазақы нақыштағы орамалдар тігіледі. Терезеге арналған жальюз, қыз жасауының элементтері мен полиграфиялық қызметтер де жүзеге асады.

«Бұрын өзімді қолымнан ештеңе келмейтін жан ретінде сезінетінмін. Осында жүріп түрлі кәсіби дағдыларды үйрендім. Осы жағдай мені қатты өзгертті. Қазір тігін машинасының алдында отырып, қазақы нақыштағы орамал тігу – мен үшін еңбек ғана емес, рухани серпіліс сияқты. Бұл жұмыс маған өзімді қайта табуға, болашаққа сеніммен қарауға көмектеседі. Қоғамға пайдалы іс атқару – түзеу ғана емес, қайта түлегеннің белгісі деп білемін» дейді атын өзгертіп жазуды өтінген сотталушы.

Бұл – бір жағынан әйелдердің кәсіби машығын дамытатын мүмкіндік болса, екінші жағынан олардың қоғамға пайдалы еңбекке бейімделу жолы.

Рухани азық – кітапта

Түзеу мекемесіндегі келесі бағытымыз – кітапхана болды. Темір есіктің арғы жағындағы бұл бөлме – үміт пен тыныштықтың, ішкі ізденістің орнына айналған. Кітапхана екі бөлімнен тұрады: біріншісі – ортақ зал, екіншісі – жеке кітап оқу бөлмесі. Мұнда сотталған әйелдердің әдебиетпен сусындауына барлық жағдай жасалған. Бүгінде кітапхана қорында 4337 кітап бар. Оның 3000-нан астамы – көркем әдебиет. Бұл сандар ай сайын артып отырады. Сотталғандардың сұранысына сәйкес жаңа басылымдармен толығып тұрады. Қазір кітапхананың 315 тұрақты оқырманы бар. Ал Атырау қалалық әкімдігінің қолдауымен, қалалық кітапханадан ай сайын жаңадан шыққан кітаптар жеткізіледі. Бұл – рухани дамуға бағытталған тамаша бастама.

Айтпақшы, мекеме өмірінде еңбек пен тәрбие ғана емес, мерекелік көңіл күй де маңызды орын алады. Мұнда «Ашық есік күні» жыл сайын Балаларды қорғау күніне орай тұрақты түрде ұйымдастырылады. Сонымен қатар, сотталған әйелдер әрбір күнтізбелік мерекені ерекше ықыласпен қарсы алады.

Жыл басынан бері Айт мерекесі, Ғашықтар күні, Күлкі күні, Рождество, Халықаралық әйелдер күні сынды маңызды даталар аталып өтті. Бұл күндері арнайы мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, облыс орталығындағы мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы келіп концерттік бағдарламалар ұсынған.

Жақынмен байланыс үзілмейді

Темір тордың ар жағындағы әйелдер үшін жақындарының дауысы – ең басты демеу. Сондықтан мекемеде әр апта сайын арнайы кесте бойынша сотталғандар туыстарымен таксофон арқылы байланыса алады. Бұған қоса, заң талаптарына сай, бейнеқоңырау арқылы екі сағат көлемінде туыстарымен жүздесуге мүмкіндік беріледі.

Хат алмасу мен сәлем-сауқат жеткізу де белгіленген тәртіп бойынша жүргізіледі. Бұл – сырттағы әлеммен байланыс үзілмей, әйелдердің қоғамнан мүлде алшақтап кетпеуіне жол бермейтін маңызды тетік.

Медицина – ішкі әлемнің де шипагері

Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №79 әйелдер түзеу мекемесінде жүргізіліп жатқан жүйелі тәрбие, медициналық көмек пен құқықтық қолдау бағытындағы жұмыстар – қоғамнан уақытша оқшауланған жандардың өмір жолына жаңаша бетбұрыс жасауына мүмкіндік беріп отыр.

Әділет подполковнигі Вячеслав Жұмыров бізді ең алдымен сотталған азаматшаларға көрсетілетін құқықтық көмек мәселесімен таныстырып өтті.

– Аптаның әр жұма күні арнайы жасақталған кестеге сәйкес адвокаттар алқасының өкілдері келіп, сотталғандарға құқықтық кеңес береді. Бұл жұмыстар мекеме әкімшілігі мен заңгерлердің өзара үйлесімді іс-әрекеті негізінде жүзеге асады,-деді мекеме басшысы бізді медицина бөлімшесіне бастап бара жатып.

Түзеу мекемесінің медициналық бөлімі – толыққанды шағын емхана іспеттес. Мұнда сотталған әйелдерге терапевт, хирург, эндокринолог, психолог, фтизиатр, стоматолог, гинеколог және реабилитолог мамандар тұрақты түрде медициналық қызмет көрсетеді. Мекемеде диспансерлік есепте түрлі созылмалы аурумен тіркелген 64 сотталған әйел адам бар. Бұл бөлім заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген: УДЗ (ультрадыбыстық зерттеу) аппараты, ЭКГ, рентген, флюорограф, стоматологиялық және гинекологиялық қондырғылар, барлығы да жүйелі түрде пайдаланылып келеді.

Әр камераның артында – адам тағдыры

Медицина бөлімінен шыққан соң, бізді мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, әділет майоры Марта Өтепова қарсы алып, мекеменің ішкі тәртіп жүйесімен, жасақ жұмыстарының қыр-сырымен таныстырды.

– Бұл түзеу мекемесінде сотталғандармен тәрбие және психологиялық бағыттағы жұмысты бес бірдей жасақ бастығы жүргізеді. Қазіргі таңда мекемеде екі дағдылы, үш жеңілдетілген жасақ жұмыс істейді. Әр жасақ бастықтары – өз ісінің шебері,-дейді Марта Орынбасарқызы.

Ол – бұл мекеменің тарихымен біте қайнасып келе жатқан тәжірибелі маман. Қызмет жолын бақылаушылар қатарынан бастап, кадр инспекторы, бөлім бастығы қызметтерінен өтіп, бүгінде мекеме бастығының орынбасары лауазымында төрт жылдан бері абыроймен еңбек етіп келеді.

– Жасақ бастығы – сотталған әйелдердің түзелу жолында бағыт беруші адам. Олар жаңа түскендерді алғаш қарсы алып, бостандыққа шыққанда шығарып салады. Яғни, бүкіл жазасын өтеу кезеңі бойында жанында болады. Бұл – үлкен жауапкершілік пен адами биіктікті талап ететін міндет,-дейді ол.

Мекемеде сотталған әйелдермен заңгерлер, теологтар мен психолог мамандар тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтқанда, «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының теологтары мен психологтар терең рухани және психологиялық тұрғыда көмек көрсетіп келеді. Сонымен бірге «Ақниет» ақпараттық-талдау және оңалту орталығының теолог маманы Н.Боханов пен психолог Г.Боханова да сотталушылармен жүйелі жұмыс жүргізеді.

Мекемеге жаңадан келген әр азаматша 15 күндік карантин бөлімшесіне орналастырылады. Бұл аралықта оларға мекеменің тәртіптік, жедел, тәрбие және медицина бөлімдерінің қызметкерлері толыққанды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бейімделу кезеңінен өткізеді.

Түзеу мекемесінің ішкі өміріне үңіле отырып, біз бұл жердің сұп-сұр қабырғаларының арасында жылылық пен сенімнің, мейірім мен адамдықтың оты өшпегенін байқадық. Мұнда темір тор артындағы тағдырлардың болашаққа үмітпен қарауы үшін барлық жағдай жасалған.

Түзелуге берілген мүмкіндік

Аталған мекемедегі тәртіп пен талап – қоғамнан оқшауланған жандардың түзелу жолындағы басты бағдаршам. Әңгіме барысында бізбен тілдескен мекеме бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары режим бөлімі қызметі туралы да айтып берді.

– Сотталған азаматша мекемеге түскен алғашқы күннен бастап ішкі тәртіп ережелерімен жазбаша түрде таныстырылады. Әрбір бұйрықтың мәні түсіндіріліп, тәртіп бұзған жағдайда қандай шара қолданылатыны нақты айтылады. Мекеменің күн тәртібін орындаудан бас тартқандардың мәселесі жасақ тәрбиешілерінің кеңесінде қаралады. Алдымен жеке әңгімелесу, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Егер жағдай қайталанса, заң аясында тәртіптік жаза қолданылады,-дейді ол.

2022 жылдан бері мекемеде қауіпсіздік шаралары жаңа деңгейге көтерілген. Қол жүктері мен багажды тексеруге арналған заманауи рентген-телевизиялық құрылғы орнатылып, кіріп-шыққан әр адам жіті бақылаудан өтеді. Әуелі түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әрқайсысына тыйым салынған заттар жайлы ақпарат беріліп, бұл ережені бұзған жағдайда әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылатыны туралы жазбаша ескерту жасалады.

– Соңғы жылдары мекемеге тыйым салынған заттарды кіргізу деректері тіркелген жоқ. Бірақ жылына бірен-саран оқиға кездесіп тұрады,-дейді мекеме өкілі.

Қылмыстың арты – қасірет

Бұл жер – темір тор мен тар қапас ғана емес, әйел-ананың тағдыры, қоғамның жан жарасы, елдің ертеңі жатыр. Ауыр қылмыс жасағандар санының көптігі, соның ішінде нәзік жанды аналардың аз емес екендігі – бүгінгі қоғам үшін ауыр шындық. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін» әйел затының қылмыс жасап, жаза арқалауы – барша ел үшін орны толмас өкініш.

Түзеу мекемесінде әйелдердің бір ортада өмір сүріп, тіл табысуы да оңай шаруа емес. Сондықтан әр қызметкердің рөлі – тек бақылаушы емес, керек кезде ақылшы, жөн сілтеуші, тіпті жанашыр. Олар күн тәртібін сақтау арқылы тәртіпке үйретіп қана қоймай, олардың қалыпты өмірге қайта оралуына жанын салады. Алайда қанша жерден тәрбие мен еңбек, білім мен үміт қатар жүрсе де, өкінішке қарай, жазасын өтеп, бостандыққа шыққаннан кейін қайтадан осы жерге оралатындары бар. Көбіне олар – туған-туысы жоқ, барар жері, басар тауы қалмаған, қоғамнан орнын таппаған жандар. Өз тағдырының иесі бола алмай, «төркінін» сағынғандай қайтып оралатын олардың саны көңіл қынжылтады.

…Біз де үнсіз күрсіндік

Сол күні темір есік сыртында қалып, салқын тас қабырғалар арасынан шыққанымызбен, сол жердегі сан тағдыр, сан қайғы мен үміт аралас ойлар санамыздан ұзақ уақыт кетпеді. Бұл – күрделі жүйе, бұл – жанға бататын шындық. Бірақ дәл осы түзеу мекемесінде жүріп, түзеліп, ертеңіне сеніммен қараған жүздер мен қайтадан өмір сүріп кетуге талпынған жандар бар. Мұндағы жазасын өтеушілер «бостандыққа шықсам, бәрін басынан бастаймын» дегенді жиі айтады екен. Демек, үміт бар жерде өмір бар.

Репортаж соңында…

Біз аяқ басқан №79 әйелдер түзеу мекемесіндегі күн – жай күн емес. Бұл – тағдыр таразысынан өтіп, адам болып қайта қалыптасуға мүмкіндік беретін мекен. Біз көрген әр бұрышта – тәртіп, әр бөлмеде – үміт, әр жүзде – сағыныш пен сенім, ал әр қызметкердің ісінде – жүрекпен атқарылған еңбек тұр.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button