
Боранда жоғалған адам аман-есен табылды
Қызылқоға ауданы Сағыз ауылына қарасты “Ақшелек” шаруа қожалығынан 1990 жылы туған Қ.А. 21 ақпан күні сағат 13:30-да жүк тиегіш техникамен жолға шыққан. Алайда ауа райының күрт нашарлауына байланысты бағытын жоғалтып, адасып қалған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, құтқарушылар мен жоғалған жанның туыстары сол күні Мұқыр ауылынан 60 шақырым қашықтықта іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді. «Трэкол» автокөлігімен іздеу жұмыстарының нәтижесінде кеше, 22 ақпан күні сағат 00:30-да «Әсемкөл» жерінен жоғалған адам аман-есен табылды.
Ол медициналық көмекті қажет етпеді, жағдайы тұрақты. Іздестіру-құтқару жұмыстарына департаменттің 4 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды.
Айта кету керек, төтеншеліктер тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтап, дауылды ескертулер туралы хабарламалар түскен кезде алыс сапарға шықпау қажеттігін ескертеді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА