Бопай ханым
Оның Ресей жеріндегі зираты елеусіз жатыр
Әбілқайыр хан өз алдына бөлек феномен десек, оның жұбайы Бопай ханым да – жеке зерттеуді қажет ететін дара тұлға. Өткен аптада Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облыстары өкілдерінен құралған экспедиция көршілес Ресейдің Орынбор жерінде орналасқан Бопай ханымның зиратына барып қайтты. Ондағы мақсат – тұлғаның мұрасын зерттеу, жарыққа шығару.
Ел анасы
жөнінде не білеміз?
Қазақ тарихы – ержүрек ерлерінен естелігі мол тарих. Бір қызығы, біздің санамызда «батыр» деген ұғымда «ер жігіттер» бейнесі жаңғырып тұрады. Десе де, Бопай сынды батыр қыздың есімі қазақ тарихында жоғары орынға ие.
Ол – қазақтың соңғы ханы Кенесарының туған қарындасы. Кейбір деректерде оны «Бопай ханша» деп те атайды. Төре тұқымынан шыққандығының да әсері болса керек, ол бала кезiнен өжет те, батыл болып өсiптi. Жар сүйiп, ана атанған Бопай ханым «отбасы, ошақ қасы» деңгейінен бөлек, ағасы Кенесарымен бірге, орыс отаршылдарына қарсы күреседі.
Адайдың Табынай руынан шыққан батыр қыз – ел басқару ісіне араласқан қайраткер, дипломат. Ол күйеуі Әбілқайырдың саяси қадамына қолдау көрсеткен. 1731 жылы 22 қарашада орыс патшайымы Анна Иоанновнаға, 1748 жылы 5 қазанда Елизавета Петровнаға, әр уақытта Орынбор әкімшілігінің басшыларына жаз-ған хаттары да оның қайраткерлік қырын таныта түседі.
Күйеуінің қазасынан кейін де ол өзінің ұстанған бағытынан таймады. Ұлы Нұралыны әке ізін жалғауға дайындады.
Ұлт тарихындағы Бопай ханым тұлғасы
Орта жүз бен Кіші жүздің беделді билері мен батырларының Нұралыны хан көтеруге келісімін алғаннан кейін ғана, Бопай патшайым Елизавета Петровнаға, келесі күні бригадалық генерал А.И.Тевкелев пен Орынбор губернаторы И.Неплюевке өтініш хаттар жолдайды. Осы хаттарды жеткізу үшін екі жүздің беделді деген сегіз биі Орынборға, одан кейін Санкт-Петербургке аттанады.
Нұралыны «қырғыз-қайсақ ханы» етіп бекіту туралы Елизавета Петровнаның 1749 жылғы 2 мамырдағы жарлығы, онда Бопай ханымның хатына да сілтеме жасалуы, канцлер А.П.Бестужев-Рюминнің Бопайға арнайы хат жазып, патшайым атынан сыйлық жолдауы – қазақ ханшайымы саясатының жеңісі еді.
Орынсыз қантөгістің болмауын, ел іргесінің сөгілмеуін қамтамасыз ету арқылы Бопай ханым Әбілқайыр әулетінің дәрежесі мен беделін көтеруге ұмтылды. Сол үшін де күйеуінің кегін алуға «аттандатпай», Барақ сұлтанды жазалауды орыс әкімшілігі арқылы заңдастырып алуға тырысты.
«Қоғам дамуының негізгі көзі — тыныштық өмір» екендігін, халықтың болашағының бұлың-ғырлығын ұғынған ханым орыс әкімшілігін Елек өзені бойынан қала салдыртуға да үгіттейді. Қазақ-жоңғар қатынастарына тигізген әсері, Қайып хан мен Нұралы ханды бітімгерлікке шақыруға бағытталған әрекеттері оның ел бірлігін қамтамасыз етуге тырысқан мәмілегерлік ниетін аңғартады. Бопай орыс-қазақ қатынастарындағы және сол кездегі қазақ қоғамындағы шешімін таппай жүрген кейбір мәселелерді талқылау үшін Орынбор әкімшілігінің басшылығымен кездесіп, келіссөз жүргізуді де ойлайды. 1740 жылы Санкт-Петербургке ресми сапармен барып, Анна Иоанновнаға жолығу ниеті де болған. Батыр да ақылды ханымның зеректігі мен тапқырлығы жөнінде ағылшын суретшісінің де жазып қалдырған естелігі бар.
Деректер сөйлесе…
Тахауи Ахтановтың «Ант» драмасында Бопай «Әлімнің батыры, Дастанның отыз ұлының ішіндегі ақ маңдайлы, жалғыз қызы еді» деп келтіріледі. Ал, жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Елең-алаң» шығармасында Бопай ханым Адай Сүйіндік батырдың қызы делінген. «Біз осы пікірді қолдаймыз. Себебі, Әбіш Кекілбайұлының орыс ғалымдарының зерттеулеріне, мұрағат деректеріне, ел ішіндегі Ұлы ханшайым өміріне қатысты аңыздарға, шежірелерге сүйене отырып, тарихи тұлғаның арғы түбін ашуға тырысты» дейді ғалымдар.
Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы «Елең-алаң» романында Бопайды «Қосай Сүйіндік батырдың қызы» деп жазады. Роман көп жауһарларымыз ашылмай жатқан Кеңес үкіметі тұсында, алғаш рет 1984 жылы жарық көргенін назарда ұстаған жөн. Тәуелсіздік жылдары тарихи құжаттар мен шежірелер көптеп табылып жатыр.
Көнекөз қариялардан алынған әңгімелерде Қосай Бопайдың сіңлісі Қанайға үйленген, Әбілқайырмен бажа болғандығы айтылады. Әбілқайыр мен оның заманын көп зерттеген ғалым С.Өтениязов «Бопай – Адай руының қызы» деген тұжырымнан айнымайды. Ал, Әбілқайыр мен қазақ-орыс қатынастарын көп зерттеген тарихшы ғалым Қ.Есламғалиұлы кейіпкерімізді «төре тұқымынан» деп жазған («Ана тілі», 18.11.2009 жыл). «Батыс Қазақ энциклопедиясына» (Алматы, Арыс, 2010 жыл) да осы дерек енгізілген (194-бет).
Құпия кеңесші дәрежесі бар және Орынбор губернаторы И.Неплюев 1748 жылғы хабарламаларының бірінде «Кіші ордада Әбілқайыр ханның бес ұлы бар, ал, Орта ордада Барақ, Абылай туысы бар» деп көрсеткен. Назар аударарлық жағдай сол, Әбілқайырдың, қалмақ, башқұрт әйелдерінің есімдері аталмайды. Демек, хан шаңырағындағы бәйбіше Бопайдың абырой-беделі де, ықпалы да, танымалдылығы да басқа әйелдерден жоғары болды деген сөз.
Сіз не дейсіз?
Келдібай ЕСПАҒАНБЕТОВ,
«Қазақстан Республикасы Бейбітшілік келісім кеңесі» Ақтөбе облыстық филиалы төрағасы, ынталы топтың басшысы:
Бопай ханымға ескерткіш орнатамыз…
– Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданында Әбілқайыр ханға ескерткіш орнатылды. Сол істің жалғасы болады. Оның реформатор деңгейіндегі тұлға екендігі белгілі. Тарихи деректер бойынша, Әбілқайыр ханның сарабдал саясат жүргізіп, дұрыс шешімдер қабылдауына Ұлы ханшайымның да ерекше ықпал етіп отырған екен. Хан жұбайларының ішінде мұндай ірі деңгейге көтерілген ханымдар тарихта болмаған.
Ислам МЫРЗАБЕКҰЛЫ,
Атырау облысы Жылыой ауданы «Бекет ата» мешітінің имамы:
Халыққа танытуымыз керек…
– Алмағайып заманда асылдарымызды ұмыт қалдырдық. Бопай ханым тарихтан өзінің орнын алуы тиіс. Оны ұрпаққа таныту үшін осы орыннан кесене тұрғызуымыз керек. Одан соң елдің батыс өңіріндегі қалалардың бірінен көше атауын беріп, ескерткіш қою да міндетіміз.
Ұлықпан ЕСЖАНОВ,
Ресей Федерациясы, Орынбор облысы Дмитриев селосының тұрғыны:
Тарихта қалған тұлға
– Ел тағдыры қыл үстінде тұрған шақта өз белсенділігімен, саяси қайраткерлігімен көзге түскен Бопай ханым Орынбор облысындағы Дмитриев ауылының маңында жерленген. Бұл жерге бұған дейін де тарихшылар мен ғалымдар талай мәрте келді. Біз өз ауылымыздың тарихи тұлғамен байланысы барына қуанамыз. Ханшайымның қайраткерлік бейнесін таныта түсетін деректер әлі де болса кеңірек зерттеуді қажет етеді.
P.S. «Бопай ханымның ел үшін жасаған ерен еңбегі, қайраткерлігі, мәмілегерлік қыры сол дәуірдің өзінде-ақ орыс патшаларын, шетел саяхатшыларын таң қалдырған. Десе де, оның бейнесінің көмескіленіп, ұмытыла бастауы қынжылтады» дейді ынталы топ өкілдері. Орынбор облысы Елек ауданының Дмитриев селосындағы Бопай сайында жерленген қазақ ханшайымының басына кесене орнатып, ұрпақ жадында жаттату – біздің міндетіміз.
Атырау-Ақтөбе-Орынбор-Дмитриев-Атырау.
Абай АҚМҰРЗИЕВ