Жарнама
Жаңалықтар

Болашақтың іргетасы осы жерден қаланады

Жуырда біз техникалық білімнің флагманына айналған APEC PetroTechnic Жоғары колледжіне баспасөз турына қатысып қайттық.
«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында ұйымдастырылған бұл тур бізге еліміздің техникалық мамандықтар жүйесінің нақты қай бағытта дамып келе жатқанын өз көзімізбен көруге мүмкіндік берді.

img 1410 1


APEC PetroTechnic-ке аяқ басқан сәттен бастап, заманауи инфрақұрылым мен кәсібиліктің иісі сезіледі. Әр бұрышында нақты өндіріс, шынайы тәжірибе және болашақ инженерлерге деген сенім байқалады.
Колледжді аралай жүріп, біз біраз маңызды ерекшеліктерге куә болдық.
Оқу бағдарламалары халықаралық стандарттар мен ұлттық талаптарға сай жасалған. Студенттер OPITO және IWCF стандарттары бойынша білім алып, сертификат иесі бола алады. Бұл тек Қазақстанда емес, әлемде де мойындалатын құжаттар.

img 1445

Оқу өндірістік шеберханалар мен зертханаларға кіргенде, бір сәтке ғылыми орталыққа тап болғандай болдық. Fablab цифрлық прототиптеу зертханасынан бастап, дәнекерлеу цехына дейін бәрі де нақты өндіріс процесін айнытпай қайталайды.
EuroSkills жобасы аясында студенттердің жасаған жұмыстары таңғалдырмай қоймады. Біз олардың тек теория емес, практикада да өздерін көрсете алатынына көз жеткіздік.
Шетелдік әріптестіктер – колледждің тағы бір мықты тұсы. Испания, Швейцария, Қытай секілді елдермен жасалған меморандумдар білім алушылардың болашағына жол ашады.

Әсер қалдырған сәттер
Химиялық технология және өндіріс пәнінің арнайы пән оқытушысы Мейрамгүл Байғожиевамен сөйлесе келе даму стратегиясы туралы оқу орнының тек бүгінмен емес, ертеңмен де өмір сүріп жатқанын түсіндік. «Біздің мақсат – студенттің диплом алып шығуы емес, ол дипломмен еңбек нарығында табысқа жетуі» деген сөзі есімізде қалды.
Сондай-ақ, біз шетелде және елімізде табысты еңбек етіп жүрген түлектермен кездесіп, олардың шынайы тәжірибесін тыңдадық. Бұл – шабыт сыйлаған сәттердің бірі болды.
Colleдж ішіндегі медиаорталық – жастардың креативі мен ақпараттық сауаттылығын дамытуға арналған нағыз шағын медиастудия. Бұл жерде студенттер подкаст жазып, видео түсіріп, жаңалық дайындайды. «APEC Today» сияқты жобалардың артында тұрған жігерлі жастармен сөйлесіп, олардан көп нәрсе үйренуге болатынын байқадық.
Біз көрген APEC PetroTechnic бұл қарапайым колледж емес, жас маманның үлкен өмірге дайындығының старт алаңы деуге болады. Біз бұл жерден тек жаңа технологиялар мен өндірістік құралдарды ғана көріп қайтқан жоқпыз. Біз бұл жерден үміт, мақсат және құндылықтарды көріп қайттық.
«Болашақ – нақты білім мен нақты тәжірибеде» екенін өз көзімізбен көрдік. Егер Қазақстан техникалық салада серпін жасағысы келсе, осындай колледждер саны артуы керек деген ойға қалғанымызды жасырмаймыз.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button