Болашаққа – сеніммен!
Атырау қаласындағы №90 сайлау учаскесіне дауыс беруге келген сайлаушылардың бірі — «Нұр Белес» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алуа Сыралиева.
«Бүгін еліміз үшін айтулы күн. Бұл күні әрбір қазақстандық өз кандидатына дауыс беру арқылы өз Отанының гүлденуіне үлес қоса алады. Мен де өз таңдауымды жасауға келдім. Барша тұрғындарды азаматтық ұстанымын танытуға, сол арқылы жаңа, қуатты мемлекет құруға атсалысуға шақырамын.
Сайлауға отбасымызбен бірге белсенді қатысудамыз. Ұлым вахтада, жұмыс орнында дауыс береді. Қыздарым да қалыс қалған жоқ, өз таңдауларын жасады. Ендігі кезекте келінім де келмек» дейді Алуа Сыралиева.
«Нұр Белес» Үкіметтік емес ұйымы 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Негізгі қызметі – халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру. Сондай-ақ қайырымдылық жұмыстарын жүргізіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаларды жүзеге асырады.
Айта кетейік, №90 сайлау учаскесінде 2408 сайлаушы тіркелген. Сайлау учаскесінде сегіз байқаушы мен бір сенім білдірілген адам науқан барысын қадағалауда.
Алма ТҰРҒАНОВА