Жарнама
Жаңалықтар

Болашаққа бастар жол

Атырау қаласында  «Жарқыра» бағдарламасының қолдауымен «Bolashak» білім беру орталығында алғашқы STEAM-зертхана салтанатты түрде ашылды. Аймақ үшін маңызы зор бұл жаңа нысанның ашылу рәсіміне ата-аналар, ұстаздар, оқушылар, сондай-ақ білім беру саласының өкілдері қатысты.

Іс-шара шымылдығы зертхананың заманауи жабдықтарымен таныстырумен басталды. Қонақтар интерактивті панельдер, зертханалық жиынтықтар мен бағдарламалау құрылғыларын тамашалады. Шара барысында оқушылар өз қолдарымен құрастырған шағын роботтар мен ғылыми тәжірибелерді көрсетті. Алдияр атты бүлдіршін мұнай өнімдерінен газ өндіретін қондырғының прототипін жасады. Ол болашақта инженер болуды армандайтынын, жобасының қалай жұмыс істейтінін мақтанышпен бөлісті.

Жобаның бастамашысы — педагог, «Жарқыра» акселерациялық бағдарламасының финал жеңімпазы Әсел Оңдашова. Ол бірнеше жыл бұрын жеке репетиторлықтан бастаған кәсібін үлкен орталыққа айналдырып, бүгінгі таңда STEAM-зертхананы жүзеге асырып отыр. Оның айтуынша, бұл — балаларды теориямен қатар тәжірибе арқылы оқытуға, олардың сыни ойлау, командада жұмыс істеу және нақты жобалар жасау қабілетін дамытуға бағытталған кеңістік.

— Балалардың көздері қуаныштан жайнап тұрды. Олар сұрақтар қоюдан, тәжірибе жасаудан, өз идеяларын еркін қорғаудан қорықпайды. Осындай ортада өскен ұрпақтың болашағына сенім зор, — деді Әсел Оңдашова салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.

Ашылғанына бір ай ғана болса да, зертханаға Атырау қаласы мен жақын маңдағы ауылдардан 70-тен астам оқушы келіп үлгерген. Оның ішінде бұрын мұндай мүмкіндікке ие болмаған шалғайдағы елді мекендерден келген балалар да бар.

«Bolashak» орталығының STEAM-зертханасы — өңірдегі инженерия, логика және робототехника бағытында практикалық оқытуға арналған алғашқы алаңдардың бірі. Бұл жобаның жүзеге асуына «Жарқыра» бағдарламасы арқылы берілген 4,5 миллион теңге көлеміндегі пайызсыз қарыз және жан-жақты менторлық қолдау негіз болды.

— «Bolashak» сияқты жобалар — бұл әлеуметтік кәсіпкерліктің нағыз жарқын үлгісі. Балалардың ғана емес, бүкіл отбасылардың өміріне оң өзгеріс әкеледі, — деп атап өтті ашылу салтанатында сөз алған «Әлеуметтік бағдарламалар және инновациялар қорының» басшысы Ирина Горбаченко.

Іс-шара соңында орталық ұжымы алдағы жоспарларымен бөлісті. Олардың қатарында – STEAM-бағыттағы курстарды кеңейту, басқа өңірлерде филиалдар ашу және ауылдық мектептерге арналған онлайн платформа әзірлеу бар. Бұл шалғай елді мекендердегі балалардың да заманауи білім алуына мүмкіндік береді.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button