Жарнама
Жаңалықтар

Болашақ журналистер «Атырау-Ақпарат» директорымен кездесті

Талғампаз оқырман қауымды рухани нәр беретін құнарлы ақпаратпен қамту өзекті мәселеге айналып отырған күрделі кезеңде журналистика саласын жетілдірудің де күн тәртібінен түспейтіні белгілі. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі арасында тұрақты әріптестік байланыс орнаған.

Екіжақты жоспарлы жұмыс бағдарламасына сәйкес, журналистика бөлімінің соңғы курс студенттері медиахолдинг директоры Ж.Біркеновпен кездесіп, өздері таңдаған мамандықтың қыр-сыры туралы ашық пікір алмасты. Олардың арасында қазірдің өзінде оқудан қол үзбей жүріп, мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып алғандары да бар. Әрине, бұл – құптарлық та, қуанарлық жәйт

Ашық форматта өткен кездесу жиынында мамандық таңдауға байланысты медиахолдинг басшысы тарапынан нақты сұрақтар қойылды. Бұл күнде өзінің қалам қарымын танытып үлгерген Н.Эльбрусова өзінің журналист мамандығын таңдауына ата-аналары онша қолдау көрсетпесе де, теледидар деген сиқырлы әлем бірден жанын баурап алғандығын, заманауи ақпараттық технологиялармен жұмыс істеу қиын да, қызықты екендігін бүкпесіз баяндады.

Тағы бір болашағынан зор үміт күттіретін студенттердің бірі А.Ұзақбаева әлеуметтік желідегі бас айналдыратын тасқынды ақпараттар ағыны туралы айта келіп, жүйелі түрде жеке парақшасын жүргізіп отыратындығын, оның да кәсіби шыңдалуға көп көмегі тиетінін тілге тиек етті. Жалпы, кездесуге қатысушы студенттер негізгі ақпаратты инстаграм, телеграм, тик-токтан алатындарын жасырмады. Түрлі каналдарға ақпарат орналастырудағы шығармашылық ізденіс, назар аударатындай тақырып қою туралы ұсыныстарын ортаға салды.

– Өзім де тележурналиспін, — деді болашақ әріптестеріне жағалай көз жүгірткен медиахолдингтің бас директоры Жасын Ерсінұлы. – Соңғы жылдары журналистика мамандарын даярлауда түрлі қиындықтармен бетпе-бет келіп отырмыз. Бұл тек Атырау журналистикасына қатысты емес. Астана, Алматы қалаларында жоғары білім алған журналистердің сапасы туралы да осындай сүреңсіздеу деректер алдан шығады. Бәлкім, бұл тапсырыс пен сұранысты ескермей, республика бойынша сан қуалап, топырлатып маман даярлаудан кеткен қателік те болуы мүмкін. Енді оның бәріне уақыт төреші…

Бас директор болашақ журналистерге нақты бес тапсырма дайындап, тарататынынан да хабардар етті. Сол бойынша шығармашылық бағын сынап, үздік деп танылғандарын арнайы комиссия шешімімен қызметке алуға жұмыстанатынын қадап айтты. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» дегендей, көңілдерінің түкпірінде үміт оты маздаған студенттер қауымы да жақсы сөзді жарты ырысқа балап, бір желпініп қалды. Сонымен алда – шығармашылық іріктеу.

Санаулы күндерден кейін қолдарына дипломдарын алғалы отырған әріптестер тағдырына бейжай қарамай, осындай тағылымды шара ұйымдастырғаны үшін «Атырау-Ақпарат» ЖШС басшылығына университет ректоры атынан алғысын білдірген журналистика кафедрасының меңгерушісі Мәншүк Мұқашева алға қарай да жұмыс берушілермен байланыс үзілмейтінін жеткізді.

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button