БОЛАШАҚҚА БАҒДАР – МЕКТЕПТЕН!..
Басқосу барысында институт ректоры Әли Әбішев оқу орнының білім беру саласындағы қол жеткізген табыстары мен алдағы мүмкіндіктері, жаңа құрылымдық өзгерістері туралы айтып өтті.
— Бұл институттың ашылу тарихы 1949 жылдан басталады. Қаныш Сәтбаев Атырауда мұнай-газ саласында ғылыми-зерттеу институты болсын деп осы оқу орнының құрылуына зор еңбек сіңірді. Қазіргі таңда бұл институт үдемелі индустриалды даму бағдарламасына еніп отыр. Бұл бағдарламаға ену үшін еліміздің бірқатар жоғары оқу орындары ұмтылған еді. Алайда, бұл бақыт осы институтқа бұйырды. Әрбір жоғары оқу орны, ең алдымен, мәдени орталық болуы керек. Сондықтан, жастарға арнап 120 клуб дайындауды қолға алудамыз. Бүгінгі күні екі орталық аштық, олар – мәдени және көшбасшылар клубы. Сонымен қатар, технологиялық мұражай, этномәдени орталық, гольф, волейбол, баскетбол алаңдарын ашу жоспарда бар. Осы жерден де сапалы білім алуға болады. Бұл – ата-ана қалтасына да едәуір жеңілдік, — деді институт ректоры.
Ал, институттың бірінші проректоры Гүлжан Оразова білікті, білімді, үш тілді меңгерген болашақ мұнай-газ саласы мамандарын дайындау бағытында қолға алынып жатқан жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар, институтқа әлеуетті талапкерлерді тарту, мамандық таңдау мен білім сынақтары туралы өзекті мәселелер қызу талқыланды.
«Дөңгелек үстелге» қатысқан облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Шәкіржан Мырзағалиев қолға алынған бастамаларға оң бағасын берді.
Ал, Атырау қалалық білім беру бөлімінің басшысы Нұрсәуле Сайлауова институт басшылығына дуальдық білім беру жүйесін енгізу жөнінде ұсыныс тастады.
Сонымен қатар, аудандардың білім бөлімдерінің басшылары да институтпен бірігіп жұмыс жасауға дайын екендіктерін білдірді.
А.СОЦИАЛҚЫЗЫ.