Болашақ – «жасыл» экономикада
Еуропа Одағының өзін есеңгіреткен әлемдік қаржы дағдарысы жаһандық экономиканы тығырыққа тіреп қойды. Одан шығудың жолын әр мемлекет өзінше іздеп әлек. Қарыз алып жатқан елдер де бар. Бірақ, олардың да күні ертең Грекия сияқты дефолттың аз-ақ алдында қалуы ғажап емес. Ал, кейбір елдер «ақылды» экономиканы іске қосып жатыр. Сонымен, әңгіме «ақылды» экономика туралы.
Оңтүстік Корея мен АҚШ бастамасы
Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Қытай. Бұл тізімді қазір Ресеймен де жалғастыруға болады. «Жасыл» экономикадан жолы болған әлемдік лидерлердің көш басында бүгінде Оңтүстік Корея тұр. Сонау 2010 жылдың өзінде Оңтүстік Корея ішкі жалпы өнімнің 3%-ын, яғни, 60 миллиард доллар көлеміндегі қаражатты экономиканың «жасыл» секторын дамытуға жұмсап отырған. Болашаққа инвестиция салудан ақша аямаған Оңтүстік Корея осылайша, 2010 жылы, экономиканың ерекше секторында 1,8 миллион жұмыс орнын ашты.
«Жасыл» дамуды ұлттық стратегияның негізгі тұжырымдамасына айналдырып жіберген Оңтүстік Кореяда қазір өнеркәсіп, энергетика саласымен қатар, «жасыл» транспорт, тұщы судың балама көздері, қалдықтарды қайта өңдеу, саябақтарды дамыту, қала маңайларын жасанды су тоғандарымен көркейту бағытында нақты нәтижелер бар.
Баламалы қуат көздерін дамытуға әлдеқашан ден қойған елдердің қатарында АҚШ аталып жүр. Американың стратегиялық даму жоспарында, халық тұтынатын энергия көлемін ұдайы арттырып отыру көзделген. Мәселен, АҚШ 2030 жылға қарай баламалы энергия көлемін күн құрылғыларының көмегімен 65%-ға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Экологиялық тұрғыда таза технологияларды дамыту мақсатында салынатын инвестицияда да шек болмайтынға ұқсайды. Алдағы он жылда АҚШ «жасыл экономика» үшін 5 миллионға дейін жұмыс орнын ашуды көздеуде.
Қазіргі жаһандық үрдіс
«Жасыл» технологияларды негізгі даму стратегиясына айналдырған елдердің арасында Ұлыбритания да бар. Қытай болса, мәңгілік тақырыпқа айналатынға ұқсайды. Бұл ел бүгінде 2020 жылға қарай электр энергиясының 15%-ын баламалы қуат көздерінен өндіруді, көміртегінің экономикаға әсерін 45%-ға дейін азайтуды жоспарлап отыр. Альтернативті энергия көздерінен «айдаһар ел» күні бүгінде 9%-ға дейін қуат өндіруде. Экологиялық тұрғыда лас деп танылған екі мыңға жуық компанияны әп сәтте жауып тастаған да Қытай елі болатын.
Қытай мемлекеті қазір күн көзінен энергия алуда да көш бастап келеді. Статистикалық деректер күн батареяларын экспорттау бойынша бұл елдің әлемдік экономика секторындағы үлесі 40%-ды, жел құрыл-ғыларын экспорттауда жаһандық аренада 20% үлесті иеленіп отырғандығын айтады.
Қытай қолға алған тың бағыттың бірі – нанотехнология саласы. Болашақтың кілті «жасыл» экономикада екендігін әлдеқайда ертерек ұғынған Қытай осылайша, жаһандық алыптардың қатарында тұр.
Былайғы уақытта аса ауызға түсе бермейтін Бразилияның өзі ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарлылығын арттыратын жаңа технологияларды іске қосу арқылы әлемді таңдандырып үлгерді.
Тәжірибе нәтиже бере ме?
Қазақстанның «жасыл» экономикаға жете мән бере бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ. «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдаманы еліміз 2013 жылы ресми түрде бекітті. Ондағы негізгі міндет – су, жер, биологиялық және басқа да ресурстарды басқару тиімділігін арттыру, қолда бар инфрақұрылымды жаңғырту, қоршаған ортаға қысымды азайту, су қауіпсіздігіне қол жеткізу.
Техника ғылымдарының докторы, профессор Бекет Кенжеғұлов Қазақстанның жағдайында жеті басымдыққа назар аударған тиімді деп есептейді. «Ең алдымен, еліміз жаңартылған энергия көздерін енгізуге, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында энергия тиімділігіне жол ашуға, агросекторда органикалық егін шаруашылығын дамытуға назар аударуы керек. Қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, су қорларын кеңейту, экожүйе-лерді сақтау, «таза» көлікті дамыту мәселелері де негізгі бағыт болып қала беруі қажет» дейді ғалым.
Жөн сөз. Бірақ, Қазақстанның әлеуеті «жасыл» экономикаға бүгін-ертең көшіп кетуге мүмкіндік бере ме? Осы сұраққа келгенде ғылыми орта да, өндіріс орындары да жауап беруден қашқақтайды. Неге? Себебі, «жасыл» экономикаға бастайтын отандық қадамдар мыңнан біреу. Немесе көп жағдайда өндіріс пен білім тым алшақта өмір сүріп жатыр. Соның салдарынан күн батареяларынан бастау алатын азды-көпті отандық жобалар эскиз, сынама күйінде қалып қоюда. Демек, елімізге Астана қаласында өтетін халық-аралық ЕХРО көрмесін тиімді пайдалануға тура келеді. «Қазақстанда күнмен бірге, желден алынатын энергия көлемін өндіретіндей үлкен қуат бар. Тек, осыны ғылыми орта тиімді пайдаланып, жаңа жобалар іске қосылуы керек» дейді ғалым Бекет Кенжеғұлов.
Бейбіт атомның тиімділігі неде?
Өкінішке қарай, Қазақстан табиғи ресурстарын толық мүмкіндігімен пайдаланып отырған елдердің қатарынан емес. Әйгілі Менделеев кестесіндегі элементтердің түгелге жуығы еліміздің жер асты қорларынан табылғанына қарамастан, ғылыми мүмкіндіктері-міздің әлі де болса көңілдегідей дамымауы көп нәрсеге қолбайлау болып келеді. Демек, «әлемнің таяудағы даму келешегінде арзан атом энергиясына деген қажеттілік өсе түсетін болады. Қазақстан – уран өндіруде әлемдік көшбасшы. Біз енді АЭС отыны үшін төл өндірісімізді дамытып, атом стансасын салуға тиіспіз» деген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі өзекті күйінде қала береді.
Ядролық энергетика деген уақытта атышулы Чернобыль апаты мен Фукусимадағы (Жапония) жарылыстың ең алдымен ойға оралуы қалыпты риторикаға айналып үлгерді. Дүниені дүр сілкіндірген әрі өндірістік, әрі экологиялық ірі апаттар «Адамзат үшін атом энергиясы қажет пе? Оның қандай пайдасы бар?» деген мәселелерді күн тәртібіне шығарды. Атом тақырыбындағы пікірталастар біздің елімізде де қызу жүріп жатыр. «Біз әлемнің кейбір дамыған елдерінде электр қуатын өндіруде атом энергетикасы үлесінің 50 пайыздан асып отырғандығына назар аударуымыз керек. Мәселен, дүние жүзінде өндірілетін электр қуатының 17 пайызы АЭС-тардың үлесінде. Бір ғана АҚШ-та 104 ядролық реактор жұмыс істеп тұр. Ендеше, бейбіт атомның пайдасынан бас тартқанымыз жарамайды» дейді техника ғылымдарының докторы Бекет Кенжеғұлов.
Статистикалық деректерге сүйенсек, АЭС қуатын пайдаланып отырған мемлекеттер аз емес екен. Ғалымдар экологиялық жағынан таза, экономикалық тұрғыда тиімді атом энергетикасынан дамыған мемлекеттердің түпкілікті бас тарта алмайтындығын алға тартады. Бұл салада АҚШ, Франция, Жапония сияқты мемлекеттер көш басында келе жатса, алға қарай Қытай, Үндістан, Түркия, Болгария елдері өздерінің атом энергетикасын дамытып, АЭС-тар салу жөнінде кешенді жоспарлар жасауда. Аталмыш елдердің қатарына біздің Қазақстан да еніп отыр. Демек, бізге уранның мол қорының үстінде отырып оны экспорттай бергеннен гөрі, өз қажетімізге жарата білу тиімді бола түспек.
P.S.
Басты ақиқат – мынау. Әлемдік геосаясат картасында «жасыл» экономика, бейбіт атом энергетикасы тақырыбы өзекті бола береді. Ең бастысы, біздің алдымызда, осы салаларды үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының негізгі басымдығына айналдырып, ұлттық кадрларды даярлап шығару және ғылымды дамыту міндеті тұр.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА