Болашақ кілті – білікті жастарда
Бұл мақаланың әр сөзі мен әр жолын терең түсіну мақсатында бірнеше мәрте оқып шықтым. Бұл жолы да Президент өз көрегенділігін таныта білді. Терең мағыналы сөздермен көңілдерге дем беріп, өзекті мәселелерді шешудің нақты жолдарын көрсеткен. Маңыздысы да сол.
Аталмыш мақаланың алғашқы жолдарынан-ақ анық сезілетін бір леп: бағдарламалық құжаттың өн бойынан жаңа бастамаларға жетелейтін тың қуат байқалады. Әр жылдары жарияланған Жолдауларында да қол жетпес арман, жүзеге аспайтындай болып көрінген соны идеяларға бастайтын есікті біздер үшін айқара ашып келеді. Шыны сол. Бұл күнде электронды кезек, сандық қолтаңба, банкомат, электронды құжат айналымы секілді өмірімізді жеңілдетіп отырған жаңашылдықтарға етіміз үйреніп кеткен.
Осы уақытқа дейін жария болған Жолдаулар мен олардың заңды жалғасындай болып жарық көрген аталмыш мақала – еліміздің сатылық даму деңгейінің көрсеткішіндей. Елбасы өзі атап көрсеткеніндей, «Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек. Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның формасы мен мазмұны түбегейлі өзгерді. Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді. Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз». Сондықтан, біз бәсекеге қабілетті, жауапкершілігі мол біртұтас ұлт болуымыз қажет.
Туған жер дегеніміз не? Ол – оның кең байтақ даласы, табиғи байлығы ғана емес, сол жердің тілі, салты мен дәстүріне құрметпен қарайтын, бірегей мақсат аясына тоғысқан тұрғындары да. Сол себептен де, бұл мақаланы жастар өздеріне арналған бағдарлама деп білгендері жөн. Өйткені, келешек тізгінін ұстайтындар да, елді жаңа белестерге бастайтындар да – солар. Ал, ол үшін өз Отаныңды, туған жеріңді сүю керек. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында аталған «Туған жер» бағдарламасы нақ осы мақсатты көздейді, яғни, жас буын өз өңірінің тарихи орындарын, қасиетті мекендерін жіті білуі қажет.
Бұл орайда жастардың игі бастамалары мен қоғамдық маңызды жобаларын қолдайтын меценаттар да көп болса екен дейміз. Балабақша қабырғасынан-ақ балалардың санасына қоршаған ортаны, өз үйін, өз ауласын құрметтеуді, өзгенің еңбегін бағалауды, ата-анасымен бірлесе отырғызған ағашын аялауды сіңіре білу керек. Бұл орайда «Жасыл ел» жасақтары құрамындағы жастарымыздың жасыл желектерді қорғап қана қоймай, тұрғын үйлердің кіреберістерін де тәртіпке келтіруге атсалысып жүргенін айта кеткен артық болмас.
Наталья Оразғалиева,
ардагер журналист.