Боямасыз БҮГІН
Atr.kz/9 қазан, 2020 жыл. Садақа беру – әркімнің ө з шешімі. Базар, мешіт жағалаған, арбаға таңылған, балдаққа сүйенген жарымжандарға жолығысқандар бәрін болмаса да, барын береді. Қоғамнан қайырым күтіп, қол жаюға мәжбүр болғандар арасында жас та, жасамыс та, қазақ та, өзге ұлт та бар. Десек те, пандемия салдарынан өзге елден келушілер азайғаны рас.
Қайыршы мен қайырым
Қазір әлеуметтік желіде ақша жинау, қаржылық қолдау білдіру – құпталатын, кең қолданылатын бастамалардың бірі. Таныстардан өзге, танымал адамдардың парақшасы арқылы да көмек сұраған жанға қол ұшын созуға талпынып жүргендер қатары мол. Бірлесіп, баспаналы болу бақытын сыйлау, дімкәс жанға қаржымен көмектесу, азық-түлік, керек-жарақпен қамтудың кейінгі кезде көбейе түскені көңіл қуантады.
Амал не, алаяқтар да аз емес. «Бауыр еті балам айықпас дертке шалдықты» деп, бірнеше беттен тұратын дәрігерлік анықтама мен есеп-шотын көрсеткен жазбалардың бірі жалған болып, әлеуметтік желіде біраз шу болғаны бар. 4 жасар бүлдіршіннің ауыратыны да, құжаттары да рас. Израильге баруға анасының қаржылай қолдау сұрағаны да шын. Алайда, олар Гүржістанда тұрады. Оның атын жамылған ресейлік алаяқтар өз есеп-шоттарын көрсетіп, бірнеше миллион қаржы жинаған. Талай танымал адамдардың жазбасы арқылы талай миллионды қақшып кеткендер ісі сотқа жолданды. Ал, «садақа бердім» деген адал ниеттілер алданғандарын білгенде сан соғып қалды.
– Мен бірнеше жылдан бері қала маңындағы ауылдардың бірінде тұратын үш балалы, жалғызбасты анаға қолымнан келгенше көмектесіп тұрдым. Әуелі еріктілерден сұрап, мекен-жайына тамақ апарып бердім. Кейін балалары кішкентай, қолдауға шын мұқтаж екенін көрген соң, киім- кешек, өзге де қажеттіліктерін жеткізіп беруден тартынған жоқпын. Тіпті, үйіндегі балалары мені әбден танып, ағайындай хал сұрасатын дәрежеге жеттік. Ақыры, әлгі әйел «маған анау керек, мынау керек емес» деп міндетситінді шығарды. «Балалары мектеп жасына жетті, енді басқа отбасына көмектессем» деген ойым бұрыннан да бар еді. Міндетсу көбейген соң ол үйге бармайтын болдым. Қазір қала ішінде тұратын, отағасынан кішкентай екі бөбегімен қалған жас анаға қолдау білдіруді отбасыммен ақылдасып отырып шештік, — дейді жас кәсіпкер. Аты-жөнін атамауды өтінген азаматты жеке танығандықтан, сөзіне де шүбә келтірген жоқпын.
Вирус кең таралып, Атырау жұрты эпидемиологиялық толқынның ең ауыр соққысын қабылдауға мәжбүр болған тұста еріктілер уақытпен санаспастан еселі еңбек етті. Кез келген көмек түрін көрсетуге әзір тұратын қайырымды жандардан құралған топ талай отбасына үміт пен қуаныш сыйлағаны жасырын емес. Неге екенін қайдам, бұл тақырып еске түссе, әркез қайырымды істердің басы- қасынан табылып жүрген Атырау еріктілер корпусының жетекшісі Әмина Жәрдемқызының:
– Те г і н д ә р і т а р ат ы п ж ат қ а н шақта, кейбір төзімсіз жандардың күн-түн демей телефоныма хабарласып, «дәріні тез әкеліп беріңдер» деп т а лап етуі, қайырым қолын созған сәтте кәдімгідей міндет артуы қынжылтады, — деген сөзі ойыма орала берді.
Әттең, риясыз қолғабысты міндет деп қабылдайтындар көбейіп кетпесе екен. Сол мазалайды. Қалай дегенде де, өзінің сорлы күйі үшін өзгені міндетті санайтындар азайғанын тілейміз. Аурулы жандар үшін ақша жинайтындарға мемлекет тарапынан бөлінетін квота көбейсе, мәселенің бір түйіні тарқар ма еді, бәлкім.
Бүгінгі тәрбие
– Аузыңды ашып, неғып тұрсың? Қайдан шықтың ынжық болып, қазір жалмауыз болмасаң, сені жеп қояды. Бар да, қолындағысын тартып ал, сенікі ме – берме ешкімге! Сенікін бүлдірді ме, сен де оның затын бүлдір…
Қаршадай баласын жұлмалай киіндірген анасы ойын алаңынан шығып бара жатты.
Осынау көрініс ойымнан шығар емес. Біз «өзгенің мүлкіне тиіспе, қолыңдағымен бөліс» деген ұстаныммен өскен ұрпақ едік. Кейінгі буын қандай болып барады? Рас, қазіргі заман бұрынғыдан өзгерек. Десек те…
х х х
Автобусқа мінген егде апайды нұсқаған кондуктор алдыңғы орындықтағы оқушыға «балам, орын бересің бе?» дегені үшін жазықты болып қалды. Әлгі баланың жанында анасы тұр екен, «мен бір адамның ақшасын төледім, балам ешкімге орын бермейді» деп шаңқ ете қалды. Қарияның қадірін 180 теңгеге айырбастаған дәуірге тап келдік-ау!..
Артқы орындықтағы жігіт ағасы иығынан қақты: «Замандас, отырыңыз!..» Автобус тым-тырыс.
х х х
Шағын маркеттегі кезек көп еді. Сатушының теріс қарап тұрғанын п а й д а л а н ғ а н а н а с ы б а л а с ы н ы ң қалтасына үлкен шоколадты сүңгітіп жіберді.
– М е н і ң з а т т а р ы м д ы е с е п тей қойыңыз, қанша болды? — деді жайбарақат саудасын жалғастырып.
– Апа, қалтасындағы шоколадты қосуды ұмыттыңыз, — деді бәрін көріп тұрған кезектегі бала. Әлгі әйелдің оны атарға оғы жоқтығын сезіп тұрмын. Ұялған тек тұрмастың кебімен:
– Балалардың әдеті осы. Менің алып бермесімді біліп, байқатпай қалтасына салып алған ғой, — деді. Ақшасын төлеп, баласын желкелеген күйі шығып кетті.
Сатушы тауарының тегін кетпегеніне мәз.
Мен ұятсыз ананың баласын аядым!..
х х х
Қонақтықта отырмыз.
– Өткенде баламның мәшинесін біреу соғып кетіпті. Көкесіне айтып, іздеттіріп еді, қашып кеткен көлік иесі жас бала екен. Біздің бала да ұрыншақ қой, ана жолы бұл да біреудің машинасын соғып қашып кеткен. Өзіне соғылған бала жуас біреу болғаны мұндай жақсы болар ма, мәшинесін түгел жаңалатып жасатып алды…
Төрдегі алтынға малынған апаның әңгімесін қоштаған қасындағылар әлгіге қарқылдай күлісті. Сүйеніш-тірегі жоқ бейшараның қарызданып-қауғаланып, бір әумесердің темір тұлпарын жөндеп бергеніне ешкімнің де жаны ауырмады.
х х х
«Жалмауыз деген өте ауыр сөз» деуші еді бұрынғылар. Тіпті, ертегідегі жалмауыз кемпірден қорқып, ұйықтап қалатын бала едік біз. Бүгінгінің адамдары өз баласын «жалмауыз бол, заман солай» деп тәрбиелеп жатыр. Күннің шығар тұсы мен батар тұсы өзгермеген секілді. Адамға не болған…
Бүгінгі маркетинг
Әдеттегідей үйдегі түскі асты ішуге жұмыстан мұрға болмай, жақын тұрған асханаға аяқ бастық. Шағын бөлме бір- бірімізді жіті танитын жандарға толы екен. Сол у-шудың арасынан жеті-сегіз жасар баланы байқадым. Кәдімгі ойын баласы. Үстіндегі киімі бұл жерге қонақ болып келмегенін аңғартқандай. Алдында шырын құйылған тостаған. Айналасындағы адамдарға қарап-қарап қояды. «Қасында ата-анасы жоқ, өзінің үстінде «үйге киетін» киім, мына бала неғып жүр екен?» деп ойласам да, қасымдағылардың қызу әңгімесіне алаңдап баланы ұмытып та кеттім.
Сыртқа шықсам, әлгі бала алдымнан атып шықты.
– Сәлем бердік, апа!
Жа ң а ғ ы б а л а , е с к і т а н ы с ы м д а й і ш і — б ау ы р ы ма к і р е а ма н д а сып тұр.
«Жаңа іште жалғыз өзі отырды. Сыртқа шыққандағы қылығы мынау. Телефонымды ұрламақшы ма? Әлде ақша сұрайын деп тұр м а?..»
Ой жүйрік деген осы-ау, тіпті, с ә л е м і н д е а л м ап п ы н . С ат ы д а н менімен бірге, қат арласып түс е бастады.
– Бірдеңе сұрайын ба?
«Бітті, ақша сұрайды. Әмиянымды ашқанда қолына ұстата қояр ақшам бар ма еді?» Тағы да ішкі ойым. Жалма-жан қолымдағы әмияныма іштей есеп-қисап жүргізіп жатырмын.
– А п а , қ ол ы ң ы зд а ғ ы с о кт ы ң қақпағын бересіз бе?
Бетіне қарап, аңтарылып тұрып қалдым.
– Оны не істейсің?..
– Сіз қарамай, тек ашып бере салыңызшы.
Ашып қарасам, «тағы бір тегін сусын ала аласыз» деген жазуы бар екен.
– Бар болғыр, манадан бері осыны қарап отырсың ба сонда?..
– Иә. Сізден кейін тағы бір аға алды. Енді соны күтемін, ол әлі шықпай жатыр.
– Мен тіпті білмеппін. Тегін сокты енді қайдан а лады?
– Жо-жоқ, апа, ол қашықта. Сіз таба алмайсыз…
Шамасы, қолымдағы қақпақты бермей қалады деп қорықса керек, қолын созды.
– Ала ғой. Бірақ, екеуін қалай ішесің, күн де с алқын…
– Жоқ, біреуін ішемін. Екіншісін сатамын.
– ???
Баланың пысықтығына таңданып тұрсам да, дәл мұндай жауап мүлдем о й ы м а к і р г е н ж о қ . О л с ө й л е п ж ат ы р . . .
– Кейде екеу, кейде үш-төртеуін аламын. Сосын айырбастаймын да, қасымдағы балаларға сатамын. Өзіме ақша болады, әрі клиент іздеу үшін асханаға кіргенде стакандағы сок сатып алатын тиын да болады. Мынау жақсы әдіс болды. Әйтпесе, қоқыстан бөтелке іздеп кететінбіз…
«Әп-сәтте үрпек бас балаға аңқау к л и е н т б ол ы п ш ы ғ а ке л ге н і м д і қарашы!..» Осы оймен қоштасып жатырмын:
– Жақсы, сау бол!
– Рахмет! Апа… келесі жолы тағы да сок алсаңыз, қақпағын маған беріңізші, иә?..
Қиыла сұрады…
– Атың кім, айтпақшы?
– Райымбек…
Міне, маркетингтік жүйені өмірдің өзінен-ақ үйренген бүгінгінің баласы. Ал, біз…
Жоғары оқу орнында «Қолданбалы экономика» деген арнайы пән оқығанымыз есіме түсе кетті.
Қолымдағы бөтелкені айналдыра қарап отырмын. «Есіме сақтап алайын» деген түрім. Әй, бірақ, қайдам, менен жақсы маркетолог шықпайды-ау!.. Ұмытып кетіп, сәлден кейін лақтыра салатыным анық. Райымбек сияқты баланың тауып алуы да мүмкін екен ғой, ә!
Гүлжан ӘМІРОВА