
Бөденеде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды
Атырау облысы Индер ауданына қарасты Бөдене ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынды. Қазір жер телімі нақтыланып, алғашқы қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгінде құрылысқа қажет рұқсат алу жұмыстары атқарылуда. Құжаттар толық рәсімделгеннен кейін нысанды 8 ай ішінде аяқтау жоспарланған.
–Бөдене ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені – ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік. Бұл тек спортпен шұғылданатын орын емес, денсаулықты нығайтатын, бос уақытты тиімді өткізетін орталыққа айналады. Мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамыту – басты басымдықтардың бірі, – деді Индер ауданының құрылыс бөлімінің бас маманы Манас Ибраев.
Жобаны іске асырушы мердігер мекеме — “АРСМ” ЖШС. Техникалық қадағалаушы — “Building Control” ЖШС, ал авторлық қадағалауды “МастИнжПроект” ЖШС жүргізеді.
Екі қабатты кешеннің жалпы аумағы — 1739 шаршы метр. Спорттық нысанда футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, бокс және күрес залдары, ерлер мен әйелдерге арналған киім ауыстыру бөлмелері, жаттықтырушылар бөлмесі, персонал кабинеттері және жабдық сақтайтын бөлме қарастырылған. Кешен бір мезгілде 150 адамға қызмет көрсетуге лайықталған.